Басты жаңалықтарМәселе

Ел жағалай мал жатыр, айналасы ақ тақыр…

Ауыл — малымен базарлы. Бірақ мал жиюдың жолы осы екен деп ауылдың да ажарын ұмытпауымыз керек. Қазір кез келген ауылдың айналасы азып барады. Ылғалдың аздығы аздай, күн сайын өрістен келіп-кететін мал тұяғының өзі-ақ ауыл ішінде қылтанақ қалдырмаған. Жеке тұрғындардың кезектегі қой-ешкісі де ауыл айналасынан әрі аспай отыр. Малдың ыңғайына емес, қолсағатқа қарап жаятындар ерте әкелуге асығады. Ерте келген қойды иелері ауыл шетіне қызыл іңірге дейін тағы жайып жібереді. Бұған ауыл тұрғындарының көзі де, еті де үйреніп кеткен.

Биылғы жаз әлемдік пандемияға байланысты адамдардың жүріс-тұрысына шектеу болғанымен төрт түлікке жайлы болды. Өткен жылға қарағанда, жауын-шашын көбірек түсіп, шөптің шығымы тәуір. Алайда әр ауылда мал басының өсуі өрістің тарылуына әкеп соқты. Даладағы бірді-екілі жылқысын, 4-5 сауын сиырын айтпағанда 50-60 қой-ешкі ұстамайтын үй кемде-кем.

Мал баққан шаруа жыл сайын оның санын көбейтпесе, азайтқан жоқ. Оның үстіне шаруа қожалықтарындағы қоралар ірі қараға толып болды. Мал басын асылдандыру мақсатында әр аудан сырттан өзге тұқымдас сиырларды әкеліп, табынды көбейтті. Орталықта отырып шамамен 100-ден аса қой, оннан аса сиыр ұстайтындар бар. Мал басының көбеюі, әрине, көңіл қуантарлық жай. Әрі табыс көзі. Дегенмен сол жеке тұрғындардың өзі ауылдың ажарын ойласа керек-ті. Тіршілігіміз төрт түлікке тәуелді десек те, тазалықты сақтап, күзеудің күйін күйттейтін ешкім жоқ. Малы көбейген жеке тұрғындарды жайлауға көшіру мәселесі бұдан біраз жыл бұрын қозғалды. Шабындық, жайылымдық мақсаттағы жері бар адамдар айдалаға аттап басқысы келмейді. Демек, олар жерін мақсатты пайдаланбай отыр. Осылайша игерілмеген жерлер мемлекет меншігіне кері қайтарылады.

Жасыратыны жоқ, қазір қай ауылдың болсын айналасын шаруа қожалықтары қоршап тұр. Ең жақыны 5 шақырым. Жекенің малы шаруа қожалықтарының жеріне кіріп, оны жер иесі кері қуып, ақыры жер дауының басы «Дайрабайдың көк сиыры».   Мұны қалай шешеміз? Тұрғындарға салсақ, шаруа қожалықтары ауылдан кемі 10-12 шақырым әрі отыруы керек дейді. Ал шаруа қожалықтары ауылдан осынша шақырым қашықта болу керек деген заң жер кодексінде жоқ. Оларға заңсыз тиісе алмайды. Кезінде шаруа қожалықтарын көбейтіп, қаңырап қалған ауылға жан кіргізу мақсатында олардың да жұмысы жүруі үшін жақын жерлерден берілгені рас. Сонымен қатар кеңшар ыдырағанда көбіне пайдың үлесі осы жермен есептелді. Сол кезде-ақ құжаттарын қамдап алған жер иелерін қуып шығу заңға қайшы. Кейін шаруа қожалықтары күрт көбейді. Бірақ ауылдық округтің арнайы жері бар. Әр түтін саны мен адам басына, малдарына қарай жеткілікті бөлінеді.

Біздің айтпағымыз, көп ауылда жер тарылып жатқан жоқ, өріс тозып барады. Бұрынғыдай мол қар суы, жаңбыры жоқ далада шөптің де шығымы азаяды. Ауылдың іші-сыртын шиырлаған қаптаған көлік, шыбындап келетін жылқы, күн сайын өретін қой-ешкі — бәрі-бәрі айналаны тақыр қылды.

Бұрынғыдай емес, ауыл тұрғындары малын бұлдап сататын болды. Күнкөріс көзі көбейіп, тұрмыс түзелген. Сол себепті алдарындағы малдары көбейе береді. Әрине, көбейсін. Шаруа қожалықтарына берілетін жерден басқа округте жердің қоры болады.

«Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, ықтырмамен күзеуде отырар бай» деп Абай Тәкежан ағасының тек қана сараңдығын айтпаса керек. Бұл мал баққан қазақтың әуелден келе жатқан дәстүрлі қамы. Ал біздің жайлауымыз да, күзеуіміз де бір өріс. Жаздай сол өрісті қаужай бергендіктен, мал семірер нағыз осы уақытта сиреген жусан мен боздан басқа шөп жоқ.

Сондықтан күн жылы, жер қарада жайлауға апарып салқын түсе әкелген жөн. Кемінде бір ай ғана өріс ауыстырса малға да, ауылға да пайдасы көп. Оған уақытша бөліп беретін әкімшіліктің жері жетеді. Бұрынғыдай атпен емес, техникамен бағатын заманда кезектесіп жаю қиын шаруа да емес. Ауылда бір күн қойдың кезегін бағу — 3-4 мың теңге.

Әйтсе де қойдан басқа малдың бақташысы жоқ. Тұрғындар жылқы мен сиырды күзде санайды.

Жайлауында жүрген жігіт бағып қой…

Қой тұқымының бұлай семірмейтінін біліп, әрі ауылдың ішін көк шаңға айналдырғысы келмеген ойылдық Нұралы Аймұханов екі жылдан бері екі жүзге тарта қойын жаз жайлауға апарып, бағып отыр.

Шаруамен көзі шыққан Нұралы төңірегі тозып бара жатқан ауылын ойлап, ауылдастарын қасына шақырған болатын. Бірақ биыл да оның бастамасын ешкім қолдамапты.

Далада қос тігіп жатамын. Күн жылы. Аталарымыз өмір бойы малмен көзін ашты ғой. 2-3 ай ғана далада отыру түк қиын емес. Қалаған затымды көлікпен алдырамын. Ұялы байланыс бар. Жайлауда отты жерге жайылған қойым ауыл ішіндегі қойлардан семіз болары айдан анық. Маған уақытша мал жаюға жерін берген ауылдың кәсіпкері Талғат Бердембаевқа алғысымды айтамын, — дейді ол.

Нұралы шағын отарын құдықтан қауғалап суарады. Бұл жерге наурыз айында көшіп келген. Арасында інілері көмектеседі екен.

«Ала қойды бөле жайған» жігіттің қылығын  кейбіреулер атүсті түсінер. Бірақ ауылдың төңірегіндегі тозып бара жатқан «түйе сүйрегендей» өрісті елестетсек, малдың жайы да белгілі емес пе? Ауыл іргесіндегі «күзеуін»  жаздай  жеп қоятын ауылдастар Нұралы секілді өздері бақпаса да ақшасын төлеп екі ай қырға жіберсе, ауылдың күзгі өрісін сақтап қалар еді.

Әкімнің әрекеті

Облыста өрісі тарылған өңірлер, негізінен, Мәртөк, Қарғалы, Алға аудандары. Ол жақта ауылдар тығыз орналасқан әрі егісті алқаптары көп. Сол себепті малдарын бағусыз қалдырмайды.

Соның ішінде Алға ауданында жайылымдық жер мәселесі өршіп тұр. Ауданның жер көлемі — 750,7 мың гектар. Оның 7567 гектары шабындық болса, жайылымдық жері — 386263 гектар.

Аудан орталығы мен облыс орталығының қақ ортасында тұрған Бестамақ ауылдық округіне қоныстанушылар көп. Тасжолы мен теміржолы бар әрі қалаға бір қадам жақын ауыл тұруға қолайлы. Ауылда халық саны 4 мыңнан асады. Екі қабатты үйлерде 261 пәтер болса, жеке тұрғын үйлер саны — 589. Демографиясы гүрлеп тұрған округтің жалғыз мәселесі — жайылымдық жер. Бұрынғы ауыл өрісінің бір жағы жабылған. Яғни теміржолдың арғы беті бұдан екі-үш жыл бұрын суармалы егістікке айналғандықтан ол жаққа мал жаю мүмкін емес. Ауыл әкімі Қанат Дәулеталиннің айтуынша, қазір екі бағытқа күту ұйымдастырылған.

Округте 2855 ірі қара бар. Соңғы жылдары Ақтөбе су қоймасының арнасы тарылып, жайылымды едәуір ұзартты. Егер су мол келіп, арнасы толса, өрісіміз қысылып қалады. Қазіргі таңда бір шаруа қожалығы ауылдың бойдақ малдарын бағып отыр. Бірақ бәрін бірдей қабылдай алмайды. Алдағы уақытта бос жерді қарастырып, сауын сиырлардан басқа малдарды жаздай сол жерге бағуға жұмыстанып жатырмыз. Ауыл жанынан тасжол салынбақ. Көлік қозғалысы көп жолдың бойына мал шығару қауіпті. Сол себепті малдарды бөлек жерге бағуға тиістіміз. Біз бұл жұмыстың бәрін ұйымдастырамыз. Бірақ бақташы табу қиын, — дейді ауыл әкімі.

Мұндай өріс мәселесі Тамды, Болгарка ауылдарына да тән.

Бақташыға өріс кең

Бақташы — барлық ауылдың проблемасы. Бірақ бұл мәселені шешкен ауылдар да бар екен. Есет батыр Көкіұлы атындағы округте үш бағытқа сауын сиырдың күтуі бар. Алға қаласынан 18 шақырым жердегі ауылдың да жері тар. Шаруа қожалықтары өте жақын орналасқан. Алайда ауыл әкімі Бақберген Хайтбаев шаруа қожалықтарымен келіссөздер жүргізіп, халықтың да пікірін тыңдап жүреді екен. Жеке тұрғындардың малы шаруа қожалықтарының жеріне емін-еркін жайыла береді. Бұл ауылдың ауызбіршілігін көрсетсе керек.  Ауылда тек сауын сиырлар ғана ұсталады. Бойдақ малдары жазда жайлауда бөлек бағылады.  9 шақырым жерден ауыл әкімі 2 мың гектар жер бөліп берген. Зуммұрат Алдияров 10 жылдан бері жекенің малын бағады. Әр басқа 1500 теңгеден алады. Шаруа қожалығының жылқысын бағатын ол ұлы екеуі жерді жалға алған. Баласы шаруа қожалығының жылқысын түгендесе, өзі ірі қараны көзден таса қылмайды. Жайлауда бос отырмайтын Зуммұрат сол жердің қорықшысы секілді. Судың жағасына бақша салады. Бұлақ көрсе көзін ашып, тазалайды. Жазғы каникулда отбасы көшіп келіп, күзде немерелерінің сабағы басталғанша отырады. Ал ұлы әр жылқы басына 3 мың теңгеден алады. Жеке тұрғындардың жылқыларына да бас-көз болып, қосымша ақысы тағы бар. Қазір Зуммұраттың алдында 200-дей мал бар.  Шотқа қақсақ, айына 300 мың теңге табыс түседі.

Үлкен ұлым қасымда. Оның табысы да жақсы. Екеуміздікі бір қазанға түседі. Жайлауға сәуірде келіп, қараша айында тапсырамын. Әйелім мектепте істейді. Бұл кәсіпке де үйрендік. Елуден асқан маған осыдан басқа қолайлы жұмыс табыла қоймас. Тұрғындар ақшаларын кешіктірмейді. Қазір шаруа қожалықтарында жарық, теледидар бар. Өстіп мал бағып, отбасымды асыраймын. Алла қуат берсе, жүре беремін, — дейді Зуммұрат.

Сонымен, ақшаның көзі қайда жатқанын көрдік. Тек ынта болса болғаны. Ал жер дауы бұрыннан келе жатқан дерт. Алға ауданында 434 шаруа қожалығы бар.  Жері шұрайлы, су көзі көп болғандықтан, егін салуға да қолайлы. Сондықтан да ауданның жеріне көз алартушы инвесторлар да жетерлік екен.

Жердің өзі жеті санатқа бөлінеді. Ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерге сұраныс көп. Шаруа қожалықтарының, егістің болғаны халыққа пайда. Бірақ мал басын көбейте бермей, оның өнімін арттыру керек қой. 434 шаруа қожалығымен бір облысты асырауға болады. Бірақ бәрі бірдей тауар өндірмейді. Тек өздеріне ғана қажетті ауылшаруашлық өнімдерін жинайды. Ал ірі шаруашылықтар болмаса, қала халқын кім асырайды?  Міне, сол себептен халық та мұны түсінуі тиіс. Алға ауданының 8 елді мекеніне 22 100 гектар жайылымдық жер керек. Қазір мұны дайындаудамыз. Игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып, келесі адамға береміз.  Жер айналымы деген — осы. Қайткен күнде де халықтың мал жаятын жері болуы керек. Бір шаруа қожалығының пайдаланбай жатқан жерін алу үшін заңдылықтарын тексереміз. Көбі мемлекеттік бағдарламамен алады. Онда жоспар бар. Миллиардтаған ақша салады. Кейбірі жердің өзін кепілге қояды. Осының бәрі сот арқылы шешіледі. Процесс ұзақ жүреді. Қазіргі басты жұмысымыз — тұрғындардың малы жайылатын әкімшіліктің жерін кеңейту, — дейді Алға аудандық жер бөлімінің басшысы Ескендір Бекіш.

P.S. Жер мен жайылым мәселесін жергілікті әкімшілік шешетін болды. Бірақ, біз өзіміз, тұрғындар тарапынан қандай қолдау көрсете аламыз? Диқандардың сөзіне қарағанда, жылқыларымыз түнде егінді отап кетеді екен. Оны қайтеміз? Сайып келгенде, ауыл өрісінің құнары мен тазалығы тікелей тұрғындарға тәуелді емес пе?

Маңайдан малшы  таба аламыз ба? Бұл да ортақ шаруа…

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button