Басты жаңалықтар

Халің қалай, мейрамхана бизнесі?

Коронавирус пандемиясы тұтас әлемнің тыныс-тіршілігіне өзгеріс енгізді. Әлем елдерінің экономикасын құлдыратып, ертеңгі күнге деген сенімін әлсіретті.

Өткен жылдың аяғында Қытайда бұрқ ете қалған қауіпті вирус айналдырған үш айдың ішінде әлемге тарап кетті. Өзімен бірге ажал уын шашып келе жатқан вирустың қаупінен сақтану үшін әлем елдері тұтасқа жуық карантиндік тәртіп енгізгені белгілі. Қоғамдағы тауар, өндіріс, қызмет көрсету, бизнестің көптеген салалары жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды, жұмыссыздық белең алып, жұмыс берушілердің өз қызметкерлері алдындағы борыштары, басқа да міндетті төлемдері өсе берді, жұмыссыз қалған халық несиелерін өтей алмай, қарызға батты. Коронавирустың ізін ала әлем экономикасын мұнайға деген бағаның құлдырауы сынды тағы бір сынақ күтіп тұрды. Көптеген елдерде мемлекет тарапынан экономикаға қолдау көрсету үшін мемлекеттік бағдарламалар жасақталды. Бірақ экономика терең рецессия жағдайына еніп кетті…

… Елімізде 13 наурыз күні короновирус жұқтырған алғашқы екі адам тіркелді. Олар Германиядан келген. 15 наурыз күні ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізілген-ді. Осы Жарлыққа сәйкес бірқатар нысандардың жұмыс істеуі шектелгені белгілі.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, пандемия елдегі 1 млн кәсіпкерге әсерін тигізген. Көлік, сауда салалары анағұрлым зардап шеккен, ондағы айналымның қысқаруы 10-17 пайызға жеткен. Шамамен 1,6 млн қызметкер ақысыз демалысқа жіберілген. Пандемия салдарынан кәсіпкерлердің 28 пайызы өз несиелерін, 17 пайызы салық төлеуге қиналып отыр.

Елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бастап  сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін тоқтатты. Карантин енгізіліп, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынды. Мейрамханалар, кафелер, көпшілік жиналатын орындардың есігіне құлып салынды.

Коронавирус пандемиясының алғашқы соққысына тап болған мейрамхана бизнесінің «есігінде» наурыздың ортасынан бастап бүгінге дейін құлып тұр. Тек біздің елде ғана емес, тұтас әлемде мейрамхана бизнесі дағдарысқа ұшырады. Бүгінде пандемия салдарынан карантин енгізілген елдерде мейрамханалар өз бизнестерін басқа бағытқа қарай бұруға тырысып жатыр.  Себебі ертеңгі күннің қандай болары, яғни мейрамхана бизнесінің бұл дағдарыстан қалай шығарын ешкім болжап айта алмайды. Оған, бәлкім, 1 жыл, бәлкім, 5-10 жыл қажет болуы мүмкін…

… Қайта тұрып, хақың бар жүгіруге

Ақтөбе облысында 200-ден астам мейрамхана, кафелер жұмыс істейді. Дәл қазіргі уақытта олардың дені жабық. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаеваның 17 қыркүйектегі қаулысына сәйкес, қоғамдық тамақтану обьектілерінің қызметіне ұжымдық іс-шараларды өткізбей, залда 50-ден аспайтын орын орната отырып, сағат 10.00-ден 00.00-ге дейін ғана рұқсат етілді. Бұл ретте санитарлық талаптар қатаң сақталуы керек.
Дегенмен жарты жылдан астам уақыт бойы есігі жабық тұрған мейрамхана, кафелердің табыс таппақ түгілі, шығындарын жаба алмай отырғандығы айдан анық.

«Облыстық қонақүй, мейрамхана бизнесі қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бану Тілегенованың айтуынша, аталған салада жағдай мәз емес.

—  Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен онлайн режимде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезі өтті. Осы шарада ел П Президенті алдағы 1-1,5 жылда мейрамхана бизнесіне қатысты жағдайдың бүгінгі қалпында болуы мүмкін екендігін айтты. Сондықтан мен рестораторларға бизнес бағытын өзгерту қажеттігі жөнінде ұсынысымды білдірдім. Себебі бұл саладағы бизнес көз алдымызда құрдымға кетіп бара жатыр. Әзірге бұл — дағдарыстан шығудың жалғыз жолы болып отыр. Шағын кафелер 30-50 адамнан қабылдап жатыр. Бірақ мұның өзі тек «шықпа, жаным, шықпаның» кері ғана, ешқандай табыс жоқ, тек шығынды жабу үшін ғана кіріс түсіріп отыр. Үлкен мейрамханалар мүлде жұмыс істеп жатқан жоқ, жабық. Міне, қыс келіп қалды. Бұл коммуналдық шығындар көбейеді деген сөз. Сол үшін мейрамхана бизнесінің бағытын өзгерту керек. Ақтөбеде «Атамекен» мейрамханасы бағытын өзгертіп, гастроном ретінде ашылғалы жатыр. Біздің «Зере» мейрамханасын Мәртөктегі пантымен емдеу орталығының филиалы ретінде қайтадан жасақтадық. Қазір адамдар жайлап келіп жатыр, — дейді Бану Тілегенова.

«Облыстық қонақүй, мейрамхана бизнесі қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің құрамында 100-ге жуық мүше бар екен. Олардың ішінде мүлде жабылып қалғандары да бар екен.

—  Мейрамханаларды жалға алғандар жабылып қалды. Себебі жалға алушылар карантин басталған уақытта кетіп қалды, яғни жұмыс тоқтады деген сөз. Мейрамханалар бағытын өзгертуге қатысты ұсынысымның екінші жағы тағы бар: бағытты қалай өзгертуге болады? Балабақша, бильярд клубы, әлде монша қылып өзгерту керек пе? Карантин жағдайында мұның бәрі де жабылады ғой. Ал барлық мейрамхананың азық-түлік сататын дүкен ретінде ашып тастаудың тағы да реті жоқ. Жалпы алғанда бүгінде мейрамхана бизнесі құлдырады. Ешқандай көмек жоқ. Мемлекет төмен пайызбен несие алуды ұсынып отыр, бірақ кәсібің тоқтап тұрса, оны не үшін аламыз? —  дейді Бану Тілегенова.

Жеңілдіктерден жеңілдік бар ма?

Пандемия кезінде мемлекет еліміздегі кәсіпкерлерді салықтан босату бағытында қолдау көрсетті. 15 наурыз күні ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізілсе, 16 наурыз күні Президенттің «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жарлығы жария болды.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан  Тілеумұратовтың айтуынша, осы Жарлыққа сәйкес Үкімет экономиканың түрлі секторларында салық жүктемесін төмендетуге бағытталған қаулылар қабылдады.

— Іс-шаралар неғұрлым зардап шеккен салалардағы бизнес субъектілері үшін берілді. Ағымдағы кезеңде бизнес субъектілеріне қатысты мынадай салықтық жеңілдіктер қабылданды: жыл соңына дейін ірі сауда объектілері, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер және денешынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары бойынша заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүліктеріне нөлдік салық мөлшерлемесі белгіленді. Сонымен бірге жыл соңына дейін салық салудың жалпы белгіленген тәртібінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер (қалған жеке кәсіпкерлер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 3 жылға босатылды) жеке табыс салығынан босатылды. Оған қоса жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін жер салығын төлемейтін болды. Ал 20 маусымнан бастап жыл аяғына дейін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері коммуналдық меншіктегі жылжымайтын мүлік объектілерін мүліктік жалдау үшін жалдау ақысынан босатылды. Бұл барлық кәсіпкерлерге, соның ішінде рестораторларға да қатысты, — дейді Нұрхан  Тілеумұратов.

Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлер үшін несие алу кезінде 6% деңгейіндегі мөлшерлеме жолға қойылып, салалық шектеулер алынып тасталды. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде субсидиялауға жататын несие сомасы 5 жыл мерзімге, 7 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды.

— Кепіл ретінде кепілдік беру тетігі айтарлықтай жеңілдетілді, сондай-ақ кепілдік берілетін несие көлемі жұмыс істеп тұрған кәсіпкер үшін 1 млрд теңгеге дейін, ісін жаңа бастаған кәсіпкер үшін 360 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, айналымдағы капиталды толықтыруға жеңілдетілген несие беру сынды қолдаулар көрсетіліп отыр, — дейді басқарма басшысы.

Ақтөбе өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанованың айтуынша, аталған палатаға облыстағы мейрамхана ісімен айналысатын кәсіпкерлер хат жазып, екі мәселеге қатысты қолдау көрсетуін сұраған. Олар — коммуналдық төлемдерді өтеу және жалға алған ақыдан босату.

— Қазіргі кезде рестораторларға қиын болып отырғаны —  осы екі мәселе. Біз бұл мәселелер туралы ресми хат жазып, ұлттық палатаға хат жолдадық. Қазір ұлттық палата осы екі мәселенің шешімін тиісті министрліктермен бірге іздестіріп жатыр. Жалпы, пандемия кезінде рестораторлар еліміздегі кәсіпкерліктің басқа салаларына берілген қолдауларды алды. Облыста 200-ден астам мейрамхана, кафелер болса, соның екеуі бүгінде бағытын өзгертті: «Атамекен» және «Зере» мейрамханалары басшылары палатаға келіп, кеңес алып, бүгінде бірі гастроном ретінде, екіншісі прафилакторий ретінде жұмыстарын жалғастыра бастады. Жалпы алғанда пандемия кезінде қызмет көрсету, көлік, сауда саласымен бірге қоғамдық тамақтандару орындары да ең көп зардап шеккен салалар. Оның қашан қайтадан аяғынан тұратынын ешкім кесіп айта алмайды, себебі коронавирус дертінің қашан толық ауыздықталары әзір белгісіз, — дейді Анар Даржанова.

Қылмыс пен жаза

Ақтөбе облыстық тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мен облыстық полиция департаменті берген деректерге қарап отырсақ, қоғамдық тамақтану орындарының барлығы бірдей есіктерін құлыптап тастап отыр дегенге күмән келтіре бастайсың.  Тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті берген дерекке сүйенсек, жүргізілген мониторинг нәтижесінде отбасылық шараларын өткізу фактілері бойынша 29 кәсіпкерлік нысанына 8 278 440 теңге көлемінде айыппұл салынған. Олардың қатарында «Хан Орда», «Дәстүр», «Манас», «Халл», «Диана», «Дулат», «Колизей», «Гаухар», «Ай-Наз», «Ватан», сондай-ақ Мұғалжар, Мәртөк, Темір аудандарындағы қоғамдық тамақтандыру орындары бар.

Қазір жағдай күрделі. Көршілес Ресейде эпиджағдай қолайсыз. Еуропа елдерінде, Германия, Чехия, Франция секілді елдердегі жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар. Күніге 20 мыңнан 50 мыңға дейін індет жұқтырғандар тіркеліп жатыр. Сондай жағдайға жол бермеуіміз керек. Ол үшін санитарлық талаптарды қатаң сақтау маңызды. Қазір облыста мониторингтік топтар жұмыс істеп жатыр. Осы топ жұмысы кезінде бірнеше мейрамханаларда той-садақа өткізіліп жатқаны белгілі болды. Оларға әкімшілік шара қолданылып жатыр. Мұны тоқтату керек. Жақында Шығыс Қазақстан облысында бір күнде 200-ден астам адамнан коронавирус індеті табылғанын білесіздер. Оның ішінде 80 адам мейрамханаға барған, сол жерден жұқтырған. Қазіргі таңда бұл іске қатысты әкімшілік емес, қылмыстық іс қозғалып жатыр. Біз ондай жағдайды болдырмайық. Шектеу шараларының барлығын толық орындау қажет. Ауру қазір геометриялық прогрессиямен көбейіп жатыр, сондықтан эпидемологиялық жағдайды ушықтырмау үшін барлығымыз жауапты болуымыз керек, — дейді облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Н.Беркімбаева.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, айыппыұл төлегеніне қарамастан, тапсырыс алып, қонақ қабылдап жатқан нысандар әлі де бар.

— Ресейде ауру көп тіркеліп жатыр, біздің Жайсаң, Әлімбет шекара бекетінен әрі-бері адамдар өтіп жатыр. 6 қазаннан бастап осы екі бекет арқылы екі мыңнан астам адам тексеріліп, 6 адамнан коронавирус анықталды. Бұл ойланатын мәселе. Той-томалақты қою керек. Әсіресе, біздің үлкен ата-әжелеріміз тойға барғанды жақсы көреді. Сараптама жасаған кезде байқағанымыздай, қауіпті індетті ең көп жұқтыратындар да осы кісілер екен. Сондықтан көпшілікті жинамау маңызды, ата-аналарымызды, туыстарымызды сақтайық, — деді Н.Беркімбаева.

31 қазан күні Ақтөбе қаласы полиция басқармасының қызметкерлері мониторинг топпен бірге рейдтік іс-шара жүргізу барысында қала аумағында заңсыз түрде жұмыс жасап жатқан караоке-барды анықтаған. Облыс аумағында шектеу шаралары жүріп жатқанына қарамастан, Ақтөбе облысы мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарына қарсы караоке-бар жұмыс жасаған.

— 17 қазанда Заречный-2 ауылында мейрамханалардың бірінде үйлену тойы тоқтатылды. Мейрамханада 60 адамға арналған үйлену тойы өткізгендігі анықталды. Осыған ұқсас тағы бір дерек 18 қазанда анықталды. Рейд барысында сол аудандағы мейрамханалардың бірінде 60 адамға арналған той өткізу фактісі анықталды. 13 қазанда полицейлер Ғазиза Жұбанова көшесінде орналасқан мейрамханалардың бірінің карантин режимін бұзып, жұмыс істеп жатқанын анықтады. Бұл жайттарға байланысты мекеме иесіне қатысты санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша материал жиналып, іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Ақтөбе облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Ақтөбе қалалық бөліміне жіберілді, — дейді облыстық ПБ баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Ақтөбе өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова да кәсіпкерлерге санитарлық талаптарды қатаң сақтап, тәртіпке бағыну қажеттігін қадап айтты.

— Кейбір кәсіпкерлер талаптарды біле тұра, бұзады. Сосын кәсіпкерлер палатасына шағымданып келеді. Мәселен, жақында қаламыздағы бір хостелге санитарлық талаптарды бұзғаны үшін  640 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Біз оған көмектесе алмаймыз, себебі хостел басшысы талаптармен таныс бола тұра, оны сақтамаған. Осы секілді қоғамдық тамақтану бағытындағы кейбір нысандар да облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысын біле тұра қараша айына банкет өткізуге тапсырыстар алған. Бұл — анық тәртіп бұзу. Кей облыстарда санитарлық тәртіп бұзғандарға қатысты қылмыстық істер де қозғалып жатыр. Сондықтан мұндай кәсіпкерлерге палата көмектесе алмайды. Талап — ортақ, ол сақталуға тиіс. Бұл — кәсіпкерлердің өздерінің және жұмысшылардың, келушілердің өмірі үшін маңызды, — дейді ол.

P.S. Қоғамдық тамақтану орындары, соның ішінде мейрамхана бизнесінің бұл күрделі кезеңнен қалай, қашан шығары белгісіз. Оны, расында, ешкім тап басып айта алмайды. Дегенмен «Атамекен», «Зере» мейрамханалары секілді уақытқа бейімделу де мәселенің бір шешімі болса керек. «Күрделі кезеңнен өту үшін анық 5 жыл керек шығар. Дегенмен ол уақыт аралығында адамдардың да 300-400 адам шақырып, ас та төк той өткізуге қатысты көзқарасы да өзгереді. Бүгінгі күннің өзінде той-томалақты 40-50 адаммен өткізу дәстүрге айналып келеді…» — дейді Бану Тілегенова.

Бұдан шығатын қорытынды біреу: елімізде мейрамхана бизнесі енді бұрынғыдан басқаша бағытты таңдауға мәжбүр болуы мүмкін. Дегенмен оны уақыт көрсетеді.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button