Басты жаңалықтар

Азаматтық қоғам қалыптастыру — басым бағыттардың бірі

«Қоғам және мемлекет: серіктестік пен дамудың 30 жылы  «Birgemiz» атты ІХ Азаматтық форум аясында өңірлік конференция онлайн форматта өтті.  

Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органның және аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері, аудандардан өкілдер қатысты.  

Әлеуметтік жоба және үкіметтік емес ұйымдар

Конференцияның  мақсаты — өңірдегі азаматтық қоғам институттарын дамыту, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жұмылдыру, олардың міндеті  туралы тұрғындарды  ақпараттандыру, қоғамдық ұйымдардың оң имиджін қалыптастыру әрі әлеуметтік қызметтерді көрсететін осындай ұйымдардың мәртебесін көтеру.

— Форум аясында өңірлік конференцияны өткізудегі мақсатымыз — азаматтық қоғам институттарын жетілдіру жолдарын талқылап, болашақ міндеттерді айқындау. Бұл басқосу үкіметтік емес ұйымдар секторымен өзара бірлескен жұмысты әрмен қарай жандандыруға үлес қосады деген сенімдемін. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттердің бірі — «халық үніне құлақ асатын мемлекетті» әрі қарай нығайту. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату үшін азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін арттыру қажет. Сондай-ақ аса маңызды және өзекті міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғам институттары мүшелерін кеңірек тарту керек. Қазіргі таңда азаматтық қоғам институттары, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысып, көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысып жатыр. Осы шараның барысында өңірімізде үкіметтік емес ұйымдардың тарапынан атқарылған жұмыстар, жалпы жүзеге асырылатын жобалар, көрсетілген қолдаулар туралы толық ақпарат берілетін болады. Сондай-ақ азаматтық қоғамды дамытуды жетілдіру бойынша ұсыныстар қабылданып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолданатын болады, — деп, конференцияға қатысушыларға сәттілік тілеген Мейрамбек Шермағанбет  өз сөзінде азаматтық қоғамды дамыту демократиялық-зайырлы еліміздің басым бағыттарының бірі екенін айтты. Оның айтуынша, бұл бағытта әлі де болса атқарылатын көптеген іс бар. Сондықтан конференция барысында үкіметтік емес ұйымдар секторымен бірлесе жасалған жұмыстар ғана айтылмай, ортақ проблемалар мен мүмкіндіктер де айтылуға тиіс.

Өткен аптада үкіметтік емес ұйым басшыларымен бірлесе комиссия отырысын өткізген болатынбыз. Сонда биылғы жылға жасалған мемлекеттік тапсырыс бойынша көзделген жобалар, сондай-ақ алдағы уақытта қандай жобаларға басымдық берілу керек деген мәселелер көтерілгенде, үкіметтік емес ұйым мүшелері тарапынан біраз ұсыныстар айтылды. Қазіргі күні бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта да осындай жобаларды іске асыруға атсалысуларыңыз қажет, — деген М.Шермағанбет онлайн конференцияға қатысушыларға облысымызда іске асырылатын әлеуметтік жобаларды, әсіресе олардың қазіргі талапқа сәйкес мән берілмей жатқан тұстарын қайта қарап, қамтудың маңыздылығын атап өтті.

Конференция барысында Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева  мұндай өңірлік конференция бір мезгілде республиканың бірқатар аймағында ұйымдастырылып жатқанын сөз етіп:

Форум аясында өңірлік конференцияларда көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың барлығы назардан тыс қалмайды. Ол үшін Zoom платформасында өткен конференцияның жазба нұсқасы мен сондағы барлық баяндамалар, әңгімелесу алаңында айтылған мәселелерге біз тағы бір мәрте талдау жасайтын боламыз. Айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы ескеріледі. Сондықтан сіздер, яғни Ақтөбе облысындағы барлық азаматтық қоғам институттары өкілдері, Азаматтық форумға тікелей қатысамыз деп есептеңіздер. Бұған дейін мен еліміздің 8 аймағында болдым. Жақын күндері Ақтөбеде өздеріңізбен жүздесетін боламын. Әрине, сіздердің жетістіктеріңізді көріп отырмын. Бетпе-бет кездесу барысында азаматтық қоғамды дамыту мәселесіне қатысты ұсыныс-пікірлеріңізді ортаға салады деген ойдамын. Өйткені Мемлекет басшысы азаматтық қоғамды пайдалану керектігін айтты. Сондықтан мемлекеттік органдар бұл тапсырманы орындауға тиіс, — деп конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Тұрақты топтар қалыптасты

Қазір облыстық әділет департаментінде 771 коммерциялық емес ұйым тіркелген. Оның 405-і — қоғамдық бірлестік, 207-і — қоғамдық қор, 32-сі — заңды тұлғалар бірлестігі, 127-сі — жекеменшік мекеме.

Бүгінгі күні олардың 562-сі қызмет етеді, 19-ы қызмет етпейді, 190-ы қызметін тоқтатқан. Үкіметтік емес ұйымдардың басым бөлігі, яғни 655-і (85 пайыз) Ақтөбе қаласында, ал қалғандары аудандарда тіркелген. Облыста түрлі бағытта жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты топтары қалыптасқан. Атап айтсақ,  балаларды, жастарды, әйелдерді қолдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау, кәсіпкерлікті, білім беруді дамыту, сонымен қатар адам құқықтарын қорғау, отансүйгіштікті, рухани-мәдени мұраны, салауатты өмір салтын насихаттау мен денсаулық сақтау саласы бағытында жұмыс жасайтын ұйымдар қызмет етеді.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері 25 консультативтік-кеңесші орган мен жергілікті атқарушы органдар жанындағы қоғамдық кеңестердің құрамына кіріп, маңызды мәселелердің шешілуіне белсенді араласуда. Облыстық басқармалар, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктері  үкіметтік емес ұйымдармен жүйелі жұмыс орнатып, әріптестік форматта өзара байланыс жасайды.

Он жыл: мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың деңгейі 20 есе артты

Конференция барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов:

— Азаматтық форумның облыстық конференцияларының мақсаты — есепті мерзім ішінде жасаған жұмыстарымызды қорытындылап, баға беру, алдағы міндеттерді айқындау. Қазіргі қалыптасқан жағдай тек қоғамдық ұйымдардың ғана емес, мемлекеттік органдардың және басқа да секторлардың жұмысына өзгерістер енгізуге мәжбүр етті. Жасыратыны жоқ, кей жерлерде дайын болдық, кей тұстарда дайын болмай шықтық. Сондықтан алдағы бір-екі жылдықтағы жұмыстарымызды пандемия шарттарына сәйкес жүргізуге дайын болуымыз керек.  Жалпы облыста үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының, азаматтық қоғам институттарының белгілі бір орны бар. Тоқсаныншы жылдардан бастап бізде белгілі топ қалыптасты. Бүгінгі күні аймақта 700-ден астам қоғамдық ұйым тіркелсе, соның 150-ге жуығы белсенді жұмыс жасайды. Өткен он жылда мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстың деңгейі 20 есеге артты. Бүгінгі күні 8 салалық басқарма, Ақтөбе қаласы мен барлық аудан әкімдіктері  әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруда. Біз қазіргі күні саннан гөрі сапаға көңіл бөлуіміз керек. Себебі қазір сұраныс та, талап та, жалпы қоғам өзгерді. Біздің жасап жатқан жұмыстарымыз халықтың, қоғамның сұраныстарына жауап беретіндей болуы керек. Сондықтан бізге саны көп, сапасы жоқ іс-шаралар, дөңгелек үстелдер қажет емес. Нақты нәтижеге қол жеткізетін, ауыз толтырып айтатындай жұмыстар қажет, — деді.

Оның айтуынша, азаматтық қоғам — халық пен билікті байланыстыратын алтын көпір. «Бұл бағыттағы жұмыстарды біз аудандарда да жетілдіруіміз керек. Себебі аудандарда 2-3 қана қоғамдық ұйым бар. Ал әлеуметтік тапсырыстың көлемі 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін болады. Әрине, ауқымды жұмыс жасауға мұндай қаражат аздық етеді. Алайда ауданның бюджеті белгілі бір деңгейде ғана болады. Сондықтан қазіргі кезде көптеген республикалық қоғамдық қорлар министрліктің тапсырыстары мен конкурстарына мейлінше қатысуы керек», — деп Айбек Көпенов облыстағы үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының жетекшісі Айгүл Дүйсеноваға аудандағы қоғамдық ұйым өкілдеріне, оның ішінде бастамашыл жастарға бағыт беріп, Zoom платформасы арқылы  көбірек оқыту қажеттігін ұсыныс ретінде айтты.

Конференция барысында көтерілген тағы бір мәселе — мемлекеттік органдар басшыларының үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен кездесуін ұйымдастыру. Қазіргі күні бұл бағытта жұмыстар қолға алынған, арнайы кесте жасақталып жатыр. «Қай ұйым қандай басқармамен  келер жылы бірлескен жұмыс жоспарын жасағысы келетінін ұсыныс ретінде айтса, біз кестені қайта қарауға дайынбыз. Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұсынысына сәйкес облыс бойынша әрбір мемлекеттік органдарда үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылға жауапты уәкілетті лауазымды тұлғалар бекітілген. Алдағы уақытта біз сондай әріптестерімізбен кездесіп, қандай жұмыстар атқаратынымызды алдын ала пысықтап алуымыз керек. Себебі келер жыл еліміз үшін үлкен мерейтой. Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы — баршамызға ортақ той. Сондықтан мемлекеттік органдар болсын, қоғамдық ұйымдар болсын, бұл шараға барлығымыз белсене атсалысуымыз керек. Конференция барысында айтылған жақсы ұсыныс-пікірлерді біз қолдауға әзірміз», — деді А.Көпенов.

Нұрсұлтан салған воркаут

Айгүл Дүйсенованың айтуынша, биыл үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы мемлекеттік грантқа қол жеткізу әрі ауылдық жерлердегі қоғамдық ұйымдардың әлеуетін арттыру, бастамашыл топтарды ынталандыру  мақсатында 3 вебинар ұйымдастырған. Оған 30-ға тарта адам қатысқан. Сондай-ақ ол өз сөзінде биыл 10 әлеуметтік жобаға грант бөлінгенін атап өтті.

Үкіметтік емес ұйымдар арасында өткізілген байқауға қатысқан шалқарлық Нұрсұлтан Әбжанов 500 мың теңге грантты жеңіп алған. Онлайн конференцияда грант жеңімпазы былай деді:

Грант қаражатына Шалқар қаласындағы Хамит Есбосынов көшесіне воркаут алаңын тұрғыздым. Осы маңға спорт алаңын салу жерлестерімнің ұсынысы еді. Әкімдіктің қолдауымен жер мәселесі шешіліп, бұл істі жүзеге асырдым. Мақсатым — бұқаралық спортты дамыту әрі тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру.

«Қатысу бюджеті»: 1111 адамның дауысы

Конференция барысында «Қатысу бюджеті» жобасының таныстырылымы жасалды. Бұл бастама  биыл маусымда Хромтауда қолға алынған. Мақсат — болашақта қаржыландырылатын қоғамдық жобаларды іріктеуге қала тұрғындарын қатыстыру.

«Қатысу бюджеті» жобасын Жобалау орталығы үйлестіреді. Жергілікті тұрғындар тарапынан ұсынылған өтінімдерді сарапшылар кеңесі талдайтын көрінеді. Конференция кезінде Жобалау орталығының өкілі, «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту агенттігі» қоғамдық қорының төрағасы Абай Мырхин бүгінгі күні аталған жобаның нәтижесімен бөлісті.

Жиырмадан астам жобалық топ қатысты. Сондай-ақ 45 жобалық ұсыныс енгізілді. Дауыс беру алдында порталға 17 жобалық ұсыныс жіберілді. Ұсынылған жобалардың жалпы сомасы — 75 365 556 теңге. Дауыс беруге Хромтау қаласынан 1111 адам қатысты. Жоба шарты бойынша аудандағы жасы 18-ден асқан адамдар ғана дауыс беру құқығына ие. Олардың бір жобаға бір ғана дауыс беру құқығы бар, — деген ол ұсынылған жобалардың басым бөлігі аулалардағы және қоғамдық пайдалану орындарындағы балалар және спорт ойын алаңдарын жөндеуге, орнатуға бағытталғанын атап өтті.

P.S. Биыл облыс бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында  109 жоба  жүзеге асырылып жатыр.

Өңірлік конференция барысында үкіметтік емес ұйымдардың одан әрі даму перспективалары мен проблемалары, мемлекеттік органдармен және бизнес өкілдерімен өзара қарым-қатынас мәселелері талқыланды. Қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер де айтылды. Шара соңында қарар қабылданды.

 Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button