Жаңалықтар

Мектепке машина сыйлады  

Сыйлық

Бекмұхамбетовтер отбасы Шәрбану Бекмұхамбетова атындағы мектеп- гимназияға «УАЗ» автокөлігін алып берді. Бұл бірінші сыйлығы емес. Бұған дейін тағы бір осындай көлік сатып әперген.

2009 жылы мектеп оқушылары үшін 2 миллион 149 мың теңге тұратын «УАЗ» автокөлігін сыйға тартқан болатын. Биыл жазда Әнуар Керейұлы отбасымен, ұлы Айболмен бірге келіп, мектептің тыныс-тіршілігімен танысқан болатын. Сонда өздері сыйға тартқан «Уаз» көлігінің ескіргенін және оның өзіне 10 жылдай уақыт өткенін айтып, жаңа автокөлік алып береміз деп кеткен. Міне, күні кеше құны 6 миллион теңге тұратын су жаңа 10 орынды «Уаз» автокөлігінің кілтін табыс етті. Бұл көлікпен мектеп оқушыларын ғылыми жұмыстар мен археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге жіберіп,  облыс аумағындағы байқаулар мен сайыстарға баратын боламыз, — дейді мектеп директоры Роза Ұлықпанова.

Мектеп директорының айтуынша, Бекмұхамбетовтер отбасы білім ошағына 12 миллионнан астам  теңгеге  материалдық көмек көрсеткен. Мектептің жөндеу жұмыстарына араласып, құны 1 млн 800 мың теңгеге оқу жабдықтарын әперіп, жыл сайын дәстүрге айналған Шарбану Мырзагелдіқызын еске алу турниріне де демеушілік танытып, жарыс жеңімпаздарына берілетін сыйлықтар алуға қаржылай көмек беріп келеді. Сонымен қатар Әнуар Керейұлы алдағы уақытта құны 7,5 млн теңге көлемінде жасақталған «Олимп» шағын футбол алаңын қайта жаңартып бермек.  Бекмұхамбетовтер материалдық көмек беріп қана қоймай, жыл сайын мектеп түлектерінің оқуға түсуіне, жұмысқа орналасуына жағдай жасап, қолдау көрсетіп отырады екен.

Бекмұхамбетовтар отбасы Ойыл халқына етене таныс. Әнуар Бекмұхамбетов 13 жыл ауданда басшылық қызметте болса, жолдасы Шәрбану Бекмұхамбетова мектепте мұғалім, кейін сол мектептің директоры болды. Әнуар Керейұлы Ақтөбе қаласының және Ойыл ауданының құрметті азаматы. Қазір — 85 жаста. Ал Шәрбану Бекмұхамбетованың атындағы мектеп гиманзияға бұл атау 2001 жылы берілді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button