АуылБасты жаңалықтар

Еңбекпен жаңарған Ақырап

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, кезінде Исатай ауданының орталығы болған Ақыраптың қалай құрдымға кеткені елдің есінде. Талай үйдің бос қалып, адам санымен қоса, мал басының да азайып кеткені туралы талай мақала ғасырға жуық тарихы бар «Ақтөбе» газетінің беттерінде басылды. Жұмыссыздық жайлаған тұста «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткені рас. Бірақ бүгінде заман өзгерді. Ауылға көшіп барып, қызмет қылып, еңбек етем деушілерге мемлекет тарапынан қолдау бар.

Біз бұл жолы қазіргі таңда Қобда ауданына қарайтын Ақырап ауылының жаңарған тіршілігімен танысып қайттық. Бірлігі жарасқан, еңбекпен жаңарған ауылдың тұрмыс-тіршілігі туралы бізге ауыл әкімі Бауыржан Мұсаев айтып берді.

Көптің тілегі — көгілдір отын

Қобда ауылынан солтүстік-батысқа қарай 55 шақырымдай жерде, Үлкен Қобда өзенінің сол жағалауында орналасқан Ақырап ауылында бүгінде 700-ге жуық адам тұрады. Тұрғындардың бір бөлігі бюджеттік мекемелерде еңбек етсе, енді бір бөлігі өздерінің  жеке кәсібін бастаған. Алыстан қарасаң тып-тыныш, алақандағыдай болып көрінетін бұл ауылда тіршілік қайнап жатыр.

2012 жылы ауызсу құбыры тартылған ауылдың орталық көшелері де жарықтандырылыпты. Спутниктік интернет орнатылған, жақын арада WI-FI  қондырылатынын тілге тиек етті ауыл әкімі. Дегенмен тұрғындардың бір тілегі, даты бар. ХХІ ғасыр жаңа технологиялардың ғасыры дегенімізбен, Ақырап жұрты әлі күнге дейін көмір тасып, күл шығарады. Әрине, күнделікті тірліктеріне электр пештері мен сұйылтылған газ баллондарын пайдаланатын тұрғындар да бар.

Биыл Ақырапта газ құю бекеті ашылып, онда ауылдың бірнеше тұрғыны жұмыспен қамтылғаны туралы біз бұған дейін де хабарлаған болатынбыз. Күнделікті ас үйде қолданатын газ баллондарын тұрғындар ауылдан толтырып ала алады. Дегенмен көпшілік жұрт ауылға көгілдір отынның тезірек келгенін қалайды. Ауыл әкімі бұл мәселенің күн тәртібінде екендігін және оның шешілу жолдары қарастырылып жатқанын айтты.

Бірлігі мен берекесі жарасқан ауылда орта мектеппен қатар, Мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория бар. Екі қабатты медициналық мекемеге бүгінгі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Қазір мұнда 1 дәрігер, 2 мейірбикемен қатар, тағы 3 адам жұмыс жасайды.

Ауылдағы білім ордасы жаңа оқу жылын дәстүрлі түрде бастапты. 100-ге жуық балаға білім нәрін сеуіп отырған мектепте барлық санитарлық талаптар сақталған. 1981 жылы іргетасы қаланған ғимарат 2016 жылы күрделі жөндеуден өтіпті. Мектеп директоры Сәния Сырымованың айтуынша, мамандар да жеткілікті.

Жылдағы дәстүр бойынша мектеп ұжымы биыл да мектеп жанындағы үлескеде көкөністер егіп, асқабақ пен кәдіні қапшықтап жинаған.  Мектеп бақшасынан жиналған өнімге ауыл тұрғындарымен қатар, көрші ауылдардан да сұраныс барын айтады. Өнімнен түскен қаражат мектептің ішкі қажеттіліктеріне  жұмсалады.

Ауылдың өз наубайханасы мен мал соятын алаңы бар

Қобда ауданының қай ауылына барып қарасаң да, көшелері тап-тұйнақтай, тап-таза. Аудан бойынша соңғы уақытта ауыл ішін көгалдандыру бағытына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Мәселен, тек биылдың өзінде Ақырап ауылының көшелеріне 130-ға жуық көшет егіліпті.  Ауыл әкімі ауылды көгалдандыру ісіне жастармен қатар, егде жастағы тұрғындардың да ерекше ықылас танытатынын айтады.

— Тазалық — саулық негізі. Бұл тұрғыда ауыл тұрғындарына еш өкпеміз жоқ. Қар кетісімен барлық тұрғындар өз аулаларының маңын тазалап, абаттандыру жұмыстарына белсене кіріседі. Сондай-ақ көше тазалығына «Жасыл ел» жасақтарының да қосатын үлесі зор. Ауыл ішінің тазалығын сақтау мақсатында биыл ауылда мал сою алаңы ашылды. Санитарлық талаптарға сай жұмыс жасап тұрған мал сою алаңында арнайы қасапшы бар. Бұл тұрғындарға да ыңғайлы әрі ауылішілік тазалық сақталып, мал бір жерде сойылады, — дейді Бауыржан Мұсаев.

Осы жазда Ақырап тұрғындарын қуантқан жағымды жаңалық — ауылда наубайхана ашылды. Мұнда тәулігіне тапсырысқа сай 100 көмеш нан пісіріледі. Пештен жаңа шыққан нанмен ауылдастарын қамтып отырған Ақырап тұрғыны — Света Мәжитқызы. Баспасөз беттерінен мемлекеттік бағдарламалар туралы оқыған ол «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, грант ұтып алған. Кейін ауылға наубайхананың ауадай қажет екенін ескеріп, бірден нан пісіретін арнайы пештер сатып алады. Ауыл әкімдігі де өз ісін бастаймын деген Светаға қолдау көрсетіп, ауылда бос тұрған ғимаратты уақытша жалға берген. Бүгінде кәсібін енді бастап жатқан Светаның болашаққа құрып қойған жоспарлары да бар.

— Наубайхана жұмысын енді бастап жатқан соң, әзірге барлық шаруаны өзім атқарып жатырмын. Түске дейін де, түстен кейін де келіп пісіремін. Нанға сұраныс қашан да бар ғой. Біздің ауылмен қатар, Жиренқопа тұрғындары да сатып алады. Болашақта, әрине, реті келіп жатса, өндіріс көлемін үлкейтіп, қасыма көмекші алғым келеді, — дейді ол.

«Қобда Агро» еңбекпен қамтып отыр

Ауылда ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлестерін қосып жүрген 26 шаруа қожалығы бар. Ауыл әкімі жауапкершілігі мол істі қолға алған азаматтардың барлығы да көмек керек кезде бір кісідей жұмыла қоятынын айтады. Сондай азаматтардың бірі — туған жер төрінде атакәсіпті қолға алған «Қобда Агро» шаруа қожалығының басшысы Асылбек Нұргелдин.

Өз ісін 2018 жылы бастаған «Қобда Агро» шаруа қожалығы асылтұқымды ірі малын өсіруді қолға алған. Бүгінде алдында 600 сиыры, 100-ден астам жылқысы бар Асылбек алдағы уақытта ет бағытындағы жұмыстарды қолға алғысы келеді.

Шаруашылық өзіне қажетті ауылшаруашылық техникаларымен толық қамтамасыз етілген. Аудан бойынша америкалық ауыл шаруашылығы техникасын әкеліп, қысқа азық жинап жатқан кәсіпкерлердің бірі. Бірнеше қызметті игере алатын заманауи

«Djone Deer»  тракторларының үшеуін сатып алған. Туған жерінде өз кәсібін бастаған кәсіпкер жұмысының өрге жүзуіне мемлекеттік бағдарламалардың да мол пайдасы тигенін айтады. Қазіргі таңда тағы да 500 асылтұқымды ірі қара сатып алу үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында несие рәсімдеп жатыр. Келер жылы мал бордақылау алаңын салғысы келеді.

—  Кез келген кәсіпкер шаруашылық бастар алдында барлығын зерттеп-зерделеп алады. Біз де сөйттік. Қобда жері егін егіп, шаруашылық бастаймын деген азаматтарға өте қолайлы. Өзім осы өңірдің перзенті боламын. Ауыл шаруашылығы саласында білім алмасам да, кезінде әкелеріміз шаруашылықтың ретін айтып отыратын. Кейін ойлана келе, осы бағытқа бет бұрып, нақты жұмыстарды қолға алдық. Қазір кәсібін бастаймын деген кез келген адамға мемлекет тарапынан қолдау бар, — дейді шаруа қожалығының иесі.

Бүгінде тек «Қобда Агроның» өзінде ауылдың 20-дан астам тұрғыны жұмыс жасайды. Кәсіпкердің айтуынша, жұмысшылардың барлығы өз ісінің мамандары. Істеріне жауапты. Ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеден басталады. Атқаратын жұмысына қарай айлық мөлшері де әділ есептелген.

Р.S. Біз тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан Ақырапта осындай тірліктер жасалып жатыр. Бос жатқан адам жоқ. Барлығы екі қолға бір күрек тапқан. Елдегі жағдайға байланысты көңілдерінде бір алаң болса да, күйбең тірлік жалғасып жатыр. Әр шаңырақтың түтіні басқа болғанымен, тілегі бір. «Барлығы да бас аман болса жасалар. Әуелгі тілек — амандық»  дейді ауыл тұрғындары.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button