Басты жаңалықтар

27 мың ақтөбеліктің үні

Сейсенбі күні облыс әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Оңдасын Оразалин праймеризге қатысқан кандидаттармен кездесті.

Алдымен аталған партияішілік іріктеудің мән-маңызына тоқталған өңір басшысы бұның қай тарапқа да оң әсері тигенін атап өтті:

— Өздеріңіз жақсы білесіздер, қоғам өзгеріп, өмірімізге күн сайын бір жаңалық енгізіліп келеді. Мұндай форматтағы партияішілік іріктеу елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Осынау саяси жаңашылдық халық тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, ел тұрғындары дауыс беруде белсенділік танытты. Ақтөбелік кандидаттар да ел алдында өздерінің бағдарламаларын таныстырып, мемлекетіміздің дамуына мүдделі, жігерлі, білімді әрі белсенді азаматтар екенін көрсетті. Тіркелген үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын ашық әрі белсенді жүргізді. Бұл Nur Otan партиясының Төрағасы, Елбасының бастамасымен көтерілген жаңашылдыққа және партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға халықтың зор сенімінің одан әрі артқанын білдіреді, — деді.

Партияішілік сайлауда Ақтөбе өңірінен 460 кандидат бақ сынаған. Олардың 36,7 пайызы әйелдер болса, 28 пайызы — 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан кандидаттардың 50,4 пайызы ұсынылса, 49,6 пайызы — өзін-өзі ұсынғандар.

Жиын барысында тіркелген үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізгені де айтылды. Айталық, ресми деректерге сүйенсек, олар партияластарымен 6 мыңнан астам кездесу өткізіпті. Оның 642-сі онлайн форматында ұйымдастырылған. Сондай-ақ 16 жерде өткен 87 жария пікірсайыста түрлі мәселелер көтеріліп, оңтайлы шешу жолдары ортаға салынған.

Ал республика бойынша дауыс беруге 700 мыңға жуық партия мүшесі қатысқан. Соның ішінде Ақтөбе облысынан 27 мыңға жуығы өз таңдауын жасады. Бұл — облыстағы партия мүшелерінің 87 пайызы.

Сайлаушылардың басым бөлігі — 23,4 мың адам онлайн дауыс бергені, ал 3430 партиялық дәстүрлі әдісті пайдаланып, сайлау учаскелеріне арнайы барғаны баян етілді.

Кездесу барысында праймеризге қатысушылардың бірі, айтыскер ақын Жұлдыз Қожабекова сөз алып, саяси науқанды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді, артынша өзінің арнауын оқып берді:

— Партияішілік сайлауға  белгілі тұлғалар да, мықты кәсіпкерлер де, жалынды жастар да қатысты. Соған қарамастан бәрімізге бірдей жағдай жасалды. Соған ризамын. Бір жағынан, праймериз халық арасындағы ауқымды мәселелермен танысуға мүмкіндік берді. Дауыс беру ашық әрі әділ өтті.

Соңында Оңдасын Сейілұлы партияішілік сайлауға белсенді атсалысқаны үшін бір топ белсендіге Алғыс хат табыстады.

Айта кетейік, партияның өңірдегі мүшелері 1-2 қазан күндері онлайн режимде өз таңдауын жасады. Ал үлгермегендер және интернеті жоқ ауылдағы партияластар үшін 3 қазанда арнайы дайындалған 118 орын ашылды.  Оның 76-сында онлайн форматта, 42 учаскеде дәстүрлі қағаз бюллетеньмен дауыс берілді. Кейін онлайн дауыс беру тағы бір күнге ұзартылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button