Жаңалықтар

Хромтаулық Дамир Алматыдан Жидебайға дейін 46 күн жаяу жүріп барды

Хромтау жоғары колледжінде «Абайға жол» экспедициясын ұйымдастырушы, ерікті, колледж түлегі Дамир Кушеев студент жастармен кездесті.

Дамир Кушеев қайырымдылық жобасы аясында Алматы қаласынан ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туған жері — Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Жидебай ауылына дейін 46 күнде 1200 шақырымды жаяу жүріп барды. Сондай-ақ ол биыл 2-24 қазан аралығында ақынның 175 жылдығына арнап Алматы қаласы әкімдігінің және Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергеннің қолдауымен ұзақтығы 2200 шақырым болатын «Алматы-Ақтөбе» қайырымдылық велошеруін өткізді.

Қайырымдылық жобасының мақсаты — ел өңірлеріндегі мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсету. Велошеруді ұйымдастырушылар жиналған қаражатты өңірлердегі аз қамтылған отбасы балаларының пайдасына жұмсауды көздеп отыр.

Дамир Кушеев студенттерге волонтер өмірі туралы, пандемия кезіндегі еріктілердің батырлығы мен еңбегі жайында әңгімелеп берді. Сонымен қатар  экспедиция кезіндегі қызықты оқиғаларымен де бөлісті.

Кездесуден соң ол колледж ішін аралап, студенттік шағын еске түсіріп, шеберханалар мен зертханалардағы жаңа жабдықтармен танысты.

Содан соң ол  Ақжар ауылдық округіндегі Айдарлыаша геологиялық қимасында болып, табиғи-тарихи ескерткіштің тылсым құпияларына қанықты.

Арман СЕРІКОВ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button