Әлеумет

Қорықтық құйып, дем салдыруға бола ма?

«Сұрақ-жауап»

Шолпан МҰҚАШЕВА,

Ырғыз ауданының тұрғыны:

— Қазіргі таңда ел арасында қорықтық құю, дем салу, ұшықтау сияқты «қызметтерді» көрсететіндер көбейді. «Көз тигенді жазамыз» дейтіндер де кездеседі. Ханафи мәзһабында мұндайға жол беріле ме, дұрыс жолы қандай?

Бұған қатысты облыстық дін істері басқармасына қарасты «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теолог маманы Нұрбол Панаевтың пікірі мынадай:

— Қорықтық құю — қазақтың көнеден келе жатқан емдік ғұрпы. Ертеректе өз-өзінен шошынып, үрейленетін жас баланың ауруын қорықтық құю арқылы аластайтын болған. Ол үшін су құйылған кесені шошынған баланың басынан жоғары ұстап, оған алдын ала ерітіліп дайындаған қорғасынды құяды. Быжылдап шыққан дыбыстан шошынған бала осы кезде селк етіп, денесі тітіркенеді. Осылайша оның бойындағы ауру, жабысқан зиян осы тітіркенумен бірге сыртқа шығады екен. Сонымен қатар баланың неден шошынғанын қорғасынға түскен бейнеден көруге болады-мыс. Мысалы, қорғасыннан иттен шошынса иттің, мысықтан шошынса мысықтың бейнесі көрінеді деседі. Бұл ырым кей өңірлерде әлі күнге дейін сақталған. Өз кезегінде аталған ғұрыптың шариғатта негізі жоқ. Ал қорқып, шошынған адамға пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп айтуды кеңес ететін:

«Әғузу бикәлимәтилләәһит тәммәәти мин ғадабиһи уә иқообиһи уә шарри ибаадиһи, уә мин һамәзәтиш шаятиин. Уә ағузу бикә Рабби, ән яхдурун».

Мағынасы: «Мен Алланың кәміл сөзі арқылы Оның ашуынан, жазасынан және пенделерінің жамандығынан әрі жын-шайтандардың сыбырлауынан сиынамын. Уа, Жаратқан Ием, олардың (жын-шайтандардың) маған келуінен саған сиынамын».

Риуаяттарға қарағанда сахаба Абдулла ибн Амр (р.а.) аталмыш дұғаны есі кірген балаларға жаттатып, ал сәбилерге тұмар етіп тағып қоятын болған.

Дем салуға келсек, бұл ислам шариғатына жат емес. Ол пайғамбарымыздың сүннетінен бастау алған. Құранның шипа болып табылатыны жөнінде арнайы аяттар түскен. Пайғамбарымыз өзіне және отбасы мүшелеріне Құран аяттарымен және арнайы дұғалармен дем салған. Мұнымен бірге Пайғамбарымыздың жатар алдында «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерін үш реттен оқып, қолына дем салып, жүзін, денесін сипағаны белгілі. Сүннетке сәйкес, дем салу мұсылмандар арасында кеңінен тараған. Муслим риуаят еткен пайғамбарымыздың хадисінде: «Ішінде серік қосу сөздері болмаған дұғалармен емделудің әбестігі жоқ» делінген. Дегенмен дем салудың өзіндік тыйымдары да бар. Дем салу тек Құран аяттарымен және сахих хадистерде келген, шариғатта бекітілген дұғалармен жүргізіледі. Құранда жоқ, шариғатта бекітілмеген мағынасыз сөздерді қолданып дем салу харам деп саналады. Дем салу кезінде Аллаға ғана дұға етіп, жәрдем тілеу қажет.

Құран аяттары мен тиісті дұғаларды білетін әрбір адам өзіне-өзі дем сала алады. Білмеген жағдайда өзгелерге дем салдырудың да әбестігі жоқ. Қазақ ілім иесін, Құран сөзін сыйлағандықтан әдетте молдаларға, арабша оқуы бар адамдарға дем салдыруды жөн көреді. Аяттар мен дұғалардың дұрыс оқылуының мәні зор екенін ескерсек, арнайы білімі бар адамның дем салуы шынында да абзалырақ. Ал демнің шипа болмағы — Алла тағаладан…

Дем қалай салынады? Пайғамбарымыз әдетте қолын ауырған жерге қою арқылы дем салған. Кейде қолына дем салып, жүзіне, денесіне сүрткен. Жын иектеген кей адамдардың аузын ашып, үшкіріп, дем үрлеген. Қазақта негізінен үшкіру (дем үрлеу) әдісімен дем салады.

Сол секілді қазақ халқында да бұрыннан келе жатқан емдеу түрі — ұшықтау. Бұл емді халқымыз біреу ұшынып қалғанда, асқазаны тамақты дұрыс қорытпай қалғанда, тіпті қорқып қалғанда да қолданған. Салқын суды науқастың денесіне немесе бетіне бүрку, шашу арқылы жасайды. Сонда дене тітіркеніп, науқастың беті бері қарай бастайды. Демек, салқын су арқылы дене тітіркенгенде қан айналымының қайтадан жақсара бастауы немесе жүйке жүйесінің жұмысы қайта қалпына келе бастауы мүмкін. Салқын судың денеге әсерін түсіндіру — медицинаның еншісіндегі іс.

Ал енді осы ұшықтаудың дін бойынша дұрыс немесе бұрыстығына келетін болсақ, халқымыз бұл емдеу тәсілін қолданғанда да Алладан шипа сұраған. Науқасты ұшықтап болған соң үнемі әжелеріміздің «Е, Құдай тағала, шипаңды өзің бере гөр», деп күбірлегендерін естіп өстік. Егер ұшықтауды қолданғанда шипа судан болады деп сенсе, онда бұндай ой дінге қайшы екені рас. Тек қана ұшықтау емес, кез келген дәріні қолданғанда да ой дұрыс болуы қажет. Мысалы, науқастанғанда көбінесе дәрігерге жүгінетініміз белгілі. Сол дәріні қабылдайтын кезде «емім осы дәріден болады» деп ойласаңыз, бұл дінге теріс пікір. Күпірлік болып табылады. Ал дәріні қабылдарда «еміме септігін тигізе гөр, еміңді өзің бере гөр» деп Алла тағаладан сұрасаңыз, бұл ойыңыз дұрыс болмақ. Ұшықтауда да ой мен ниет түзу болуы керек. Ең дұрысы, бұндай қызметті атқаратын адамның міндетті түрде шариғи білімі  болуы тиіс.

ВОЛОНТЕР БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ…

Жанболат ТҰРНИЯЗОВ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Биыл елімізде Волонтерлер жылы екені белгілі. Менің де осы салаға бұрыннан қызығушылығым бар. Әрі өткенде осы газеттен Ақтөбеде еріктілер қозғалысының көбейгенін оқыдым. Менің сұрайын дегенім, волонтер болу үшін не істеу керек? Және оған ақша төлене ме?

Оқырманның бұл сауалына облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Сәбит Мұқанов төмендегідей жауап берді:

Өңірдегі волонтерлік топтардың саны 90-ға жетті. Бұл ұйымдардың құрамында 2 мыңнан астам ақтөбелік бар. Бірақ саннан гөрі, сапа маңызды екені айтпаса да түсінікті… Бұл — қоғамдық қызмет, ешқандай ақы төленбейді.

Егер риясыз көңілмен өзгелерге қол ұшын созамын, жүрек қалауыммен ақысыз негізде көмектесемін деген адам болса, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасындағы мамандарға жолығуына болады. Мекенжайымыз: Ақтөбе қаласы, Әбілқайыр хан даңғылы, 21«Б». Телефон нөміріміз: 8/7132/56-47-97. Біз оның икеміне қарай қажет деген еріктілер тобына жібереміз. Облыста еріктілер қозғалысының бағыты әрқилы.

ДӘРІНІҢ БАҒАСЫ АСПАНДАП ТҰР. ҚАЙДА ХАБАРЛАСАМЫН? 

Ұлтуар ЫСҚАҚҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Өзім зейнеткермін. Емханаға да, дәріханаға да көп барамын. Соңғы уақытта дәрілік препараттардың бағасының шектен тыс қымбаттап кеткенін байқап жүрмін. Бір қызығы, әр дәріханада бір дәріге қойылған баға әртүрлі. Бұл қалай? Қайда шағымданып, мәселені шешуге болады?

«Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаевтың жауабы:

— Өңірде 369 дәріхана жұмыс істесе, соның 277-сі Ақтөбе қаласында орналасқан. 20 шілде мен 11 қыркүйек аралығында солардың барлығын құзырлы органдар — Ақтөбе облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, облыстық прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ақтөбе облысы бойынша департаменті, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, экономикалық тергеу департаменті өкілдерінен құрылған жұмыс тобы арнайы тексеріп, бірталай заңсыздықтарды анықтадық. 73 әкімшілік іс қозғалып, 32 845683 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Мониторингтік топ қоғамдық бақылауды жалғастыра береді. Дәріханалардағы баға, сатып алушылармен сөйлесу мәдениеті, тазалық, бәрі тексерілетін болады. Егер дәріханаларда, дүкендерде, жалпы қоғамдық қызмет ету орындарында қандай да бір тәртіпбұзушылыққа тап болсаңыз, бізге хабарласыңыз: 8701-617-44-88.

P.S. «Сұрақ-жауап» айдарына сұрақтарыңыз болып, білікті мамандардың жауабын алғыңыз келсе, редакцияның төмендегі телефон нөміріне хабарласыңыз: 8(7132)90-71-64, электрондық пошта: alau_01@mail.ru

 Дайындаған Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button