Спорт

«Ақтөбе»: жеңістерге жалғасқан жеңіс 

Футбол

Сәрсенбі күні, 28 қазанда Бірінші лиганың ХІІІ тур кездесулері өткізілді.

Бірінші конференцияда ойнап жүрген жерлестеріміз бұл турда «Арыс» командасымен кездесті.

Әрине, Премьер-Лигаға мерзімінен бұрын оралған «Ақтөбе» командасы үшін тап осы ойынның нәтижесі аса маңызды роль атқармайтын да еді. Дегенмен кеше ғана барша жұртты дүр сілкіндірген жеңімпаздың кенеттен сүрінуі жанашыр жанкүйерлерге ұнамайтыны да айқын болатын. Оның үстіне футболшылар қай кезде де шын ойын өрнегін көрсетуге міндетті.

Ал ойын барысына келсек, үшінші орында келе жатқан «Арыстың» енді екінші орынға жоғарылаудан үмітін үзбегені рас еді. Сол себепті де бұл жолғы кездесудің алма-кезек шабуылдармен басталуы да заңдылық болатын. Әсіресе, арыстықтар біздің қақпа жаққа қарай тайлы-таяғымен ұмтылумен болды. Бірақ ақтөбелік қорғаушылар қай кездегідей де еш абыржымады. Қарсыластарына тойтарыс берумен бірге өздері де қарымта шабуылдар ұйымдастырудан кенде болған жоқ. Сондай сәттердің бірі нәтижелі аяқталды.

Бір қызығы, бұл шабуылға қатысушылар көп те болмады. Біздің қақпашы мен қорғаушы арқылы ілгері жөнелтілген допты алаң ортасында оң қанатта жүрген Владислав Прокопенко қағып алды да, сәл алдында зырғып бара жатқан Ардақ Сәулетке тастай қойды. Сөйтті де өзі ілгері қарай оқша зулады. Әріптесінің ойын түсіне қойған Ардақ тұсынан озып бара жатқан Владиславқа допты қайыра тастады. Владислав оны дереу қарсыластар қақпасына төне келіп қалған сол жағындағы Бобан Джорджевичке кідіріссіз асырды. Бобан допты жерге түсірместен еңірете соққы жасады, қақпашы аңырып қалды да, теңбіл доп жібек торды бүлк еткізді — 1:0.

Бұдан соң, әрине, арыстықтар қарымта қайтаруға тырысты. Күшке мініп, тіпті екі рет жүйдемелете бұрыштама доп та соқты, қақпашыны да мазалап үлгерді. Бірақ ақтөбеліктер сауатты қорғаныстан айнымады, арыстық футболшылардың екпінін осылай басты.

Сөйтіп, бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Екінші тайм басталысымен арыстықтар тіпті белсене қимылдады.Тікелей де, қос қанаттан да қусыруға тырысып бақты. Бірақ жерлестеріміз сол баяғыша барлық шабуылдарды байыппен қарсы алып, арыстықтардың екпіні доптан айырылып қалумен немесе нәтижесіз соққы жасаулармен аяқталып жатты. Әрине, «Ақтөбе» де шабуылдар ұйымдастырды, қарсыластар қорғаушыларын қыспаққа алуды да ұмытпады. Ал «Арыс» футболшылары қарымта қайтарудың түрлі амалдарын қарастырды, тіпті 87-минутта Роман Павинич біздің айып алаңымызда «оңбай» сұлап түсті. Дегенмен бұл сәтті жіті қадағалап қалған бас төреші Ғалымжан Кенжалинов арыстық футболшыға «көз бояуға» тырысқаны үшін ескерту жасап, «сары қағаз» көрсетуге мәжбүр болды. Сөйтіп, «Арыс» ақтөбеліктердің осал тұсын таба алмай пүшәйман болды.

Ойын осылайша жерлестеріміздің кезекті жеңісімен аяқталды.

«Ақтөбе» осымен қатарынан сегізінші рет жеңіске жеткенін де ерекшелеп айта кеткен мақұл.

Тағы да еске сала кетсек, бірінші айналымда жерлестеріміз «Арысты» 2:1 есебімен ұтқан болатын.

«Ақтөбе» — «Арыс» — 1:0.

Гол авторы: Бобан Джорджевич, 35-минут (0:1).

«Ақтөбе» мына құрамда ойнады: Жасур Нарзикулов (капитан), Куасси Куаджа, Никола Цуцкич, Бобан Джорджевич (Тәуіпбек Орналин, 59-минут), Әлішер Әжімов, Есен Жасанов, Әділхан Таңжарықов, Ардақ Сәулет (Нұрболат Батырханов, 80-минут), Жамбыл Көкеев (Максим Самородов, 59-минут), Владислав Прокопенко (Рифат Нурмугамет, 80-минут), Алексей Концедалов (Демият Сламбеков, 78-минут).

Резервте болғандар: Евгений Ситдиков, Рустам Темірхан, Антон Шурыгин, Әлішер Назаров, Рустам Сахибов, Андрей Часовских, Олег Чернышов.

2020 жыл 28 қазан-11.00. Павлодар қаласы, Орталық стадион. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Мақтаарал»-«Қыран» — 0:0

2020 жыл 28 қазан-14.00. Павлодар қаласы, «Жұлдыз» стадионы. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

«Алтай»-«Екібастұз» — 0:2

Гол авторлары: Арман Смайлов, 38-минут (0:1); Қуаныш Бегалин, 68-минут (0:2).

2020 жыл 28 қазан-17.00. Павлодар қаласы, Орталық стадион. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

Бірінші лиганың бірінші конференциясы бойынша 1-орын «Ақтөбе» командасының еншісінде — 29 ұпай. Жерлестеріміз 11 кездесуде 9 рет жеңіп, 2 рет тең ойнады. Доп айырмашылығы — 23:2.

20 ұпай жинаған «Қыран» (Түркістан) бұрынғыша 2-орында тұр.

3-орындағы «Арыстың» (Арыс) 18 ұпайы бар.

17 ұпай жинаған «Мақтаарал» (Атакент) бұрынғысынша 4-орында қалды.

5-орындағы «Байқоңырдың» (Қызылорда) 10 ұпайы бар.

6-7 орындарды 9 ұпай жинаған «Екібастұз» (Екібастұз) бен 6 ұпайы бар «Алтай» (Семей) бөлісіп тұр.

Ескерте кетейік, «Қыран» 12 рет ойнап, биылғы кездесулерін аяқтады. Қалған командалардың бір-бір кездесулері бар.

Биылғы соңғы, ХІV тур ойындары 31 қазан, сенбі күнге белгіленді:

«Алтай» — «Ақтөбе»

«Байқоңыр» — «Екібастұз»

«Мақтаарал» — «Арыс»

«Ақтөбенің» мергендері:

4 голдан соққандар: Эдуард Суханов пен Бобан Джорджевич.

3 гол авторы: Олег Чернышов.

2 гол өткізгендер: Владислав Прокопенко, Рифат Нурмугамет, Виталий Волков, Максим Самородов.

1 гол авторлары: Әділхан Таңжарықов, Демият Сламбеков, Андрей Часовских, Никола Цуцкич.

Біздің үздік қақпашымыз:

«KazFootball.kz.» ақпараттық порталы Бірінші лигада 36 жастағы ақтөбелік қақпашы Жасур Нарзикулов қақпасына 586 минут бойы еш гол енгізбегенін хабарлады.

Ол соңғы рет қақпасына бірінші айналымның басында, 30 қыркүйекте Шымкенттегі ойында гол өткізіп алған еді. «Арыспен» болған кездесуде қақпашыны Стэнли Нкоби қапы қалдырған болатын.

Дәп қазір Бірінші лигада ақтөбелік қақпашымен теңесер ешкім болмай тұр. Екінші орындағы Владислав Саенко («Ақжайық») қақпасына 189 минут бойы гол енгізбесе, үшінші орындағы Максим Казначеевтің («Жетісу Б») көрсеткіші — 158 минут.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button