Экономика

Мемлекеттік мүлік: мақсатты және тиімді пайдалану

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бір буыны болып табылатын Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті еліміз егемендік алысымен дүниеге келген алғашқы нарықтық құрылымдардың бірі ретінде көрінді. Комитет және оның облыстардағы құрылымдары содан бергі кезеңде нарықтық қатынастардың заңдылықтарына сәйкес көптеген істер тындырды, бұрын қолға алынбаған жаңа шаруаларды жүзеге асырды. Уақыт талабына сай мүлікті мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру қарқынды жүргізіліп, көздеген межелер біршама тиянақталғанымен атқаратын жұмыстар әлі де баршылық.

Мүлікті мемлекет иелігінен алу аса жауаптылықпен, жанашырлықпен жүргізілуі тиіс десек те, оның бей-берекет шашау шығып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуін қадағалаудың бүгінгі жай-күйі қандай? Қазіргі таңда қандай шаруалар жүзеге асырылуда? Міне, осы және басқа да мәселелер туралы білмек болып «Батыс» өңіраралық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бастығы Мырзабай Нұртазинге жолығып, сұхбаттасқан едік. Әңгіме алдымен жекешелендіру процесінің бүгінгі ахуалы тұрғысында өрбіді.

— Жекешелендіру жұмыстары қай салада болмасын жедел жүргізілгендей әсер қалдырады. Қазір қай тұстамыз деп санайсыздар?

— Елімізде жекешелендіру процесі негізінен төрт кезеңмен өткізілді. Олардың әрқайсысы бір-бірін толықтырып отырды әрі соңғысы өзінің алдыңғысының жалғасы сипатында болды. Яғни белгілі бір дәрежеде сабақтастықтар ұсталынды. Қазір   төртінші кезеңдеміз. Мұның ерекшелігі мынада: негізінде мемлекеттік мүлік республикалық және коммуналдық меншікке бөлінеді. Ондағы басты мақсат –  жергілікті мемлекеттік басқаруды жалғастыру, аймақтардың қаржылық және экономикалық дербестігін қамтамасыз ету. Кейінгі тұстағы бір атап өтерлік жағдай —  коммуналдық меншікті жекешелендіруді облыс әкімінің өзі жүзеге асыруына құқық берілді.

Әрине, әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі болды. Бүгінде біздің департамент  Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында стартегиялық маңызы    бар  экономика  саласындағы  республикалық меншікке мемлекеттік  мониторинг жүргізуге қатысу және бақылау-қадағалау функцияларын өз құзыретінің шегінде   жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып саналады. Департаменттің Орал қаласында Батыс Қазақстан облысын қамтитын филиалы бар.

Негізгі бағыт –  республикалық мемлекеттік заңды тұлғаларға жедел басқару немесе шаруашылық жүргізу құқығымен бекітілген мемлекеттік мүліктің тиімді және мақсатты пайдаланылуын бақылап, қажет болған жағдайда кеңестер беру. Сондай-ақ әрі қарай пайдаланылуы тиімсіз, басы артық мемлекет мүлкін мемлекеттік басқару органдарының және мүліктің теңгерім ұстаушысының   келісімімен қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мүліктік жалға беру немесе мемлекет иелігінен алу, жекешелендіру де басты назарда ұсталынады.

Жалпы жұртшылыққа ұғынықты болу үшін осы бағыттағы кейбір мәселелерді де тиянақтай кеткен жөн болар.  Өз құзыры  шегінде республикалық меншікке қатысты меншік құқығын   жүзеге   асыру, республикалық меншікті сатып алу-сату шарттарының міндеттемелерінің орындалуын бақылау және республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың әр жылдың қорытындысы бойынша түскен таза пайдасының белгілі бір бөлігінің республикалық бюджетке дер кезінде түсуіне ықпал ету, республикалық мемлекеттік заңды тұлғалардың шаруашылық жүргізу және   жедел басқару құқығындағы мүлікті жалдау үшін төлемнің есептемелік мөлшерлемелерін келісу де біздің негізгі міндеттерімізге кіреді.

Өткен жылы республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың жалға беру, төлем, есеп айырысу мөлшерлемелеріне келісім беру туралы өтініштері қаралды. Өңіраралық департамент олардың басы артық алаңдарын мүліктік жалға ұсынуын қараған төрт тендерлік комиссияға қатысты. Мұның бәрі жай атқарыла салмайды. Талдау-сараптау жұмыстары жүргізіледі.

—  Сөз арасында мемлекеттік мекемелердің пайдалануына тиімсіз, басы артық нысандарға қатысты айтылып қалды. Осы әңгімені әр қарай өрбітсеңіз.

— Республикалық мемлекеттік мекемелердің есебінде тұрған пайдалануға тиімсіз, сондай-ақ басы артық нысандарды мүліктік жалға беру, осы туралы келісім-шарттар талаптарының орындалуын қамтамасыз ету, республикалық мемлекеттік меншіктегі объектілерді сатуға дайындау және сатуды ұйымдастыру да біздің құзырымызға жатады. Өткен жылы жалға беру бойынша қолданыстағы 58 келісім-шарттан республикалық бюджетке 44061,3 мың теңге аударылса, осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорына жатпайтын объектілерді жалға беруден қолданыстағы 160 келісім-шарт бойынша 30074,7 мың теңге жіберілді.

Коммуналдық қызметтер, ғимаратқа қызмет көрсетілгені үшін төлемдер, ағымдағы және күрделі жөндеуге қаржы аудару қаралған шарттағы республикалық мемлекеттік мекемелер теңгеріміндегі ғимараттарға республикалық мемлекеттік мекемелерді орналастыру мәселесі тұрақты қадағаланады.

Біз сондай-ақ аймақтық маңызы бар республикалық мемлекеттік меншіктегі объектілерді жекешелендіру бойынша шараларды да жүзеге асырамыз. Өткен жылы 59 республикалық меншік объектілері сауда-саттыққа шығарылды. Осы жерде жалпы өңіраралық департаменттің іс-әрекеті арқылы республикалық бюджетке түсетін түсімдер Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаменті мен өзіміз арқылы үш жақты бақылауға болатындығын айта кетуге болады.

— Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілген мүліктердің пайдаланылуын қай дәрежеде бақылап, ықпал ету шараларын қай мөлшерде пайдаланасыздар? Осы бағытта аз-кем түсінік беріп кетсеңіздер.

— Ағымдағы жалдың 9 айында республикалық мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілген мүліктердің мақсатты да тиімді пайдалануына прокуратура органдарында тіркелген он алты тексеру жүргізілді. Тексерулер барысында пайдаланылмайтын жэне бөтен мақсатқа пайдаланылатын тоғыз жүз екі бірлік негізгі құралдар анықталып, олардың отыз үшін сауда-саттыққа қою ұсынылып, сегіз жүз алпыс тоғызы есептен шығаруға берілді.

Қазір облыста барлығы 290 республикалық мемлекеттік заңды тұлғалар әрекет етеді. Олардың 206-ы — республикалық мемлекеттік мекемелер мен олардың филиалдары, 84-і — республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен олардың филиалдары.

Өткен жылы республикалық мемлекеттік тұлғалардың теңгерімнен-теңгерімге қабылдау-өткізуінің 48 актісін бекіттік. Ал, мүліктердің республикалық меншіктен коммуналдық меншікке берілуін біздің департамент облыс әкімшілігімен және басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып белгіленген заңдылық тәртіпте жүзеге асырды. Өткен жылы сондай жолмен үш объекті коммуналдық меншікке берілді. Сондай-ақ жеті объекті және екі кәсіпорын мен бір мемлекеттік мекеме мүліктік кешен ретінде коммуналдық меншіктен республикалық меншікке қабылданды.

Бұл өңіраралық департамент ұжымы атқарған жұмыстардың бір парасы ғана. Мұның бәрі мұқият қарауды, жұмыс процедураларының заңдылықтарға, оларға кейінірек енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес болуын міндеттейтін қарбаласы көп, талабы жоғары тірлік.

—  Департамент өңіраралық болған соң оның жұмыс ауқымы да бұрынғыдан көбейетіні, басқару жүйесінің күрделене түсетіні белгілі. Дегенмен, салыстырмалы түрде болса да өздеріңізде атқарылған істердің бағалануы туралы айта кетсеңіз.

— Біздің өңіраралық департамент Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті әр тоқсан сайын өткізілетін рейтингтің қорытындысы бойынша алдыңғы қатардан көрінуде. Әрине, бұл оңай қол жеткен асу емес. Қызметкерлерге  Қазақстан Республикасының Заңдарын оқытуға, олардың тереңдеп игеруіне үлкен мән беріледі, заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар уақытылы таныстырылады, құқықтық білім беру жоспарлы жүргізіледі.

Ал, мемлекеттік тіл мәселесіне келсек, іс қағаздары 2006 жылдың қаңтар айынан мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ақтөбе облысындағы республикалық органдар арасында департамент бірінші орын алып, бағалы сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ облыс әкімнің Алғыс хатына ие болдық. Қызметкерлерімізге қазақ тілін оқытып-үйретуді жүйелі жүргізіп келеміз. Қазір барлық қызметкерлер іс қағаздарын қазақша да, орысша да сауатты толтыруға белгілі бір дәрежеде дағды қалыптастырды.

Әңгімелескен Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button