Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбеде жасалған

Өткен жұма күні журналистерге Ақтөбеде іске асырылып жатқан екі инвестициялық жоба таныстырылды. Мақсат — Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және импортты алмастыруға бағытталған бағдарламалар жөнінде хабардар ету, ел Президентінің Жолдауындағы басым бағыттарды насихаттау.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлікке қолдау көрсетуді әлі де күшейту керектігін, нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенетінін атап өткен-ді. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру да Үкімет үшін басты мақсаттардың бірі болуы қажет. «Негізгі міндеттеріміз — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту және агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есеге арттыру», — деді ел Президенті.

Осы орайда БАҚ өкілдеріне бұл мақсаттағы жұмыстардың өңірде қалай атқарылып жатқаны төңірегінде баспасөз туры өткізілді. Ұйымдастырушы — «Аграрлық несиелік корпорация» акционерлік қоғамы мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі.

Ең алдымен «Green Capital Kazakhstan» ЖШС-ның жұмысы таныстырылды. Шаһардың шетінде орналасқан ірі жылыжай — халықаралық һәм заман талаптарына сай келеді. Кешенде қуаттылығы 7 мың тоннадан астам қызанақ өндіретін жаңа гидропоника технологиясы қолданылады. Қазіргі таңда өндіріс орнында 120 адам жұмыспен қамтылған. Аталған жобаның «Агроэкспорт» және «Агробизнес» бағдарламалары бойынша қаржыландырылғанын айта кету керек.

— Біздің инновациялық жылыжай барлық талаптарға сай келеді, ультра-климат жүйесінде жұмыс істейді. Бұның басты артықшылығы — қандай ылғал, ауаның қажет екенін автоматты түрде таңдайды. Кешендегі жарықтандыру да солай. Бұл — өндірістегі жылыжайдың соңғы үлгілерінің бірі, саладағы жаңашылдық. Ауыл шаруашылығы саласындағы бұның пайдасын сөзбен жеткізу қиын. Соның арқасында өнім көлемін арттыруға мүмкіндік алдық. Жұмыс режиміне де оң септігі тиді.

Жоғары сапа, соңғы технологиялар жылыжайдың жабдықтарына жұмсалған шығынды аз уақытта өндіріп алуға, әрине, ықпал етеді. Бұл жұмысшыларға да белгілі бір деңгейде ыңғайлы. Сандық технологияларды айтып отырмын.

Біз мұндағы құрылысты жүргізу үшін 9 миллиард теңгені 6 пайызбен несиеге алдық. Аптасына 50 тонна өнім аламыз. Алдағы уақытта бұның көлемін 100 тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар, — дейді «Green Capital Kazakhstan» ЖШС-ның атқарушы директоры Әлібек Утембаев.

Оның айтуынша, жылыжайда қосымша құрылыс жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Мұндағы мақсат — өнім көлемі һәм түрін арттыру. Егер бәрі сәтті жүзеге асып жатса, 300-ден астам адамды еңбекпен қамту көзделіп отыр.

Жылыжайда, негізінен, қызанақтардың бірнеше сұрпы өсіріледі. Экспорт ерекше жолға қойылған. Мәселен, «Green Capital Kazakhstan» ЖШС-ның көкөністері өзіміздің Ақтөбе облысынан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, т.б. қалаларға жеткізіледі. Көршілес Ресей Федерациясымен де әріптестік орнатылған. Серіктестіктің атқарушы директоры Әлібек Утембаевтан жергілікті нарықта қызанақтың бір келісі 350 теңгеден сатылатынын білдік.

Сондай-ақ Мәртөк ауданына қарасты Саржансай ауылында орналасқан «Milker» ЖШС-ның жай-күйі көрсетілді. Аталған жоба Ақтөбе облысында суармалы учаскелерде жем-шөп өндіру базасын құруға және түйіршіктелген жоңышқа өндіретін құрама жем зауытын салу мақсатында қаржыландырылған. Цехта жүгері және жоңышқа өндіріледі. Қазіргі уақытта компания ірі және шырынды азықтарды өндіруге басымдық  беріп жатыр. Германиялық қондырғылармен жұмыс істейтін зауыт алдағы уақытта ферма салып, өнімдерін Еуропа елдеріне жөнелтуді мақсат етіп отыр. Бүгінгі таңда мұнда 45 адам еңбек етеді.

Арнайы топпен бірге өндіріс орындарын аралағандардың арасында елордадан келген маман — «Аграрлық несиелік корпорация» акционерлік қоғамы маркетинг және пиар қызметінің жетекшісі Руслан Ескендір:

— «Аграрлық несиелік корпорация» акционерлік қоғамы биыл барлығы 8 бағдарлама бойынша жұмысын жоспарлы түрде жалғастырып жатыр. Аталған несиелік бағдарламалар аз мөлшердегі пайызбен беріледі. Біз, негізінен, ауыл шаруашылығы саласындағы қожалықтарды кеңейтіп, дамытуға баса мән береміз. Отандық өндірісті көтеру — басты мұрат. Өйткені айналып келгенде оның азық-түлік өнімдеріне әсері болады. Ал бұл мемлекеттік деңгейдегі мәселе екені белгілі.

Мысалы, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының іске асырылғанына 2 жыл болды. Биыл 9 айда аталған жоба аясында 41 миллиард теңге бөлінді. Сол қаражатқа 882 кәсіпкерді қолжетімді несиемен қамтамасыз еттік, — дейді.

Айта кетейік, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасынан білгеніміздей, биылғы 9 айда өңірге тартылған инвестиция көлемі — 410 миллиард теңге. Ал жыл соңына дейін 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның 6-ы бүгінде жұмысын бастап кеткен. Жалпы, Ақтөбеде 50-ден аса компания экспортпен айналысады. Сыртқы нарыққа біздің өңірден құрылыс материалдары, түрлі деңгейдегі жабдықтар, азық-түлік өнімдері шығарылады екен.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button