Басты жаңалықтар

Сәңкібай батыр даңғылы ашылды

Сейсенбі күні облыс орталығындағы ең ірі жолдардың бірі Сәңкібай батыр даңғылындағы құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Ұзындығы 3,3 шақырым болатын жолдың ашылуына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты.

Қала әкімі Асхат Шахаров мәлімдегендей, бүгінгі таңда Сәңкібай батыр даңғылындағы жолдың 95 пайызы аяқталып тұр. Тек жарықтандыру мен тротуар салу және жол белгілерін қою жұмыстары ғана қалған. Бұл жұмыстарды мердігер мекеме бір-екі күндікте, ал толық жұмысты 25 қарашаға дейін аяқтайтынын жеткізді. Полиция департаменті жолды ашуға рұқсат берген.

Қаламыздың «күретамырларының» бірі саналатын жолдың 12-шағын ауданындағы шеңберінен Ғазиза Жұбанова көшесіне дейінгі аралығы төрт жолақты, ал Әлия Молдағұлова даңғылына дейінгі аралығы алты жолақты. Ені 15-22 метрді құрайды. Жол құрылысына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 1,5 миллиард теңге қаржы жұмсалған.

— Соңғы жылдары облыс және қала тұрғындары тарапынан жол, көше мәселесіне қатысты көптеген сын-ескертпелерді естіп жүрміз. Әрине, жол мәселесі — ортақ мәселе. Сондықтан біз  тұрғындар тарапынан айтылған шағымдар мен пікірлерге түсіністікпен қараймыз. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының арқасында қомақты қаражат бөлініп, жол мәселесі өз шешімін тапты. Біз де облыстық деңгейде резервтерді қарастырдық.  Облыс аумағында бірқатар жолдар жөнделіп жатыр. Соның бірі бүгін ашылып жатқан  облыс орталығының «күретамырларының» бірі болып саналатын — Сәңкібай батыр даңғылы. Бұндағы жұмыстардың барлығы жүйелі түрде жасалды. Құрылыс жұмыстарына атсалысқандардың барлығы — өзіміздің елдің азаматтары. Біз олардан жол сапасын кейін өздері ұялмайтындай етіп жасауды талап еттік. Бүгін, міне, жұмыстардың 95 пайызы аяқталған. Азды-кем жұмыстарды жуық арада аяқтауды тапсырамын. Техникалық талаптардың сақталуы қатаң бақылауда болады, — деген облыс әкімі жол жөндеу кезінде туындаған уақытша  кедергілердің болғанын, бұл жағдайға тұрғындардың түсіністік танытқаны үшін алғыс білдірді.

Өз кезегінде сөз алған қала әкімі Асхат Шахаров облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Ақтөбеде 100-ге жуық көше жөнделіп жатқандығын және әлі де жөндеуді қажет ететін көшелер мен аулалар бар екенін, бүгінгі таңда оларға жобалық-сметалық құжаттардың әзірленіп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол  «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында салынып жатқан жолдардың құрылысына 7000-нан астам ақтөбелік азамат тартылғанын мәлімдеді. Көлік тізгіндеген азаматтармен қатар, қалада велосипед жүргізетіндерге да ерекше көңіл бөлініп келеді. Мәселен, алдағы жылы ұзындығы 52 шақырым болатын веложолдарды салуға  жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.

Мұнда облыс әкімі тағы бір жағымды жаңалық айтты. Оңдасын Оразалин журналистерге көптен бері шешімі табылмай жүрген Ақтөбе-Қандыағаш тасжолының жөндеуіне қатысты мәселенің шешіліп, мердігер мекеменің анықталғанын хабарлады.

Көптен бері шешімін таба алмай жүрген мәселенің бірі — Ақтөбе мен Қандыағаш арасындағы тасжол болатын. Бұл мәселе де орайын тапты. Қанжыландыру мәселесі толыққанды шешілді. Мердігер мекеме анықталды. Жақын арада бұл туралы ресми түрде хабарлайтын боламыз, — деді облыс әкімі. Ол мердігер мекемеге жөндеу жұмыстарына дайындықты биылдан қалдырмай бастау керектігін тапсырған.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button