Тарих

Ізгілікпен өрілген өмір

ТАҒЗЫМ

Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында өмірге келген ұрпақтың балалығы мен бозбалалығы сол соғыстың орасан зор зардаптары: жетім-жесірліктің, елде иесіз қалып қираған шаруа мен жаппай жұтаң тұрмысты қалпына келтіруге деген жанкештіліктің азапты күндерімен өткендігін бүгінгі буын біле бермейді деп ойлаймын. Себебі ол тарих — біздің буынның тағдырына жазылған кезең бүгінгіден өзгеше басқа саяси, әлеуметтік жүйенің енді еске алмаса да болатын тарихы ретінде қоғамдық санадан кетулі.

Біз, күні кеше өмірден өткен, өңірге Өтеміс Әкімовпен қатар ұрпақ нақ сол таршылық пен жоқшылықтың қыспағында жүріп өсіп едік. Өзі адамның табиғаты сондай қысылтаяң шақтарда ширығатын секілді — еңбек пен тұрмыста артық-кемі негізінен бірдей жалпақ жұртта жаппай сауаттануға, жағалай белсенділік көрсетуге, қай істе де озат болып көрінуге деген құлшыныс көп еді. Ол құлшыныстар біз балаларды әуелі «октябрят» болып балдырған сананы оятудың, сосын «пионермін» деп сапқа тұрудың, одан кейін «комсомол» арқылы кісілікті сезінудің жолдарымен жүргізіп, ең ұлы мұрат — елге адал болу міндеті алға қойылатын. Әлгі октябряттықтан комсомолға дейінгі, сондай-ақ мектеп, орта тәрбиесінде адалдық, жақсылыққа сенім, әдеп, ар-намыс, парыз, отбасы секілді ұлы құндылықтар терең айтылмағанмен, ұдайы еске салынатын.

Осының бәрі өскелең ұрпаққа ертерек ес кіргізіп өсірудің, елге қызмет етуге ертерек қалыптастырудың сана күшімен берілетін тәрбиесі болып шықты. Сөйтіп соғыстың қарсаңында өмірге келген ұрпақ та соғыс салған зардаптарын жойып, жаңа өмірді жасау жолындағы жасампаз істеріне араласа берген.

Елдің өткені аға буынға мәлім, социализм деп аталған саяси, әлеуметтік, экономикалық жүйеде жетпіс жыл шамасы ғұмыр кешкен Кеңестер Одағының қай салада да елеулі табыстарға жетіп, қуаттылығы жөнінен дүниежүзіндегі екінші мемлекетке айналған кезеңі өткен ғасырдың 60-80 жылдар аралығы. Біз айтып отырған ұрпақтың «ат жалын тартып отырған» шағы да осы уақыт — кешегі жас жетіліп, елдің әр саладағы қызметтеріне батыл араласып, дүркіреп шыға келген. Сонда өзіміз көрген, білген Ойыл өңіріндегі біз құралпы буынның жігерлі басында жүргендердің бірі — Өтеміс Әкімов болатын.

Ол бір отбасында жалғыз бала еді. Әкесі Ұлықпан Ойыл өңірінің үлкен-кішісіне мәлім болатын. Мемлекет атаулы құрылымның қашанда жалпыға ортақ заңдармен өмір сүретіні белгілі — қашанда заң көп, бірақ қандай қоғамда да ақыл-еске сұраныстың да азаймайтындығы әдетте қалыпты жағдай. Сол алпысыншы жылдары ойылдықтардың кейбір тұрмыстық, көпшіліктік мәселелер жөнінен өңірдің белгілі азаматтарымен, солардың ішінде осы Ұлықпан ақсақалмен пікірлесетіндігін жиі көргенбіз. Өтеміс жасында әке шекпенінің шетіне оралып, есейгенде оның азаматтық, адамгершілік үлгісімен өсіп, өзі тұстастардың алғы шебінде жүрді. Алға шығуы сол, Ойыл кентіндегі орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орнының физика-математика факультетін тәмамдаған сәттен бірден ауданның саяси, шаруашылық қызметтеріне араласқан-ды. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандағы ауыл шаруашылығының орта деңгейдегі мамандарын даярлайтын кәсіптік-техникалық училищесінің директоры, аудандық партия комитетіндегі партиялық ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі, екінші хатшысы, ауатком төрағасы қызметін облыстық кеңес атқару комитетінде жалғастырып, зейнеткерлікке облыстық мәдениет басқармасының бастығы лауазымында жүріп шықты.

Бұл қызметтердің қай-қайсысы да оған абырой, бедел әперген орындар болуымен есте қалды, неше түрлі атақ, марапаттарға ие болды. Облыстың «Құрметті азаматы», республикалық, облыстық сан алуан сыйлықтардың иегері… Соның өзінде, бізге, оның тұстастарына Өтекеңнің елді, оның ішінде туған жерді тану, оның барлық уақытта да үлгі боларлық өткен перзенттерін тауып, жұртына табыстыруы ұмыттырмайтын әсер қалдырды.

2000 жыл. Біздің буынның жаппай зейнеткерлікке шыққан уақыты. Зейнеткер, бірақ әлі қызулы күндермен түбегейлі қоштаспаған жалыны әлі де сөне қоймаған зейнеткерлерміз. Содан ба екен, облыстық әкімдік арнаулы жұмысы жоқ бос күндердің не екені әлі сезіле қоймаған шақтардың бірінде мені шақырып алып, облыс энциклопедиясын шұғыл шығару керек екенін айтып, оның қызметтерін атқаратын қабілетті азаматтардан топ құруға тапсырма берген.

Бұл әңгіме кейінірек айтылса қалай болар еді, мойынға алар ма едік, алмас па едік. Әлгі айтылғандай күні кешегі дейтіндей жауапты қызметтердің жалыны әлі сөне қоймаған шақ, оның үстіне біздің буынға жоғары органдардың ұсынысы тәртіп пен ереже болып орнығып қалған. Сонда әлгі жинақталуға тиіс топтың тізімі басында Өтекең тұрған. Топқа қосылған көп адам энциклопедияны даярлаудың талаптарын көп біле бермейтін болып шықты. Оның үстіне ілкі ұмтылыста әкімдіктің ұсыныс-кеңесімен облыстағы  бірқатар ғалымдарды қатыстырумен құрылған салалық редакциялар, қайда да нарықтық жағдайдан жүйеге түспеген аласапыран уақыты, жекеменшік, жеке кәсіп дақпыртымен ұласқан жалпы жауапсыздық жағдайында сол редакциялар сол қағаз жүзінде қалды. Энциклопедияның бүкіл қызметі сөйтіп, бір ғана топтың мойнына түскен. Тапсырма мерзімінде орындалды. Кітап кезінде облыстың мәдени өміріндегі елеулі жаңалық ретінде бағаланды. Әрине, облыс жағдайында энциклопедиялық кітапты шығарудың бұл алғашқы тәжірибесі болғандықтан оны өңірдің көне тарихынан бергі бүкіл жолындағы неғұрлым өзекті тақырыптарын ғылыми, танымдық негізде тұтас және терең қамтыды деп айту жоқ. Осы ретте қазіргі тиісті орындар мен органдардың есіне сала кететін жай сол, бүгінде жүйе мен оның мүмкіндік әлеуеті ол кездегіден әлдеқайда жоғары, басылымда ұмыт қалғандарды жалғап, өзінің жанрлық талабына сәйкес ғылыми, ағарту, таным, түсінік жағынан мейлінше нақтылай түсумен жаңартып шығару қажеттігі ескерілуі керек деп ойлаймыз.

Сол алғашқы энциклопедияны даярлауға филология, тарих, журналистика, басқа да салалардың мамандары ерікті түрде қатысып, іске адалдықпен, жауапкершілікпен еңбек етті. Дегенмен, көпшілік болып қатысқан қай істе де оның неғұрлым ауыр жағында жүріп ерекшеленетін жандар болады. Мен сол кітаптың редакторы ретіндегі пікірім де көп жұмыстың, әсіресе, осы Өтеміс Әкімов пен Нұқсан Қартбайұлының табандылығы, білімі, қайраты арқылы нәтижелі болғандығын еске салған едім. Кітапты даярлаудың барысында, әсіресе аудандардан түсетін материалдарға шектеу қойылған жоқ, назарға ілінгендердің барлығы да ендірілді. Әрине, туған өңірдің көптің назарын аударатындай материалдық игіліктерін, айшықты оқиғаларын, еңбек пен тұрмыста үлгі болған, бұрынғы, кейінгі тұлғаларды, мәдениет пен өнерде өнеге болған шеберлерді зерделейтін, зерттейтіндердің жоқтығынан, әлде құлықсыздығынан бірқатар аудандардан түскен материалдар жұтаң болды. Осы ретте аудандардың энциклопедиядағы үлесін есептегенде пайыздық жағынан материалдардың басымы Ойыл ауданы болғандығы, жоғарыда айтылғандай, туған жерінің тарихын танып өскен Өтекең арқылы қабылданған деректердің жарақтылығынан еді. Ол Ойылына байланысты құнды деректердің қандайын да есте сақтауға, баяндап беруге құштар еді. Бұл Өтекең жайындағы бөлек, үлкен әңгіменің тақырыбы, тек бір мысал келтіре кетейік. Социалистік Еңбек Ері, Кеңес Одағы ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, реактивтік авиация двигательдерінің Бас конструкторы, дыбыстан жылдам ұшатын ТУ-144 самолетінің двигателін жасаушы мемлекеттік қайраткер Николай Дмитриевич Кузнецовтың кім, қайдан екенін білетіндер көп болмауға тиіс. 1973 жылы жарық көрген «Кеңестік үлкен энциклопедияда» оның туған жері «Актюбинск» деп көрсетілген. Не облыс, не қала делінбеген. 1911 жылы туған осы адамның Ойыл өңірінде өмірге келгендігін айтушы еді.

Әдетте, елдің жай-жапсарын жақсы білетіндер жадында жаңылыстың жоқтығымен, ой мен пікірі зиялылықтың аясында айтылуымен өзгелерден биік көрінеді. Кемелділік кезеңінің бастауы болған Ойыл өңірі үшін де, облыстың құрметті азаматы атағына дейін жалғасқан қызметтеріне куә болғандар үшін де Өтеміс Әкімов осындай бейнемен есте жүреді деп ойлаймыз.

Ойыл жерінде азаматтықтың, адамгершіліктіктің терең іздерін қалдырған талай ұл-қыздар өмір кешкен. Солардың қай-қайсысы да өмірден көшкенде ізгіліктің үлгілерімен ғұмыр кешкен ондай адамдар енді қайталанбайтындай көрінетін.Бірақ қандай ел де арасынан жақсысын шығармай қоймайды. Тіршіліктің бір мықты тіні — сол. Өтекеңнің арты да бүтін болуы тиіс. Өткен жылдары пайда табудың соңына түскен кәсіпкерлер бүкіл Орта Азиядағы сирек кездесетін шағын Ойыл орманына бұрғы салып, мұнай өндірудің амалын жасағысы келгені белгілі. Оған жоғары билік орындары келісім де берген. Бірақ ойылдың бір топ азаматтарының сондағы келісім бермей, орманды жоқ болып кетуден, жерді бүлдіруден сақтап қалудағы күш-жігері сүйсіндірді. Елдік дейтін ұлы ұғымның аңсарымен ежелден тартылған ізгіліктер осылай жалғасады.

Ойыл орманы дегеннен шығады, аудан орталығы — алты мыңға жуық тұрғыны бар және барған сайын өсе түсу үстіндегі кент – ауызсуды біршама жылдардан бері сол орман астындағы тұщы қордан тартып пайдаланады. Еске салу үшін ғана айту — кейбір зерттеулерге қарағанда сол су қоры тартыла тартыла төмендеп, орман өсімдіктерінің тамыры жетпейтін жағдайға келуі мүмкін. Онда… иә, ондай жағдайда орман жоқ болары белгілі. Оған назар аударып, мазасыздануға да Өтеміс — ес, Өтеміс — ой керек… Алды ғасырға қарай кеткен, соңы сексендегі біздің ұрпақ бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі саяси жүйеде қызмет етіп ғұмыр кешкен буын. Сол екі жүйеде де азаматтық қалпынан аумай, адамгершіліктің үлгісімен өмір сүріп өткен Өтеміс Әкімовтің өмірден өткеніне жүз күндігін еске алғандағы ойлар осылар еді.

Идош АСҚАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button