Басты жаңалықтар

Рақмет сізге, оқырман!

Баспасөз — 2021

Баспасөзге жазылу науқанының басталуына орай облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары Қобда, Ойыл аудандарында болып, оқырмандармен жүздесті. Кездесу барысында қос газеттің ұзақ жылдардан бергі тұрақты оқырмандарына арнайы «Ақтөбе Медиа» ЖШС Алғыс хаттары табыс етілді.

Оқырмандармен дәстүрлі кездесуге шартарапты шарлаған пандемия айтарлықтай өзгеріс енгізгені рас. Бетперде режимі, әлеуметтік арақашықтық, іс-шаралардағы адам санының аздығы — соның айқын көрінісі. Бірақ бұл ғасырға жуық тарихы бар баспасөзді оқырманынан ажырата алмайды.

— Біздің оқырмандарымыздың көпшілігі — ауыл тұрғындары. Сондықтан біз үшін тұрақты оқырмандарымызбен кездескен әрбір сәт қымбат. Әлемді алаңдатқан коронавирус індетінің салдарынан біз аудандарға іссапарға шығуға уақытша шектеу қойдық. Бірақ газеттің әрбір нөмірінде ауыл өмірі туралы жан-жақты мәлімет беріп отыруға тырысамыз, — деді өз сөздерінде «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Өтеулиев пен Айгүл Нұркеева.

Сондай-ақ олар пандемия кезінде де газет жұмысы тоқтамағанын, сол тұста газеттің сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларына ерекше назар аударылғанын айтып өтті.

Қобда жеріндегі кездесу барысында бас редакторлар қос басылымның ұзақ жылдар бойғы тұрақты оқырмандары болып келе жатқан аудандық аурухана мен білім бөлімінің қызметкерлеріне зор алғысын білдірді:

Дәрігерлер мен мұғалімдердің  қоғамдағы рөлі қай кезде болмасын өте зор. Пандемия кезінде алдыңғы шепте жүрген ақ халаттылардың еңбегі қандай құрметке болсын лайық. Сондай-ақ педагогтерге де үлкен алғыс айтқымыз келеді. Білім сапасын төмендетпей, балаларды қашықтан оқыту — кез келгеннің қолынан келе бермейтін үлкен іс. Қашықтан басталған жаңа оқу жылын да сіздер  білімдеріңіз бен біліктеріңіздің арқасында еш қиналмай, сүрінбей өткеретіндеріңізге сенімдіміз.

Бұдан кейінгі оқырмандармен жүздесу Ойыл ауданында жалғасын тапты. Емен-жарқын әңгіме барысында ауыл тұрғындары өз ойларында жүрген мәселелерді көтеріп, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.

Айта кетейік, Қобда ауданы бойынша газеттің ең тұрақты оқырмандары деп Бақдәулет Әлиев («Ақтөбе») пен Жылқыбай Қамиев («Актюбинский вестник») танылса, Ойыл ауданы бойынша тұрақты оқырман деп танылған Сәрсенбай Аманғосов («Ақтөбе»)  пен Ольга Красавинаға («Актюбинский вестник»)  арнайы Алғыс хаттар табыс етілді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button