Тарих

Өрісі кең өнеге

Адам өз тағдырын болжап біле алмайды. Кешегің мен бүгінің, алдағы келешегің бір-біріне кереғар болуы бек мүмкін.

Балалық шағы кісі есігінде өтіп, өтіп бара жатқан атты адамның бетіне тік қарай алмайтындай күй кешкен момын жанның арада жылдар жылжып, уақыт өзгеріп, заман жаңаруымен азамат болған тұсында сонау Мәскеудегі Кремль сарайының төрінде шалқиып отыратынын кім біле қойыпты…  

Өтеу Құдайбергенов өткен ғасырдың алғашқы жылында Қоңырат жерінде дүниеге келеді. Бес жасында әкесінен, тоғызға келгенде анасынан айырылады.

Әлі есін толық жиып үлгермеген баланың алды тұман, келешегі күңгірт еді. Барар жер, басар тау қарасы көрінбейді. Он төрт жасында Мамыт деген байға жалданып, қара жұмыстың дәмін татады.

Отызыншы жылдары ел сыртқа қарай үдере көшіп жатқанда ол Қарақалпақ жерінен атажұртқа, қалың ағайынының ортасына оралады. Ол осындағы жаңалықты жатсынбай, жаңадан құрылып жатқан ұжымшардың тірлігіне белсене араласып кетеді. Тапсырылған істі тиянақты орындауымен, табандылығымен көзге түседі. Өзі қайратты, бірсөзді шаруа адамы 1932 жылы Коммунистік партия қатарына қабылданады. Мұнымен де тоқтамай, Ырғыздағы сегіз айлық партия-кеңес мектебінен сауатын ашып, білім жолына бағыт ұстайды.

Сол уақыттың алдыңғы қатарынан көріне бастаған ол аудандық тұтынушылар одағына қызметке алынады. Кейініректе айтылған естеліктер бізге оның осы қызметте жүріп аштықтан азап көрген елдестеріне қайырымы мол, қамқорлығы ерекше болғанын жеткізді.

1934 жылы ол билік тізгінін қолға ұстайды. Жабасақ ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланады. Осы қызметті атқарған бес жыл ішінде сол өңірден сырт жаққа қоныс аудару тоқталып, отырықшылық қалыптасқан. Мал басын өсіруге бағыт ұсталып, егіншілік ісі қолға алынған. Ауданда әр шаруашылықтың аумағы нақтыланып, қысқы қоныстар белгіленген. Ауыл айналасындағы осындай тұтас тірліктің бәрі ауылдық кеңестің араласуымен жүзеге асырылады.

Өтеу Құдайбергенов осылай еңбекпен жетіледі. Ел ерге қарайды. Көпшілік шаруасын тындырып, іске жарамды азаматтарды ортақ тірлікке ұйыстыра білген оның беделі көтеріле түседі. Ең бастысы, ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлігі мен біліктілігі жетіліп, жаңалық атаулының жаршысына айналады.

Оны 1939 жылы аудандық жоспарлау комиссиясының төрағалығына бекітеді. Мұнан кейінгі кезеңдерде Шетырғыз, Ұзынкөл ауылдық кеңестерін басқарады. Жеңіс күні жақындаған 1945 жылдың наурызында Баянауыл өңірінен Нұрқасым Бердіқұлов деген азамат Ырғыз ауданы басшылығына келеді. Ол ел басқаруда тәжірибесі бар, әрі шаруа жайын да жақсы біледі деп есептеп Өтеудің «Қарасай» ұжымшарын басқаруына тілек білдіреді.

Кейін бірін-бірі аса сыйлап, ерекше құрметте болған осы екі тұлғаның өзара жарастығы талай мәрте жақсы әңгіменің арқауына айналғаны ақиқат еді.

Шынында да Өтекең басқарған «Қарасайдың» қарышты қадамдары көп ұзамай-ақ айналаға біліне бастайды. Шаруашылықтың қой, жылқы фермаларының табыстары жылдан-жылға көтеріле түседі. Қой басы молайып, әр жүз аналықтан 130-133 қозыдан алынады. 1948 жылы жылқы саны алты жүзге жетеді. Малшы-шопандардың мерейі артып, ауыл-аймақта береке-бірлік орнығады.

Өтеу Құдайбергеновтің ұжымшарынан айналдырған екі жыл ішінде өзін қосқанда бес Социалистік Еңбек Ері топ жарып шығуы — сол кезеңнің жемісі. Арада бір жыл өткенде шаруашылық басшысының кеудесіне Ленин ордені екінші мәрте тағы тағылады. Бұл қандай кезеңде де, қай жерде де өте сирек кездесетін құбылыс.

1950 жылдың орта тұсында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру қолға алынады. Жаңа құрылым — Киров атындағы ұжымшарды басқаруды қолға алған тәжірибелі басшы бұрынғы жетістіктерді төмендетпей, бірыңғай ілгерілеу жолына түседі.

Бұл аз десеңіз, Өтеу басқарма 1950 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің үшінші шақырылымының, 1954 жылы төртінші шақырылымының депутаты болып сайланады. Негізінде оның депутаттығы туралы арнайы әңгіме етуге болады. Өтекеңнің өмірлік серігі Әштай әже сақтаған бес бума қағазда кезінде халық қалаулысына еңбекшілерден түскен арыз-шағымдар сақталған екен. Сонда жазылған талап-тілектер, қиянаттар мен қиындықтар абзал жанның араласуымен көп ретте оңынан шешіліп отырғаны байқалады. Бұл құжаттардан әлсізге араша, жапа шеккенге жанашырлық ниет кәдімгідей-ақ көрініс береді. Мәселені түбіне жету үшін ол қол қойған қатынастар аудан деңгейіндегі басшылардан бастап КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Климент Ворошиловтың алдына дейін жіберіліп отырылған.

«Ақтасты» деп аталатын ұжымшардың басқармасы Иса Құлыбаев деген кісі 1949 жылдың қатты қысында мұқтаж отбасыларына көмек көрсету үшін тайөгізді бұзауға айырбастаған. Сол үшін аудандық халық соты бес жыл еңбекпен түзеу лагерінде ұстауға және 6300 сом өндіруге жазалайды. Істің ақ-қарасын әбден тексерген депутат Ұлы Отан соғысына қатысып, ел қорғаған, елге мүгедек болып келген жауынгердің бұл әрекетін ақтап шығаруға ықпал етеді.

Оның алдына көмек сұрап үлкен де, кіші де келеді. Соның барлығын да ол назардан тыс қалдырмай зерделеп-зерттеп, тиісті орындарға тексеруге жібереді.

Депутат болған тұсында оған қызметтік көлік ретінде «ГАЗ-57» автокөлігі беріледі. Сол көлігімен ауылдан Ырғызға қатынағанда жолай Шеңбертал, Жаңақұрылыс, Калинин атындағы, Қызыл партизан елді мекендеріне арнайы соғып, шаруасы бар тұрғындарды өзімен бірге ала кетеді екен. Сөйтіп жүріп ел-халықтың басқа да мұқтаждарын сұрастырып, қолдан келген көмегін беріп отыруды әдетке айналдырған.

Өтеу Құдайбергенов Мәскеудегі сессия жиыны кезінде қазақтың біртуар азаматы, академик Қаныш Сәтбаевпен жақын болғанға ұқсайды. Екеуін жақындатқан бір жай … кәдімгі насыбай болса керек. Екі алып тұлғаның достығын бейнелейтін фотосуреттер де сақталып қалыпты.

Өтеу Құдайбергенов 1955 жылы Жабасақ ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланады да, өзі он жыл басқарған шаруашылық жұмысын одан әрі қарай жүргізуді інісі Қияс Сәрсенбаевқа сеніп тапсырады. Аға сенімі толығымен ақталады. Жиырма жылға жуық осы қызметті атқарған ол екі рет Ленин, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталады. Өтеу өнегесі осылай жалғасын табады.

Ал көпке қадірлі ұстаз атанған Өтекең Жабасақта көп қызмет атқара алмай, сырқатқа ұшырайды. Ақырында 1956 жылы дүниеден өтеді. Ел басшылығы, туған жұрты оның денесін өзі еңбек еткен, гүлденіп, көркеюіне қызмет жасаған Қарасай жеріне әкеліп қояды.

Сол заманның сыйлы адамдарының бірі, соғыс және еңбек ардагері Ерғали Қоңқанов айтқандай, жұрт санасында «Жүз жылда бір туатын Өтеу ғой ол!» болып сақталып қалады.

 

***

Өнегесі мол Өтеудің соңында алты перзенті оның өмірін жалғастырды. Солардың бірі Хамит Өтеуов әке ізін ілгерілетті.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің білгірі, үздік ұйымдастырушы, Ырғыз өңірінің парасатты перзенті Қияс Сәрсенбаевтың мына хаты жан тебірентеді. Ол 1985 жылдың 22 маусымында жазылған екен. Онда «Ал, қарағым Хамит, Өтекең көп аңсаған жерге — Қарасайға кеңшар директоры болдың, ол кісінің тілегі дұрыс екен. Өтекеңдей бақытты, әбірейлі бол. Еңбегің жемісті болсын!» деп аяулы аға ақ батасын беріпті інісіне.

Бүгінде Хамит Өтеуұлы бір қауым елге жұмыс беріп, ауыл шаруасын алға шығарып жүрген үлкен ұжым басшысы.

Құмтоғай ауылының көптеген әлеуметтік мәселелері оның қолдауымен оңтайлы шешімін тауып келеді. Ол «Ауыл қамқоршысы» жобасы аясында бірқатар шараларды жүзеге асырды. Ұлы Отан соғысы және еңбек батырларына арналған ескерткіш орнатылды. Стадион мен саябақ халық игілігіне қызмет етуде.

Кешегі күні Хамаң басқарған «Алтын-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудан көлеміндегі ірі ауыл шаруашылығы құрылымы ретінде танылды. Азаматтың ерен еңбегі «Құрмет», «Парасат» ордендерімен атап өтілді. Өзі Ырғыз ауданының құрметті азаматы, Ақтөбе облысының жыл адамы атанды.

Елге қызмет етудің Өтеу әкеден басталған ұлы жолы баласы Хамит арқылы енді немерелерінің алдына бағдар болуда. Сүйінішті жағдай емес пе бұл?!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button