Құқық

Алаяқтың ізі жоқ, өзі де жоқ…

Адамдардың аңқаулығынан ба, әлде алаяқтардың әккілігінен бе, бүгінде баспана мен жер телімдеріне, ақша мәселесіне қатысты сансоқтырушылық қоғамда ең көп таралған қылмыс түріне айналды. Жыл басынан бері облыстық ішкі істер департаментінде алаяқтық мәселеге қатысты 85 іс тіркеліпті.

8 мың долларлық «сенім»

Қарлығаш Сапарова қазір қалада пәтер жалдап тұрады. Қаладан бір бөлмелі пәтер алу үшін 2008 жылы ол Алға қаласындағы үйін 8 мың долларға сатады.

—Қалада тұратын әпкемнің Мәриам есімді көршісі бар болатын. Мәриам менің қаладан үй саудалауға келгенімді естіп, өзінің пәтер саудасымен айналысып жүрген таныс жігітінің барын айтты. Кейін Мәриамның танысымен кездестім. Ол қолымдағы 8 мың долларды бір бөлмелі пәтер алу үшін алғашқы жарна есебінде өзіне беруімді сұрады. Әлгі жігітке сенгенім соншалық, қомақты қаржыны ешбір нотариуста куәландырмастан бере салыппын. Мен қолымдағы  қаржыны жоғалтып алмай тұрғанда бір іске жаратудың реті осы деп түсіндім. Өйткені, сол жылдары банктен тыс пәтер саудасымен айналысатындардың ісі жайында, олар арқылы жаңа үйге жылдам қол жеткізуге болатынын естігенмін. Міне, үшінші жылға кетіп барады, пәтер алмақ түгілі, әлгі жігіттен ақшамды қайтарып ала алмай жүрмін. Басымдағы мән-жайды айтып, қаладағы Сазды полиция бөліміне арыз түсірдім. Осыдан үш ай бұрын  әлгі жігітпен тергеуші алдында кездестік. Қолымда оған ақша бергендігімді растайтын құжат болмағасын, мен сөзімді дәлелдей алмаймын. Тергеушілердің де айтатыны — осы. Ал ол болса ақшаны алмағанын айтып, тайраңдайды. Ұялы байланыс телефонына хабарлассам, менің атыма түрлі балағат сөздер айтып, сөйлескісі жоқ.

«КамАЗ» да жоқ, жұмыс та жоқ…

Атыраулық кәсіпкер Қанжар Қали да алаяқтың құрығына іліккендердің бірі.

— Мен осыдан бір жыл бұрын Димашпен ағасы арқылы танысқанмын. Ол Ақтөбедегі «ЗапКазКамАЗ» мекемесінің өзіне қарыз екенін, осы мекемеден арзан бағасына «КамАЗ» автокөлігін шығарып беретінін айтып сендірді. Сендіргені соншалық, қарауылы қатаң әлгі мекемеге кіргізіп, алатын көліктерді де таңдатты. Сөйтіп төрт «КамАЗ» алатын болып, 68 мың доллар ақшаны ешбір нотариустың құжатынсыз Димашқа санап бердім. Көліктерді күтіп, бірнеше ай Ақтөбеде жүрдім. Уақыт ұзай берді, орындалар уәде жоқ. Міне, бір жылдан кетті, көлік те жоқ, ақша да жоқ. Димашқа қомақты ақша бергендігімді растайтын куәгерім Елтай Төлешевтің қолхатын қосып, құзырлы органдарға арызданып жатырмын, —дейді Қанжар.

Мұндай жағдайға ақтөбелік Мәриям Шоқаева да тап болыпты. Жарты жылға жуық уақыт бойы Мәриям апайдың баласындай үйінде жүріп, сеніміне кірген алаяқ олардың несиеге алған «КамАЗ» көлігін қымбат бағасына сатып беруге уәде береді. Ол аздай, баласы мен ағасын жақсы жерге жұмысқа кіргізетін болып қомақты қаржы алады. Қолына ақша тиген Димаш қазір Мәриам апайдың үйінен қарасын біржола батырды.

Арзанның сорпасы

Қазір алаяқтар баспана мәселесіне қатысты жаңа бір айла-тәсіл ойлап тауыпты. Енді олар «кепілде тұрған үйді нарық құнынан 30-40 пайызға төмен бағаға сатып алып береміз» деп, талайларды тақырға отырғызып жүр.

Бір күнде барынан айырылып, үш баласымен далада қалған Айғанша Қартқожаеваның басына тап болған қиын жағдайдың өзі талайларға сабақ болары сөзсіз. Айғаншаның айтуына қарағанда, ол танысы арқылы Нұрлан есімді жігіттің банкте кепілде тұрған баспаналарды арзан бағамен сатып алып беретіндігін құлағы шалып қалады. Тәуекелге баруды ойлаған Айғаншаны әлгі танысы да ынтықтыра түсіп, қызықтырсын кеп. Қызығудың соңы оның екі бөлмелі пәтерін 60 мың долларға сатып, ақшаны үш бөлмелі пәтер алмақ оймен Нұрланға санап беруімен тынып отыр.

Қазір ақша да жоқ, пәтер де жоқ, Нұрлан да жым-жылас. Қолхат нотариуста да куәландырылмапты. Айғанша айғақты дәлел болары неғайбыл қолхатта көрсетілген мекен-жайға да барған екен, ол үйдегілер Нұрланның кім екенін тіпті білмейтін болып шыққан. Демек, Нұрланның жеке куәлігінде көрсетілген мекен-жай да — жалған. Ұялы телефоны бірнеше айдан бері сөндірулі.

Әр үйге анықтама беріледі…

Светлана Үмбетова, облыстық әділет басқармасының жылжымайтын мүлікті тіркеу бөлімінің бастығы:

— Қазір адамдар өз құқықтарын біле бермейді. Соның салдарынан алаяқтардан зардап шегіп жүр. Пәтер алу мәселесінде де өте мұқият, абай болған жөн. Арзан пәтер десе де ешкімге сенуге болмайды. Жаңа пәтер алмастан бұрын ол үйдің барлық құжаттарын мұқият тексерген жөн.

Қазір еліміздің Әділет министрлігі «Электронды үкімет» бағдарламасы негізінде жаңа жүйе орнатты. Яғни аймақтағы әрбір үй компьютерге түседі. Бұл  пәтер сатып алушылар үшін өте тиімді.

«Электронды үкімет» бағдарламасы арқылы тапсырыс беріп, 30 минуттың ішінде өзіңе керекті анықтама ала аласың. Бұл үшін www.pki.kz, www.egov.kz сайттары арқылы кез келген жылжымайтын мүлік туралы анықтама алуға болады.

Мұндай анықтаманы үйде отырып-ақ қарауға болады. Қазір аудан тұрғындары үшін де бұл мүмкіндікті пайдалануға болады.  Бұл — қоғамда пәтер алаяқтығы ісіне тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы.

Банкке кепілге қойылған үйлердің несиесі төленбесе, түрлі жеңілдіктерден соң, банк сол үйді аукционға шығарады. Бұл кезде кепілдегі үйдің қожайыны — банк. Аукционға қойылған үйді сатып алу үшін банкке барып, аукционның қайда, қалай өтетіні туралы білген жөн.

Жалған жарна

Ақтөбелік тұрғындардан құралған ірі қылмыстық топ қолға түскені көпшілікке мәлім. Қылмыстық топ құрамындағылар топ басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламамен үй алуға ниет танытқан адамдарды жинаумен айналысқан. Өзін қала тұрғындарына «Жаңа үй Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің немесе облыстық әкімдік қызметкері деп таныстырған топ басшысы мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлерден пәтер алуға өз көмегін ұсынады екен. Бұл ретте ол азаматтардан алғашқы жарна ретінде ірі көлемде ақша алып отырыпты.
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі  «Жаңа үй» мемлекеттік бағдарламасы пәтерлерімен алаяқтық жасады деген айыппен қылмыстық топ басшысына және оның үш сыбайласына әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыру туралы үкім шығарылғанын айтады. Айыпкерлер жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемелерінде өтейтін болады.

P.S. Кепілде тұрған үйлерді сату мәселесіне қатысты сауалдар қойып, бірнеше банкпен хабарласқан едік.  «Әрине, кепілде тұрған үйді банк тәртібінен тыс сату заңға қайшы. Оған жол берілмейді», — дейді олар.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button