Жаңалықтар

Төленген төлемдер мен көрсетілген көмектер

Брифинг

Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында

облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Өтеген Үркімбаев пандемия кезеңінде көрсетілген әлеуметтік көмектер туралы айтып, тұрғындар сұрағына тікелей желіде жауап берді.

Алдымен сөз алған Бұлбұл Елеусінова төтенше жағдай кезінде атқарылған жұмыстар мен төленген төлемдер туралы айтты.

— Халық — мемлекеттің ең негізгі құндылығы. Сондықтан олардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында тек пандемия кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де мемлекеттік мекемелер тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл елдегі жағдайға байланысты облыста тұратын қоғамның барлық әлжуаз топтарына мемлекет тарапынан бірқатар іс-шаралар қолға алынып, көмек көрсетілді. Жыл басынан бастап атаулы көмекті тағайындау бойынша да заңға өзгерістер енгізілгенін айта кеткен жөн. Бұндағы ең маңыздысы — отбасындағы жұмысқа қабілетті тұлғалардың барлығын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту. Төтенше жағдай кезінде осы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 6 мен 18 жас аралығындағы балаларына мемлекет тарапынан бес жарым ай бойы 5647 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Жалпы облыс бойынша 8300 балаға 47 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек аударылды. Республикалық бюджеттен бөлінген 948 миллион теңге көлеміндегі қаражат 7 санат бойынша 5 ай бойы 5567 мың теңгеден 46,5 мың адамға берілсе, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстық бюджеттен 774 миллион теңгеге қаражат бөлініп, 38 мың ақтөбелік 8 санат бойынша 20 мың теңгеден алды. Төтенше жағдай кезінде көрсетілген бір көмек түрі Nur Otan партиясы тарапынан болды.  «Біз біргеміз» қоры арқылы 5 транш 10 санат бойынша төленді. 1 миллиард 700 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, 34 мыңнан астам ақтөбелікке 50 мың теңгеден берілді, — деді басқарма басшысы.

Елде төтенше жағдай жарияланған тұста 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді 200 мыңнан астам ақтөбелік алыпты, ал 2 мыңға жуық адамның құжаты кейін қайтарылған.

— Төтенше жағдай кезінде 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап кірісінен айырылған азаматтарға 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалған болатын. Ақтөбе облысы бойынша бұл төлемнің жалпы сомасы 24,4 миллиард теңгені құрап, барлығы 200 мыңнан астам адамға төленді. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде індет жұқтырған медицина қызметкерлеріне 2 миллион теңгеден, ал індет жұқтырып қайтыс болған денсаулық сақтау саласы мамандарының отбасыларына 10 миллион теңгеден бір реттік әлеуметтік төлем төлеу қарастырылған еді. Осы ретте вирус жұқтырған 378 медицина қызметкеріне және 9 қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасына төлемдер толық төленді, — деді Өтеген Үркімбаев.

Эфир барысында көрермендер тарапынан аталған әлеуметтік төлемдер қайта төлене ме деген сауалдар болды. Оған басқарма басшысы:

— Бұл көрсетілген көмектер елдегі төтенше жағдайға байланысты енгізілген болатын. Әзірге бұл төлемдер тоқтатылып тұр. Егер жағдай қиындап кетіп жатса, жергілікті билік тарапынан нақты шешімдер қабылданатын болады, — деп жауап берді.  

Брифинг барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы облыс аумағында тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан істер мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы да мәлімет берді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button