Құқық

Мал ұрлығының құрбаны болмас үшін…

Ақтөбе облысы аумағында биыл мал ұрлығына қатысты 100 қылмыс тіркелген. Облыстық полиция департаменті берген дерек бойынша былтыр осы уақытта 170 қылмыс тіркеліпті. Ауыл тұрғындары үшін төрт түлігінің қолды болуы өте қиын жағдай, себебі мал — ауылдың тіршілік көзі. Соған байланысты полицейлер мал ұрлығының алдын алудың ең басты алғышарты сақтық жасау екендігін айтады.

Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстановтың айтуынша, мал ұрлығының алдын алуға полицейлердің күш-жігерінің өзі жеткіліксіз.

— Егер өзіңіздің қосалқы шаруашылығыңызды жүргізсеңіз, үй малын ұстасаңыз, оларды жайылымға жаю ұйымдастырылса және жайылымнан кейін уақытында қарсы алсаңыз, малды ұрлауға қарсы соңғы үлгідегі техникамен  қораны жабдықтасаңыз, малыңыз ұрланбайды. Қылмыстың құрбанына айналмас үшін малды жайылымда, кешке қайтарда және түнде қорада қалай ұстау керектігін білу керек, — дейді А.Арыстанов.

Мал ұрлығы жазда көбейеді: әсіресе, малды жайылымға шығарғанда және қыс түсіп келе жатқанда оны қораға байламас қоймас бұрын. Бұл уақыт – учаскелік инспектордың ең қызу жұмыс кезеңі. Тұрақты жүргізілетін түнгі рейд жұмыстары қылмыскерлерді ұстауда да, мал ұрлығының алдын алуда да оң нәтиже береді.

Полиция қызметкерлері ауылдық округтерде мал ұрлығының алдын алуға қатысты тұрғындармен кездесулер өткізді. Тақырыпқа сай ауыл көшелерінде баннерлер орнатып, фермерлік шаруашылықтардың басшыларымен кездесулер ұйымдастырды, сондай-ақ тұрғындарға малдың мойнына жарық шағылыстырғыш ленталарды байлау қажеттігі туралы ескертті.

— Малыңызды таңбалап, белгі қою керек. Жылқы төлқұжатын алуға, ұрлықшылардың малға қол сұғуын болдырмау үшін қораларды,  қашаларды бекітуге, малды кәмелетке толмағандардың қамқорлығына немесе ұзақ уақытқа  қараусыз қалдырмауға, жайылымда ұжымдық мал жаюды ұйымдастыруға кеңес беремін. Егер малыңыз ұрланса, дереу бұл туралы полиция қызметкерлеріне, учаскелік полиция уәкіліне дереу хабарлаңыз. Бұл жағдайда қылмыс іздеріне қол тигізбеу қажет, — дейді А.Арыстанов.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button