АуылБасты жаңалықтар

Бердінің «Аққанаты»

Мемлекеттік бағдарлама

Кейбір адамдарды жүріс-тұрысына қарап, жүрегі «қазақ» деп, «ауыл» деп соғатынын сезесің. Сүйсінесің. Сондай патриоттардың бірі — Мұғалжар ауданы, Талдысай ауылдық округіндегі «Аққанат» шаруа қожалығының басшысы Берді Сүйінбаев.

Бағдарлама шарапаты

«Ұлы істер мен батыл бастамалар қиын-қыстау кезеңдерден бастау алады» демекші, қазіргі қанаты кеңге жайылған шаруа қожалықтарының көбі 1995-1998 жылдары елде кеңшарлар тарап жатқан уақытта құрылды. Берді Жайылханұлы да «Аққанат» қожалығын сол кездері қолға алыпты. Әуелі қорадағы малын өсіруді құп көрген ол бертін келе ауыл шаруашылығын қолдайтын мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын сезініп, малды асылдандыруға бет бұрды.

— 2014 жылы «Даму» кәсіпкерлікті  дамыту қоры арқылы мал басын көбейтуге 7 миллион теңге несие алып, ірі қара мал алдым. Былтыр «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 20 миллион теңге несие алып, 50 ақбас қашар сатып алдым. Асылтұқымды сиырдың құжаттарын былтыр ғана реттедім. Қазір екі жүздей ірі қара бар. Одан бөлек асылтұқымды жылқыларды да көбейтуді қолға алдым. Жүз шақты Мұғалжар жылқысы, басқаларын қосқанда, барлығы 150-ден астам жылқы бар. Екі-үш бие сауып, отбасымызға ғана жаратамыз. Сондай-ақ екі отар қой  бар. Еділбай қойларын көбейтуді ойлап жүрмін. Асылтұқымды қой өсірудің де өзіндік тәртібі бар. Құжат жағын да реттеу керек. Ол енді алдағы күннің еншісінде. Мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік бағдарламалар да қарасып тұр ғой қазір. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, асылтұқымды малды өсіру, көбейту — ендігі мақсатым, — дейді Берді Жайылханұлы.

Ынталандыру үлгісі

 «Аққанат» шаруа қожалығы Талдысай ауылынан бес шақырым қашықтықта Қонжар тоғайының іргесіндегі Ешкібаз қыстауында орналасқан.

Қожалық иесі малдың басы-қасында үнемі өзі жүре алмайтын болғандықтан, мал күтімін малшыларға тапсырып қойған. Берді Жайылханұлы қысы-жазы тыным таппайтын малшылардың еңбегін бағалап, әрі туысындай боп кеткен жұмысшыларына үнемі қамқор боп жүреді. Айталық, бес-алты жылдан бері осы қожалықтың жылқысын бағып жүрген жылқышы Шәмілге Ақтөбеден екі бөлмелі үй алып беріпті. Бұл — малшыларды ынталандыру үлгісі. Ал екі отар қойға ие болып жүрген шопан Талғат Жұмабаевты отбасымен бірге Байғанин ауданы Жаңатаң ауылынан көшіріп әкеліпті. Үлкен баласы шаңырақ көтерген, одан кейінгі ұлы Азамат та осы қожалықта сиыр бағады екен. Қалған балалары мектепте оқиды.

— Қазір шөп жинау науқаны қызған шақ. Жаңбыр жауып, кішкене кедергі келтіріп тұр. Шаруаға қажетті техникаларымыз бар. Көп жылдан бері осы техникаларға жан бітіріп жүрген Бауыржан, Серікқали, Сергей деген үш тракторшымыз бар.  Үшеуі де — тәжірибелі механизатор. Биыл екі мың бума шөп жинап алуымыз керек, былтыр мыңға жуығы қалып еді. Сонда қысқа үш мыңдай бумамен түскелі тұрмыз, — дейді шаруаның жайын айтқан Берді Жайылханұлы.

«Аққанат» қожалығында малшылар мен тракторшы-механизаторларды қосқанда, барлығы сегіз адам еңбек етіп жүр. Қожалық басшысы жұмысшыларының еңбегі зор екенін, олар болмаса, шаруашылықты тастап, ешқайда шыға алмайтынын, сондықтан да жалақыларын кешіктірмей, уақытында беретінін, оларға шын ықыласымен көмектесетінін, ақылдасып отыратынын айтады.

Ауыл көркі — азамат

Біз хабарласқанда қожалық басшысы үнемі шаруаларымен қапылып жүреді. Елгезек, кез келген мәселеге сергек қарайтын шаруа адамы ауылының көркеюі үшін де аянып қалған емес. «Көркейе бер, туған жер», «Туған жерге тағзым» акцияларына белсене қатысып, Талдысайдың кем-кетігін дұрыстауға көмектесіп тұрады. Айталық, 2008 жылы Талдысай ауылында мешіт бой көтерген болатын. Берді Жайылханұлы, Асылбек Қалдин секілді ауылдың белсенді кәсіпкер азаматтары бірігіп, салып беріпті.

— Ауылда мешіт бар. Алайда имам жоқ. Ауылымызға бір имамды тұрақтату мақсатында бір үйдің құрылысын бастадық. Бұл үйге ауылдастардың бәрі де атсалысып, бірі қаражат жағынан, тағы бірі қол көмегін беріп жатыр, — дейді шаруа.

Ауылдастарының игілігі үшін осындай шаралардан қалмай, «елге болсын» деп тұратын азамат.

Жылқы десе…

Берді Жайылханұлы — Мұғалжар ауданындағы атқұмар азаматтардың бірі. Жылқы жануарына қатысты әңгіме естісе, елең ете қалады. Жақында мұғалжарлық бір топ азаматпен бірге Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай 175 шақырымды атпен жүріп бағындырғандардың бірі, осы Берді Жайылханұлы. Ат жаратып, бәйгеге де қосатыны бар. «Ақбөкен» деген жүйрігі, «Боян» деген жорғасы бар. Бердінің «Ақбөкені» былтыр Орқашта өткен атжарыста бәйгеге тігілген мотоциклді жеңіп алды. Одан да бөлек біраз атжарыстарда оза шауып, бәйге алып жүр.

Қожалық басшысы саятшылық өнерге қызығады, бір жүйрікке мініп алып, құмай тазыны ертіп, аң аулауға шыққанды ұнатады. Кезінде әкесі Жайылхан да мықты аңшы болыпты. Кейіпкерімнің жалғыз ұлы Аққанат биыл Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетті бітірді.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, қазір шаруашылық басында, әкесінің қасында жүр. Ал Берді Жайылханұлының  негізгі мамандығы — денешынықтыру пәнінің мұғалімі. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітіріпті. Келіншегі Аяужан облыс орталығында дәрігер болып еңбек етеді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button