БілімБасты жаңалықтар

Білім ордасы 85 жылдығын атап өтті

Кеше Ақтөбе қаласындағы Жастар сарайының «Мәңгілік ел» конферец-залында

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 85 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті.

Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, университеттің ардагер-ұстаздары мен профессор-оқытушылары, түлектері, белсенді жастар қатысты. Сондай-ақ салтанатты жиын онлайн форматта ZOOM платформасы арқылы 2000-нан астам адамның қатысуымен өткізілді.

Шара «Жұбанов кітапханасы» жобасы аясында жарыққа шыққан «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 85 жыл» мерейтойлық кітабы мен ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған халықаралық онлайн-көрменің экслибрис-каталогының тұсаукесерімен басталды.

Бұдан кейін университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков оқу орнының тарихын баяндап, бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерімен таныстырды. Сондай-ақ білім ордасынан түлеп ұшқан, бүгінде әр салада абыройлы қызмет жасап, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген университеттің түлектерін де атап өтті.

Оның айтуынша, биыл мерейтойға орай университетте бірнеше бағыттағы 85 игілікті іс-шара жүзеге асырылуда. Олардың қатарында 85 үздік оқытушы мен қызметкерді және студентті анықтайтын жоба, «Жұбанов кітапханасы» сериясымен шығатын 85 үздік кітап, 85 патент, 85 ғылыми жоба, «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы аясында университет музейіне табысталатын 85 құнды жәдігер, университет ғалымдарының «85 жылдыққа – 85 кітап» атты тартуы, студенттерге Қ.Жұбанов атындағы 85 грант бөлу шарасы, 85 үлгі тұтар еріктілер ісі, т.б. жобалар бар.

Бұдан кейін салтанатты шарада университеттің түлегі, облыс әкімі Оңдасын Оразалин жиналғандарды білім ордасының 85 жылдық мерейтойымен және ұстаздар мерекесімен құттықтады.

Биыл елдегі пандемияға байланысты мерейтойлық іс-шараларды онлайн режимде өткізуге тура келіп отыр. Бүгінгі мерейтойлық шараға да жан-жақтан қонақтарымыз, университет түлектері онлайн форматта қатысуда.

Бұл білім ордасының бәріміз үшін орны айрықша. Біз білім сапасы мен түлектерінің жетістіктерімен ерекшеленетін оқу орны Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетпен әрдайым мақтанамыз. Алғашқы қадамын екі жылдық мұғалімдер институты болып бастаған білім ордасы — бүгінгі күні еліміздегі ең іргелі, алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі. Мен де осы оқу орнының түлегімін. Осы жерде еңбек жолын бастап, міне, бүгінге дейін көптеген жетістіктерге қол жеткіздім. Мұның бәрі осы оқу орнында алған жоғары білім мен тәжірибенің жемісі деп білемін. Сондықтан осы университетте жоғары білім берген ұстаздарыма алғысымды білдіре отырып, баршаңызды бүгінгі университетіміздің 85 жылдық мерейтойымен және ұстаздар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, — деді О.Оразалин.

Өз сөзінде облыс әкімі оқу орнының өркендеп-дамуына өлшеусіз үлес қосқан, өңірімізге рухани серпіліс әкелген қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы-ұстаз Мұхтар Арыновтың еңбегіне ерекше тоқталып, ғалымды еске алды.

Құттықтау сөзінен кейін облыс басшысы университеттің дамуына қосқан елеулі еңбектері үшін бір топ ардагер ұстазға «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 85 жыл» мерекелік медалін, сондай-ақ бір топ кафедра оқытушыларына облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Жиында Қазақстан Республикасының Армениядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі,  университет түлегі Тимур Оразаев бейнебайланыс арқылы құттықтауын жеткізсе, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының басшысы, университет түлегі Айгүл Мұқашева ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің құттықтау хатын оқып берді.

Салтанатты шарада университеттің бір топ профессор-оқытушылары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, сондай-ақ Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымының Алғыс хатымен марапатталды.

Бұдан кейін университет ректоры Бауыржан Ердембеков өткен оқу жылының қорытындысы бойынша жақсы нәтиже көрсетіп, үздік атанған факультеттер мен кафедраларға «Үздік факультет» және «Үздік кафедра» номинацияларын табыстады.

Сондай-ақ университеттің 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған «Жұбанов маршы» әнінің авторлары — ақын, Бауыржан Бабажанұлы мен ҚР Мәдениет саласының үздігі, сазгер Орал-Қосай Байсеңгірге 400 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

Салтанатты жиын Орал-Қосай Байсеңгірдің орындауындағы «Жұбанов маршы» әнімен аяқталды.

Айта кету керек, бұл күні университеттің 85 жылдық мерейтойына орай білім ордасының бас ғимаратында «Жоғары білім беруді әлемдік интернационалдандырудағы тұжырымдамалар, үрдістер мен сын-қатерлер» атты халықаралық онлайн-конференция өткізіліп, «Жасыл желекті Жұбанов» жобасы аясында жылыжай ашылып, алаңға ағаш көшеттері егілді. Сондай-ақ ІІ халықаралық «ART YURTA» онлайн көрме-байқауы ұйымдастырылды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button