Құқық

 «Hi-Tech» жедел-алдын алу шарасы

27 қазанда «Hi-Tech» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Бөкенбай батыр көшесінде орналасқан ойын клубында Sony Intertainment Entertainment Europe LTD (SIEE) авторлық құқықтарын бұза отырып, Sony PS-4 ойын клубы жұмыс істейтіні анықталды. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған дерек бойынша криминалдық полиция қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірге полиция бөліміне 35 жастағы жеке кәсіпкер әйелді алып келген. Ойын клубынан «Sony PS-4», 6 дана ойын приставкалары, 14 дана ойын джойстигі, кассалық терминал тәркіленген. Кәсіпкерде бұл қызмет түріне лицензия болмаған.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі берген дерек бойынша осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 198-бабы 2-бөлігі «Авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу»  бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Сондай-ақ жедел алдын алу іс-шарасы барысында алаяқтықтың бірнеше фактісі анықталған. Мәселен, 27 қазанда Хромтау қаласының 29 жастағы тұрғыны полицияға жүгінген. Оның айтуынша, маусым айында белгісіз адам оның жеке деректерін пайдалана отырып, 105 мың теңгеге онлайн кредит ресімдегенін айтты.

Криминалдық полиция қызметкерлері «Hi-tech» жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында 22 жастағы жігітті ұстады, күдіктінің «Creditum» микроқаржы ұйымы арқылы жәбірленушінің атына несие ресімдегені анықталды.

Сонымен қатар 26 қазанда полицияға Ақтөбенің 64 жастағы тұрғыны арызданды. Оның айтуынша, үйінің жанында тұрған 19 жастағы жігіт қоңырау шалу сылтауымен ұялы телефонын сұрап алып, Kaspi.kz. қосымшасы арқылы 125 мың теңге сомасындағы ақшаны өзіне аударып алған. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша 19 жастағы күдікті ұсталды.

Қазіргі уақытта бұл істерге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button