Жаңалықтар

Хромтауда өрт шығып, 9 адам ауруханаға түсті

Оқиға

Жексенбі күні Хромтау қаласында үй өртеніп, 9 адам ауруханаға түсті. Сол күні таңертең облыстық төтенше жағдай департаментінің кезекші-диспетчерлік қызметіне Хромтау қаласында бір қабатты үйде өрт шыққаны, соның салдарынан газ баллон жарылғаны туралы хабарлама түсті.

Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауынша, Хромтау аудандық өрт сөндіру бөлімінің 10 адамы және 2 техникасы оқиға орнына дереу жетті. Өрт жалпы ауданы 90 шаршы метрді шарпыған. Жарылыс салдарынан үйдің қабырғасы сөгіліп, құлаған.

Министрлік хабарламасында өрттің бір сағатқа жуық уақытта толық сөндірілгені, оқиға кезінде 9 адамның зардап шеккені туралы айтылған. 9 адамның 3-еуі — балалар.

«Балалар 6 және 7 жаста, кішкентайы жаңа туған нәресте. Қазір зардап шеккендер Хромтау орталық ауруханасына дәрігерлерінің бақылауына алынды»,  — деп жазылған хабарламада.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Рүстем Исаевтың айтуынша, қазір үш адам жан сақтау бөлімінде жатыр.

  • Жексенбі күні сағат 11.00-де аудандық ауруханаға тоғыз адам жеткізілді. 4 адам қаралып, үйіне жіберілді, бесеуі стационарға жатқызылды. Екі әйел адам хирургия бөлімшесінде жатыр, жағдайлары тұрақты, үш адам жан сақтау бөлімінде, олардың арасында 10 жастағы бала бар. Баланың аяқ-қолы, денесі 30 пайызға күйген. Ең көп зардап шеккен 1963 жылғы азамат, оның денесінің 80 пайызын күйік шалған. Хабар түскен бойда біз санавиациямен облыс орталығынан 4 маман — ересектер мен балалар дәрігерлері — екі комбустиолог пен екі реаниматолог жібердік. Қазір науқастар ем алып жатыр. Науқастардың жағдайлары тұрақты болса, облыстық жедел жәрдем ауруханасына аударамыз, — дейді басқарма басшысы.

Облыстық төтенше жағдай департаменті өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары Н.Талдыбаевтың айтуынша, қазір өрт себептерін анықтау, материалдық шығынды есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Үй жартылай қираған, төбесі құлаған. Газ баллонын сырттан, суықтан жылы жерге кіргізген кезде қысым төмендейді де, газ жарылуы мүмкін. Бұл әзірге болжам. Барлығы да анықталатын болады», — дейді ол.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button