Басты жаңалықтарӘлеумет

Интернеттегі ұтыс ойындары мен жалған сатылымдар

Қазір әлеуметтік желіні ашсаңыз, түрлі ұтыс ойындары мен конкурстардан көз сүрінеді. Аз ақшаға қомақты жүлде алудан үмітті қарапайым халық ұтыс ұйымдастырушыларының бар талабын орындауға дайын. Алайда әлеуметтік желі арқылы ұтыс ойынын ұйымдастыру, лотерея ойнату заңды ма? Бұл сауал бүгінгі күні өзекті мәселеге айналғаны сөзсіз.

Әлеуметтік желідегі лотерея заңды ма?

Облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Данияр Әлимұханбеттің айтуынша, ҚР Лотереялар және лотерея қызметі туралы №495-V заңына сәйкес кез келген адам өз бетінше лотерея ойната алмайды. Ол үшін ұйымдастырушылар арнайы рұқсат алып, түскен пайданың белгілі бір пайызын салық ретінде беруге міндетті.

— Лотереялық ұтыс ойындарын тек мемлекеттік лото ұйымдары ұйымдастырады. Бүгінде әлеуметтік желілердің арасындағы ең танымалы — инстаграм екені белгілі. Әлеуметтік желідегі танымал адамдар немесе әншілер мәселен: «Бес мың теңгеге билет сатып ал да, көлік ұт» деп ұтыс жариялайды. Бірнеше көлікті тізіп қойып, «осының біреуін сен ұтуың бек мүмкін» деп, сендіруге тырысады. Егер ұйымдастырушы «лотерея» деген сөзді қолданып, ұтыс ойыны барысында лотерея билетін қолданса және оны өткізу үшін лотерея операторымен келісімшарт жасамаса, бұл ұтыс заңсыз болып есептеледі. Ал «ұтыс ойыны», «конкурс», «байқау» деп атаған ұйымдастырушыларды заң жүзінде жауапқа тарту мүмкін емес. Себебі олар лотерея болып есептелмейді. Әзірге Ақтөбе қаласында лотереяға қатысты шағым тіркелген жоқ, — дейді ол.

Бүгінде жазылушысы көп, желідегі танымал адамдар конкурс жариялауды әдетке айналдырған. Конкурстың шарттарын түсіндіреді. Мәселен, мың адамның ішінен тек бір адам ғана жеңіске жетеді.  Мұның барлығы инстаграм парақшасындағы жазушылардың санын көбейту мақсатында ұйымдастырылады.

«Бақ шаба ма, бап шаба» демекші, демекші сондай байқаулардан ұтысқа кенеліп жатқандар да аз емес.

— Әлеуметтік желіде ұтыс ойындарының түр-түрі бар. Бірі оқырман жинауды көздесе,  енді бірі пайда табуды ойлап тұрады. Кейде «мүмкін, ұтып қалармын» деген оймен ұтыстарға қатысып көрдім. Студент кезімде инстаграмнан 10 мың теңге ақшалай сыйлық ұтқаным бар. Бір күн өтпестен шотыма аталған қаражатты салып жіберді. Бастапқыда карточкамның нөмірін беруге қорықтым. Таныстарым «Қазір түрлі хакерлер бар, ішіндегі ақшаңды суырып алмасын» деп те қорқытқан. Дегенмен ешқандай алдаусыз ақша шотыма түсті. Осындай бір ұтыстардың бірінен екі метрлік жұмсақ ойыншық ұтып алғаным да бар.

Бұл біреудің табысы. Осы арқылы оқырман жинап, отбасын асырап отырғандар да бар. Тек лотереялық ойындарға соңғы ақшаңды салып қатысудың керегі жоқ деп ойлаймын. Барлығы шынайылық шеңберінен аспауы керек, — дейді Әйтеке би ауданының тұрғыны Эльмира Егізбай.

Тұрғындар не дейді?

Медет ҚОМЫТ, қала тұрғыны:

— Бір рет инстаграмдағы байқауға қатысып, отандық бренд киім дүкенінен киім ұтып алғаным есімде. Алматы қаласынан поштамен салып жіберді. Бұл жерде ешқандай ақша салмай, тек инстаграмдағы бірқатар шарттарды орындадым. Ал лотереялық ұтыс ойындарына қатысып көрген жоқпын. Лотереяға қатысқан адамның барлығы ұтыстан үміттенеді, бірақ бір адам ғана ұтысты болады. Осылайша оңай олжаға кенелгісі келетіндер көбейеді. Лотореядан түскен пайданың біраз бөлігін ұйымдастырушы адам көреді. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын.

Дарика КАЛЫКОВА, қала тұрғыны:

— Менің бір құрбым байқауға қатысып, 6 мың қатысушының ішінен ұялы телефон ұтып алды. Ондай байқауларға мен де кейде қатысып тұрамын. Қазір ғаламтордың заманы. Тұтынушы өзіне керегін дүкен аралап іздегісі келмейді. Үйде отырып әлеуметтік желіні ақтарып отырып-ақ керегіне тапсырыс береді. Сондықтан заман көшінен қалмау үшін әлеуметтік желіні дамытып отырады. Инстаграм желісінде оқырмандарына қызықты болу үшін арасында конкурс өткізеді. Ал ұтысқа ақша тігіп ұйымдастырылатын ойындарға қатысуға түбегейлі қарсымын. Себебі бұл құмар ойындары болып есептеледі. Адам бүгін болмаса, ертең ұтармын деген ниетпен тәуелді болып кетуі мүмкін.

Мөлдір СЕРІКОВА, қала тұрғыны:

— Инстаграмдағы байқауларға қатысып жүрсем де, ешқашан ұтыс ұтып көрмеппін. Кейде ойындар шынайы ұйымдастырылмайды. Шарттарын орындасақ та, байқау барысында тексеріп жатпайды. Немесе тікелей эфирде қаншама мың адам бір уақытта желіге кіргенде, интернет нашарлап, байқауды толық көре алмаймыз. Сондықтан әділ өтпейді деп ойлаймын.

 

Алаяқтардың арбауына түсіп қалмаңыз…

Уақыттың талабына сай түрлі әлеуметтік желілерді игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да кездесіп жатады. Қазіргі күні алаяқтық қылмыстардың көбі интернет арқылы жасалады екен.

Ғаламторда, әлеуметтік желілерде әртүрлі заттар, киім-кешек, телефон, басқа да тұрмыстық бұйымдарды арзан бағада сатамыз деп жарнамалап жататындар бар. Олардың арасында шынымен интернет арқылы сауда-саттық жасайтындармен қатар, алаяқтықпен айналысатындар да аз емес.

Данияр Әлимұханбеттің айтуынша, интернет-алаяқтыққа қатысты биыл 50-ден астам шағым түскен.

— Қазіргі таңда әлеуметтік желіден «Ақша айналым» парақшасын ашып, адамдарды арбауына түсіретіндер көбейген. Мысалы, бір адамның жеке мәліметтерін интернеттен алып, жалған парақша ашады. 50 мың теңге салса, ұтыс ойындарының жеңімпазы бола алатынын айтады.  

Алдымен, өз адамдарын жеңімпаз ретінде жарнамаға түсіріп, ойынның шынайы екеніне сендіреді. Мұндай жағдайда алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады, — дейді ол.

Облыстық полиция департаментінің берген нақты мысалына тоқталып өтейік.

Бір адам өзінің пәтерін сату үшін арнайы сайтқа хабарландыру береді. Көп өтпей оған біреу хабарласып: «Маған сіздің пәтеріңіз ұнады. Сатып алайын деп едім», — дейді. «Жақсы, келіп көруіңізге болады», — дейді бұл. Бірақ, ол: «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен басқа қалада едім. Сізге барғанша 2-3 күн өтеді. Сондықтан сіздің төлем картаңызға ақшаны салып жіберейін», — дейді. Клиенттің табыла кеткеніне қуанған бұл адам да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәлден кейін қайта телефон шалған сатып алушы: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы кодты маған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі», — дейді. Бұл кісі болса, келген кодты айта салып, алаяққа алданып қалады. Өйткені осы код арқылы әлгі адамның есепшоты бойынша кез келген операцияны жасай беруге болады. Полиция департаментінің өкілдері құпия кодты ешқандай адамға беруге болмайтынын ескертеді. Құпия сөзді біліп алған алаяқ интернет арқылы жеке кабинетке кіріп, ақшаны басқа шотқа аударады.

Айта кетейік, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Өйткені телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді. Сондықтан алаяқтың арбауына түсіп қалудан сақтану керек.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button