Жаңалықтар

Мемлекеттік бағдарламаның шарапаты

«Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында облыста көптеген білім беру мекемесі мен мәдениет саласының ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы жергілікті телеарнада өткен бағдарлама барысында айтылды. Бағдарламаға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова қатысты.

Биыл жаңа оқу жылы облысымыздың көп мектебінде өзгеше жағдайда басталды. І оқу тоқсаны да аяқталды.

Жалпы өңірде 413 мектеп бар. Оның 403-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік білім шаңырағы. Мұндағы бала саны 160 мыңға жуық.  Дәстүрлі форматта 18 594 (11,6 пайыз) оқушы білім алуда. Яғни, бұл 222 мектептің (53,7 пайыз) оқушылары. Балалардың 141 114-і (88,4 пайыз) қашықтан білім алып жатыр. Жаңа форматта жұмыс істейтін мектептердің үлесі — 186 (46,3 пайыз). Бұл білім шаңырақтарындағы 39 880 оқушы 3122 кезекші сыныпта оқиды.

Ең бастысы, білім беру мекемелері шектеу шараларын қатаң сақтаумен қатар оқушылар мен тәрбиеленушілердің, педагогтердің, басқа да қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне көңіл бөлуде, — деді Мейрамбек Шермағанбет.

Өз сөзінде ол білім беру саласында «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген жұмыстар туралы айтты.

«Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 56 білім беру мекемесіне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған болатын. Қазір Ақтөбе қаласындағы №33 және №42 мектептерде күрделі жөндеу аяқталған жоқ. Аталған білім шаңырақтарының оқушылары үшін жөндеу жұмыстары аяқталған соң кезекші сыныптар ұйымдастырылатын болады, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиында Мейрамбек Шермағанбет компьютермен қамтылу туралы да айтты.

Биылғы оқу жылында 36 мың оқушыға компьютер қажет болған. Оқу жылы қарсаңында мектеп балансындағы 12 550 компьютер қажетті отбасыларға таратылып берілген.

Жасалған есепке сәйкес 24 605 компьютерлік техниканы сатып алу жоспарланған болатын. Оның ішінде Үкіметтің резервінен 2,9 миллиард теңгеге 19 146, жергілікті бюджеттен 1,1 миллиард теңгеге 5459 дана ноутбук алу жоспарланды.  Әзірге облысқа келген барлық компьютерлік техникалардың саны — 9531. Қалғаны қараша айында жеткізіліп, мұқтаж отбасылардың балаларына, сұранысқа сай оқушыларға таратылатын болады, — деді Мейрамбек Шермағанбет.

Қашықтан оқытылатын мектеп оқушыларын интернет желісімен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 492,1 миллион теңге бөлініп, 14 201 роутер (модем) сатып алыныпты. Роутерлерге «Білім» тарифі жүктелген.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева биыл мемлекеттік бағдарламаның арқасында көп мектептің жаңарып қалғанын, өңірде әлі біраз білім шаңырағына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін, келесі жылы да мектептерді жаңарту жұмыстары жалғасатынын, қазір бірнеше мектеп ғимаратының жобалық-сметалық құжаттары әзірленгенін айтты.

Ақтөбе қаласындағы Шанхай шағын ауданында №26 мектептің ғимаратына «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізілуіне байланысты аталған білім шаңырағының оқушылары №40 мектепке түстен кейін барып оқып жүр.

2021 жылы 40-тан астам ғимаратқа жөндеу жүргізу үшін сметалық-жоба дайындап жатырмыз. Дегенмен қазір бұл жобалар сарапталуда. Құжаттар талаптарға сәйкес болу керек.   

Мұғалжар ауданына қарасты Ембі қаласындағы №2 мектеп ғимаратына салынғалы жөндеу жүргізілмеген болатын. Биыл бұл білім шаңырағына жөндеу жүргізіліп, жаңарып қалды. Сондай-ақ қазір облыс орталығының ғимараттар тығыз орналасқан шағын аудандарындағы мектептердің маңынан үш ауысымды мектеп мәселесін шешу мақсатында қосымша құрылыстар жүргізілуде.

Республикалық бюджеттен 19 спортзалға көп қаржы бөлініп отыр. Бұл — үлкен көмек. Облыс бойынша 70-ке жуық мектептің спортзалы күрделі жөндеуді қажет етеді және жаңа спортзал керек, — деді Ләззат Аманжолқызы.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрға күрделі жөндеу жүргізіліп жатқанын, дегенмен театр ұжымы өз жұмысын тоқтатпағанын айтты.

Биыл мәдениет саласын дамытуға бюджеттен 4 420,5 миллион теңге бөлінген. Қыркүйектің 1-і күнгі мәлімет бойынша бөлінген қаражаттың   2 375,3 миллион теңгесі игеріліпті. «Жұмыспен қамту жол  картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында мәдениет саласында 6 ғимаратқа күрделі жөндеу  және 1 нысанға ағымдағы  жөндеу  жұмыстарын жүргізуге 1 262,7 миллион теңге бөлінген.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button