Тарих

Жайсаң тұлға Жеткерген

Тағзым

Әр кезеңнің беткеұстар алдыңғы қатарлы азаматтары болады. Олар сол бір уақыт аумағында айналасындағыларға жол көрсетіп, былайша айтқанда көшті ілгері бастап жүреді. Жай ғана бастамайды, кемелді ойларымен көш сәнін көріктендіріп, жан-жағына шуақ шашып, артқы топты алға қарай ұмтылдырады.

Сондай жігерлі азаматтар сапында саналатын Жеткерген Оралмағамбетов туралы бүгінгі күні өткен шақпен айту ақылға да, ойға да сыймайтын жайт секілді көрінеді.

Ол ең алдымен комсомолда танылды. Мұғалжар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Жеткерген Оралмағамбетовтің жігерлі іс-қимылы, жалынды сөздері сонау сексенінші жылдардың бастапқы тұсында талай замандастарына үлгі болған-ды.  Мұның алдында бірнеше шаруашылықта мамандығы бойынша еңбек етіп, арасында әскер қатарына барып, өмір мектебінің алғашқы сынақтарынан сәтті өткен оның жанына жалындап жүру жарасатын-ды. Облыстық деңгейде жиі өтіп тұратын жиын-семинарларда да оның тұлғасы топ бастаған серкедей болып көзге ерекше шалынатын. Қай жерде болмасын әріптестері жан-жағынан қаумалап, ортаға алып жүретіні есте қалыпты.

Кейініректе өзінің күнделігінде жазғанындай, «Қай жұмысты атқарсам да көбіне жастарды қолдауды өзіме бір мақсат етіп қойдым, мүмкін кезінде комсомол саласында жұмыс істегеннен бе екен, оларды қорықпай жауапты жұмыстарға ұсындым» деуі де өзі үшін сол өмір кезеңдерінің ерекше қадірлі болуынан шығар.

Сол кездегі қызметтестері де кейін «Жеткерген» атты естелік кітабына жазбаларын ұсыныпты. Солардың бірі Қобда ауданында жастар жетекшісі болып, кейін облыстық комсомол комитетінің хатшылығын атқарған Жанболат Байжанов «Мен Жеткергенмен 1975 жылдың қысында Алматы халық шаруашылығы институтының жатақханасында студенттік кезде танысып едім. Жеткерген десем, көз алдыма қайратты бұйра шашы бар, бойы биік тұлғалы жігіт келе қалады.

Адам баласының тектілігі, бекзаттығы кейде анадайдан айқайлап көзге ұрып тұрады ғой. Ол институтта оқып жүргенде-ақ студенттер арасында күрестен қалалық жарыстарда топ жарып келіп жүретін. Оның жеңістеріне талай өз көзіммен куә болғанмын.

Комсомол жұмысында жастарды үнемі іске жұмылдырып отыру, олардың ой-пікірімен үйлесетін идеяларды жүзеге асыру  Жеткерген жете түсінген және толық меңгерген мәселе еді».

Ал облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған Андрей Литвиновский жақсы жолдас болған азаматтың сол жылдарда аудандық комсомол комитеті хатшылары арасында ресми емес жағдайда президенттікке тағайындалғанын, Мәскеуде өткен Бүкілодақтық Лениншіл жастар одағының съезіне жалғыз өзі делегат болып сайланғанын оның іскерлік, ұйымдастырушылық, көшбасшылық, ең бастысы, азаматтық, адамгершілік қасиеттерімен байланыстырады.

Егер облыс экономикасының дамып, әлеуметтік мәселелерінің оңды шешілуінде осы азаматтың елеулі үлесі бар десек, оның көзін көрген, қызметтес болған замандастарының  бұл пікірді шын ниеттерімен қолдайтыны сөзсіз.

Ол облыстың бес ауданында еңбек етті. Соның ішінде алғашқы қадамына сәт сапар тілеп, қанаттандырған Мұғалжар өңіріне ықыласы ерекше болатын. Тіпті сырт көз ағайындардың біразы оны осы ауданның перзенті деп те санайтынға ұқсайды. Шынында да солай.

1980 жылы Мұғалжар асылтұқымды жылқы зауытына бас экономист болып тағайындалғанда жиырма үштен енді ғана асқан жас жігіт еді. Ол кеңседегі есеп-қисап жұмысымен шектеліп қалмай, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, ауыл тірлігінің жандануына септігін тигізеді. Оның қынулы қимылы, ізгілікті істерге қатысты сергектігі аудан басшылығы тарапынан еленбей қалмайды. Сөйтіп, көп ұзамай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Сол өңірдегі бүкіл жастардың басын біріктіретін бұл ұйымның ол кездегі беделі ерекше. Ал бірінші хатшы болса, жұртшылықтың ұғымында тәуліктің жиырма төрт сағатында дерлік ат үстінде жүретін, шаршап-шалдығуды білмейтін, қандай қиын шаруалар болса, сол жерден табылатын, яғни темірден жаратылған жан есебінде қалыптасқан. Шын мәнінде, Жеткергеннің бойынан сол қасиеттердің бәрі табылатын.

Комсомол — кадрларды шыңдау ұясы. Бұл ұядан тәлім алып, қанатын қомдап ұшқан түлек жерде қалмайды. Ауданның жастар жетекшісі болған үш жыл ішінде ол бүкіл шаруашылықты аралап, жастармен де, үлкендермен де етене араласып, көпшілікпен әбден таныс болып алды. Ақтөбе, Алматыда өтіп тұратын түрлі жиындардың бергені де аз болған жоқ.

Отыз жасында аудандағы іргелі шаруашылық — «Жаңажол» кеңшары партия ұйымының  хатшысы болып сайланды. Енді бұрынғыдай күні-түні дерлік тынымсыз іссапарлар азайды. Шаруашылық аумағы белгілі, үйден алысқа ұзай бермейді. Бұған, ең алдымен, шаңырағының шуағын келтіріп отыратын қосағы Әнуар қуанды. Бір жағынан, өзінің өмірден ерте өткен аяулы әкесі Темірғали Кенжебаевтың нақ осындай жаста Шалқар ауданындағы «Сарыбұлақ» кеңшарының партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарғанын есіне алып, «апыр-ай, бұл не деген сәйкестік» деп іштей таң қалатыны да бар-ды.

Екі жылдың аумағында Жеткерген осы «Жаңажол» кеңшарының директоры болып тағайындалады. Ол шаруашылық басшысы ретінде жаңа қырынан танылып, бұрынғы қол жеткен өндірістік көрсеткіштерді одан әрі көтеріп, мал басын көбейту, оның өнімдерін мол өндіру бағытында көптеген жұмыстардың атқарылуына күш салды. Әрине, еңбек адамдарына жағдай жасау, олардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешу күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Соның нәтижесінде шаруа да ілгеріледі, малшы-шопандардың да жағдайы жақсара түсті. Ең бастысы, ауылда ауызбіршілік нығайып, соның нәтижесінде көп тірлік кедергісіз атқарылып жатты.

Сол уақытта аудан басшысы қызметін Бердіғали Әйтпембетов атқарды. Ол: «Жеткерген еліміз егемендік алған жылдарда ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге қатты көңіл бөлді, үнемі ізденісте жүрді. Саға, Жаңажол елді мекендерін газ бен ауызсуға қосу үшін сметалық жобаларын жасатып, қаражат тауып, мәселені түбегейлі шешу мақсатында Әзірбайжан, Ресей қалаларына сапар шегіп, тынымсыз жүрді», — дейді.

Мұғалжар мектебінен өткен білікті маман, іскер ұйымдастырушы 1992 жылы Шалқар ауданы әкімінің бірінші орынбасары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне тағайындалады. Бұл уақытта ауыл шаруашылығында жекешелендіру жұмыстары кеңінен қарқын алған еді. Тың істің түсінбестік жақтары да аз болған жоқ. Бірақ бұған дейін талай тәжірибе жинақтаған Жеткерген үшін алдан үнемі шығып тұратын тығырықтан жол тауып отыру аса қиындыққа түскен жоқ.

Алмас қылыш ақын Махамбеттің «Азамат, сені сақтадым, Бір күніме керек деп!» айтылатын өлең жолдары бар ғой. Сондай күйді оның екі рет анық бастан кешкенін жақын жүретін жолдастары жақсы біледі.

Біріншісінде, 1996 жылы экономикалық жағдайы, халықтың әлеуметтік тірлігі нашарлап тұрған Ырғыз ауданына басшылық қызметке жіберілді. Елде жұмыссыздық етек алып, бұрын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар шетінен жабылып, адамдардың алаңдаушылығы көбейген шақ еді бұл. Басқасын айтпағанда, ауданда ұн тапшылығы сезіліп, халықтың нансыз қалу қаупі де сезілген. Осындай проблемалық мәселелерді нақтылап алған ол жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, ел сеніміне ие болады. Тарихы мол Ырғыздың 150 жылдық мерекесін жоғары деңгейде өткізуді ұйымдастырып, халықтың еңсесін көтеріп, көпшілікке рухани күш береді. Талай таланттарға жол ашқан «Аймақты әнмен тербетіп…» атты өнер фестивалі сол кезде қанат қағып, кейін дәстүрлі түрде өтетін болды.

Ол Ырғызда екі жыл ғана қызмет атқарды. Өйткені азаматтың тағы да керек жері табылды. Өзі туып-өскен Шалқар ауданында әлеуметтік мәселелер шиеленісіп, оның асқынғандығы сондай, тіпті саяси сипат алуға қарайды. Жергілікті халық өтіп бара жатқан пойызды тоқтатып, жолына тосқауыл қояды.

Сондай жағдайда аудан басшылығына Жеткерген Оралмағамбетов жіберіледі. Үйренісіп қалған Ырғыз халқы онымен қимай қоштасады.

Шалқар өңірінің проблемаларын шешу үшін ол аудан басшысы ретінде күрделі мәселелерді талдап, жоғары органдар алдына қойылатын ұсыныстарды әзірлейді. Сол ұсыныстар республикалық деңгейде Премьер-Министрдің күн тәртібінде қаралатын болады. Соның нәтижесінде ауданға қомақты қаржы бөлініп, көптеген түйіндер өз шешімін табады. Арнайы шақыртумен ауданға бір топ Мәжіліс депутаттары келіп, экология жайын қарастырады. Шаруа қожалықтары арқылы асылтұқымды мал өсіру жолға қойылады. Шалқар қаласындағы су жүйелері қайта жаңғыртылады. Теміржол бойындағы локомотив және вагон жөндеу деполарындағы жұмыс көлемін сақтап қалу шаралары қарастырылады.

Осылайша Шалқар ауданы дамудың  жаңа жолына түседі. Әрине, мұның бәрі оған оңайға түспегені белгілі.

Кейінірек Жеткерген Тілеулесұлы облыстың Қарғалы, Хромтау аудандарына басшылық етті. Ақтөбе облысы бойынша көші-қон және демография басқармасын басқарды. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент тізгінін ұстады. Облыс әкімінің орынбасары болды. Соның бәрінде де ел-жұрт оған арқа сүйер азаматымыз деп қарады. Ол да сенімді ақтай білді. Талай күрделі мәселелердің түйінін шешіп, көпке жағымды жақсы шаруаларды жолға салып отырды. Алайда сол күндерде оның денсаулығынан кінәрат табылып, іштей сырқатпен алысып, сырт көзге сыр бермей, ерлікпен ғұмыр кешіп жүргенін көп адам біле қойған жоқ. Мұны жанында жүрген жақсы жары Әнуар ғана білді және күні-түні азаматының амандығын тілеп, көңілін көтеруге тырысты.

Жеткергеннің жақсы көретін бауырлары да ағаларын айналшықтап, ұзай алмай жүрді осы тұста.

Әкелерін асқар тау тұтатын балапандары Баубек, Гүлдана, Ақбота, Ағлен көздері мөлдіреп, әрбір таңнан жақсылық күтті.

Шынын айтқанда, Жеткерген өмір үшін күрестің де бір үлгісін көрсетіп кетті. Оның ғұмыр ғибратының бір түйіні де осында.

Әке ұлы Баубектің үлкен азамат болғанын армандады. Бүгінде сол арман орындалып, жеткіншегі ел білетін тұлғаға айналды. ҚР цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы болып қызмет атқаратын Баубек Оралмағамбетов тәуелсіз еліміздің стратегиялық маңызды бір саласын басқарып отыр.

Ел азаматын ұмытпайды. Өткен жылы Мұғалжар ауданында Жеткерген Тілеулесұлын еске алу шарасы ұйымдастырылды. Ембі қаласындағы «Нұр» мешітінде оның аруағына Құран бағышталды. Ембі қалалық №1 орта мектебінде Жеткерген Оралмағамбетов атындағы кабинет ашылды. Сондай-ақ қалалық музейден арнайы бұрыш бөлінді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінен арнайы турнир өткізілді. «Құстар қайтып барады» атты концерттік бағдарламаны көруге жиналғандар жақсы жанның асыл бейнесін көз алдарына елестетіп, көңілдері босап отырды…

… Өмір жолында қатар тізгін ұстасқан жолдасы әрі құрдасы Жексенби Көптілеуов ел сағынышын өлең жолдарымен өрнектепті.

Халқың сені жоқтады,

Бұл да тағдыр соқпағы…

Астыңдағы тұлпарың

Жол ортада тоқтады,

Ай, Жеткерген, Жеткерген…

Азаматтың орны бәрібір білініп тұрады. Ол жүрген жерде ылғи да жылылық лебі есетін.

Ол болған ортада әдемі ахуал, кеңдік байқалушы еді.

Уақыт деген сол, өз ағысымен жүре береді осылай. Жеткергеннің жайсаң тұлғасы көп ортасында көрінбегелі бес жыл өтіпті…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button