Жаңалықтар

Дауыс беру белсенді өтіп жатыр

Ақтөбеде партия мүшелері дауыс беруге белсенді қатысып жатыр. 2 қазан күні сағат 15.00-ге дейін 16 010  нұротандық дауыс бергені белгілі болды. Олардың басым бөлігі — Ақтөбе қаласынан, Шалқар, Мұғалжар, Хромтау және Алға аудандарынан.

Жалпы облысымызда Nur Otan партиясының 30896 мүшесі 1-3 қазан аралығында өтетін дауыс беруге қатысады деп жоспарланған. Олар 211 бастауыш партия ұйымдарына біріктірілген.

Осыған дейін облыстың қала және аудандарында 118  дауыс беру орны белгіленді.  Оның 76-сы онлайн форматта, 42 участок дәстүрлі қағаз бюллетенімен дауыс беруге арналған.

Праймеризге облыстың барлық аудан, қалаларынан 460 кандидат қатысып жатыр. Оның ішінде бастауыш партия ұйымдарынан — 232 (50,4%), өзін-өзі ұсынған — 228 (49,6%), әйелдердің үлесі — 169 (36,7%), жастардың үлесі — 129 (28%). Облыс бойынша бір орынға орта есеппен 3 адамнан тіркелді.

Дауыс беруге қатысатын 30896 партия мүшесінің 27400-і (88,7%)  онлайн, 3496-сы (11,3%) қағаз бюллетенімен дауыс береді. Онлайн дауыс беру орындары 205 компьютермен және интернетпен қамтамасыз етілді.

Праймериз барысында партияның облыстық, аудандық және қалалық филиалдары 30,7 мыңнан астам партия мүшесіне авторизация жүргізді.

— Nur Otan праймеризіне дауыс беру әділ өтіп жатыр. Қазіргі таңда партиялықтардың тең жартысынан астамы өз таңдауын жасады. Оның ішінде Мұғалжар, Мәртөк, Қарғалы ауданындағы партияластарымыздың 70 пайыздан астамы дауыс беріп үлгерген. Бұл дауыс беру онлайн жүйені қолданудың тиімділігін тағы бір дәлелдей түсті.

Осыған дейін үміткерлер партияластарымен 5 мыңнан астам кездесу өткізіп, өз бағдарламаларын ұсынған болатын. Оның 642-сі онлайн форматта ұйымдастырылды. 16 жерде өткен 87 жария пікірсайыста түрлі мәселелер көтеріліп, оңтайлы шешу жолдары айтылды. Бұл олардың сайлауалды бағдарламаларымен мұқият танысуға, сөйтіп, партиялықтардың дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік бергені сөзсіз, — дейді  Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.

А.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button