Жаңалықтар

Дәріхана иелеріне 32 млн теңге айыппұл салынды

Қоғамдық бақылау

Пандемия кезінде облыста дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтеріп, сол арқылы тәртіп бұзған дәріхана иелері аз емес. Кеше Ақтөбе қаласындағы «Antikor ortalygy» сервистік ғимаратында өткен жиында әлгі қызмет жолында ақшаға құныққандарға қатысты нендей шаралардың қолданылғаны жөнінде есеп берілді.

Өңірде 369 дәріхана жұмыс істесе, соның 277-сі Ақтөбе қаласында орналасқан. 20 шілде мен 11 қыркүйек аралығында солардың барлығын құзырлы органдар — Ақтөбе облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, облыстық прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ақтөбе облысы бойынша департаменті, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, экономикалық тергеу департаменті өкілдерінен құрылған жұмыс тобы арнайы тексерді. Мақсат — індет кезінде денсаулығы сыр берген халықтың дәріханаларда қымбатшылыққа ұрынбауына сеп болу, медициналық препараттардың шекті бағадан өсіре сатылмауын қадағалау.

— Фармацевтикалық қызметті жүзеге асыру кезінде қойылатын талаптарды бұзғаны үшін 73 әкімшілік іс қозғалып, 32 845683 теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде дәрі-дәрмек құнын шектік бағадан асырған дәріхана иелері 67 әкімшілік іс бойынша 32 047008 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл Ақтөбенің имиджі үшін, әрине, мақтаныш емес. Қайта бұған ұялу керек.

Рейд кезінде өзіміз де куә болдық, шектік бағасы 18600 теңгенің дәрісін «Айболит» дәріханасы 42500 теңгеге сатты. Осындай өрескел заңбұзушылыққа барғандарға қатысты шара қолданылды. Бізге хабарласқан тұрғындардың арыз-шағымын да ескердік, бірталайына артық төлеген ақшасын қайтарып алуына атсалыстық.

Мониторингтік топ қоғамдық бақылауды жалғастыра береді. Бұл жұмыстың қорытындысы емес. Дәріханалардағы баға, сатып алушылармен сөйлесу мәдениеті, тазалық, бәрі тексерілетін болады. Егер дәріханаларда, дүкендерде, жалпы қоғамдық қызмет ету орындарында қандай да бір тәртіпбұзушылыққа тап болсаңыз, бізге хабарласыңыз: 8701-617-44-88, — дейді «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев.

Жиын барысында дәрі-дәрмектерге шекті бағаның артуы бойынша қайталанған бұзушылықтар үшін мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен 5 дәріхананың  қызметі тоқтатылғаны да хабарланды. Атап айтсақ, «Гиппократ», Аққу» мен 3 «Миллениум» дәріханалары.

Осы орайда көңіл көншітетін көрсеткіштердің де келтірілгенін айтпай кетуге болмас. Мәселен, жоғарыда аталған жұмыс тобы мониторинг барысында «Еврофарма», «Долголет» ЖШС-лары («БиоСфера» дәріханалар желісі) дәріханалар желісінде шекті бағаның артқанын байқамаған.

Тағы бір спикер — Ақтөбе облысы бойынша фармацевтикалық инспекторат бөлімінің басшысы Дариға Елеуова бүгінгі таңда өңірде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың жетіспеушілігі жоқтығын, КВИ және пневмониямен сырқаттанушылардың төмендеуіне байланысты бұларға сұраныстың да едәуір азайғанын атап өтті.

Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов бақылау жұмыстарының әлі де жалғасатынын еске салды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button