Жаңалықтар

Ел үшін туған азамат

…Ел үшін туған ерлердің
Алды-арты дария, кең болар.

Артықша туған азамат
Халыққа үлкен бел болар, — деп жыр алыбы Жамбыл Жабаев жырлағандай, бүгінгі күні ел игілігі мен келешегі үшін қызмет етіп, елдік туын биік ұстанып жүрген азаматтарымыз аз емес. Солардың бірі — белгілі кәсіпкер, меценат Арынғазы Беркінбаев.

Әлем чемпионатын өткізген спорт шебері

Ақтөбе халқы Арынғазы Қалжанұлын белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі ретінде жақсы таниды. Алайда бұл кісінің спорт саласында қол жеткізген жетістіктерін, өңірдегі тарихи тұлғаларды ұлықтауда сіңірген ерен еңбегі мен тың бастамаларын біле бермейді. Қай кезде де туған ел, туған жер үшін атқа қонуға дайын, ұлтжанды азаматтың бүгінге дейін жүріп өткен жолы сан салалы, әр қилы.

Арынғазы Беркінбаев Хромтау ауданының Дөң ауылында туған. Шымкент педагогикалық институтын, Ресей басқару академиясын, Халық шаруашылығы академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын Хромтау қалалық атқару комитетінен бастаған ол «Крамс Хромит» холдингінің басқарма төрағасы, «Центр Банк» (қазіргі «БанкЦентрКредит») АҚ облыстық филиалының директоры, Мұғалжар ауданының әкімі, ҚР Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры, т.б. көптеген қызметтер атқарды.

Қазіргі таңда ол Хромтау ауданындағы «Данияр» шаруашылығы бас директорының даму жөніндегі орынбасары.

Арынғазы Қалжанұлы жас кезінен спортқа құштар болып өскен. Мектеп қабырғасында жүргенде күрестен талай жарыстарға қатысып, қарсыластарын жеңіп, ел аузына іліккен. Кейін осы қадамы үлкен жетістіктерге бастап, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері атағын иеленген. Бұл туралы кейіпкеріміз былай дейді:

  • Мен мектеп қабырғасында жүргенімде, үлкен ағам Ермекбай «Динамо» аталатын орталық спорттық бірлестікте белгілі балуан болды. Ал Орынғазы деген ағам мені кішкентай көріп, күреске жақындатпады. Дегенмен өсе келе сол кездегі ауданда спорт саласында еңбек етіп жүрген ойылдық азамат Аман Қосжанов, Еуропа чемпионы атанған Валера Автономовтар жас спортшыларды жаттықтырып, спортқа баулыды. Осылайша мен күрестен, самбодан Қазақстан чемпионаттарына, Одақтық жарыстарға қатысып, спорт шебері атандым. Кейін спорттағы осы жетістіктерімнің арқасында бес жыл самбодан федерация төрағасы болып қызмет атқардым. Федерацияда жүргенімде талай жас спортшыларды жаттықтырып, үлкен додаларға алып бардым. Қазір еске түсірсем, солардың арасында бүгінгі күні елге танымал азаматтар — Асылбек Құлмағамбетов, Асхат Шахаров, Амандық Қарабалин, Нұрлан Сибагатов, Қуатжан Сәрсенбаев, Исатай Қазмағанбетов, Мирас Бітімбаевтар бар.

1997 жылы Ақтөбеде еліміз бойынша алғаш рет Әлем чемпионаты өтті. Бұл — республика және облыс тарихында есте қалған ерекше оқиға болды. Міне, сол әлемнің 19 елінен келген спортшылардың басын қосқан дүбірлі доданы ұйымдастырған, оның жоғары деңгейде өтуіне бар күш-жігерін салған Арынғазы Беркінбаев болатын.

Өз қызметіне адал, айтқан сөзін жұтпайтын азамат сол кезде көп жыл бойы пайдаланылмай тұрған «Қоныс» спорт сарайын қайтадан күрделі жөндеуден өткізіп, шараның кең ауқымды болып өтуіне үлес қосқан.

Ал одан кейінгі жылдары Арынғазы Беркінбаев спорттық гимнастика федерациясының вице-президенті қызметін атқарып, талай жас спортшылардың үлкен жарыстарға қатысуына ықпал етті. Жалпы оның бұл салаға қосқан үлесі бүгінде тек ақтөбеліктердің ғана емес, барша елдің есінде қалды.

Ұлт мұрасын ұлықтаушы

 

Өткен жылы Арынғазы Беркінбаевтың бастамасымен және демеушілігімен Ақтөбенің төрінде, дәлірек айтсақ, Абай гүлзарында «Тәуелсіздік» стеласы бой көтерді. Елдік мұрат пен ең басты құндылығымыз — Тәуелсіздікті ұлықтауға арналған ескерткіш Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылды. Биіктігі 19,2 метр болатын стела 8 қырлы тұғырға орнатылған. Тұғырдың биіктігі — 4 метр, ал ені 2,4 метр болатын тұтас бетонмен құйылған. Тұғырдың бір бетінде Қазақстан Республикасының Гимні, екінші бетінде Гимннің музыкалық редакциясы, үшінші бетінде мемлекеттік рәміздердің авторлары туралы жазылған. Ал тұғырдың төртінші бетінде «Ақтөбе» деген сөз жазылып, қызғалдақ бейнеленген.

Халқымыздың рухын паш етіп тұрған еңселі ескерткіш бүгінде ақтөбеліктердің мақтанышына айналды. Қай істі қолға алса да, өзіндік қолтаңбасымен, ерекшелігімен көзге түсетін Арынғазы Қалжанұлының бұл жобасы — ұлттық рух пен ұрпақ сабақтастығы үшін жасалған құнды дүние болды.

Жоба демекші, Арынғазы Беркінбаевтың бастамасымен бүгінге дейін өңірімізде 20-ға жуық кесене, ескерткіш салыныпты. Олардың қатарында Көтібар ба­тыр, Бекқұл баба, Жанқасқа батыр, Әйтеке би, Сейтқұл баба кесенелері, Дербісәлі Беркімбаевтың ескерткіші, т.б. бар.

Облыс орталығынан жиырма шақырымдай қашықтықта орналасқан Егізтөбе деп аталатын биік төбе бауырайында жерленген Бекқұл баба бейітін біз осыдан 20 жыл бұрын, яғни 2000 жылдың тамыз айында салдық. Ол кезде Ермекбай, Ержан, Орынғазы ағаларым, сондай-ақ елге танымал бірқатар азаматтар маған қолдау білдіріп, осы бір игі істің бітуіне атсалысқан болатын. Ал Көтібар батырдың кесенесіне келсек, 1903 жылдары қазіргі Мұғалжар ауданы аумағында басқа елдің азаматтары құрылыс жұмыстарын жүргізіп, пеш салғанда батырға қойылған белгінің қызыл кірпіштерін бұзып алған екен. Дегенмен іргетасы сақталған. Батырға қойылған белгіні Рамазан Нұржанов деген ағамыз тауып, Көтібар Бәсенұлына кесене салуды қолға алған едік. Содан 2000 жылы Әділғали Баяндиннің жобасы бойынша Ақтаудан ақ тас алдырып, дулыға іспеттес кесене салып, сол жылы тамыз айында салтанатты түрде ашылды. Мен сол кесенені салып болған соң, Сыртқы істер министрлігіне ауысып кеттім. Дегенмен туған елден, жерден байланысымды үзген жоқпын. Ол жақта жүрген кезде де елдегі бірқатар бастамалардың жүзеге асуына қол ұшын беріп, үлесімді қостым, — дейді Арынғазы Қалжанұлы.

Бүгінде Жем өзенінің бойында «Мешіт мүйісі» деп атап кеткен төбе бар. Сол төбенің басына Жағалбайлы руынан шыққан Жанқасқа батырдың кесенесі орналасқан. Сол кесенені салуға атсалысқандардың арасында Арынғазы Беркінбаев та бар.

Тарихқа жүгінсек, Жанқасқа батыр отыз жылдай өмір сүрген. Ол — «Қыз Жібек» жырындағы Жібек пен Төлегеннің інісі Сансызбайдан туған Төстің төртінші ұрпағы. Алайда бұл туралы дастанда толық баяндалмайды. 1723 жылы жоңғарлар шапқыншылық жасағанда Алшын елінің соңғы көші Сыр бойынан бері қарай ығысып, Жайық, Жем, Ор өзендерінің бойына қоныстанған. Дәлірек айтсақ, жырдағы Төлегеннің әкесі Базарбайдың мекені — сол Ақ Жайықтың басы. Сол жерде Жағалбайлы елі ту тіккен Хан тауы және Хан жайлауы деген жер бар. Ол жер қазіргі Ресейдің Челябі облысындағы Верхнеурал қаласына жақын. Міне, сол өңірге арнайы барып, сапарлап қайтқан Арынғазы Беркінбаев игі істі қолға алып, Ақтаудан арнайы шебер шақыртып, батырдың кесенесін салдырды.

Бұдан бөлек, Арынғазы Қалжанұлының тікелей бастамасымен қолға алынған жоба —
Дербі­сәлі Беркімбаевтың Хром­тау қаласындағы ескерткіші. Бұл ескерткіш 2017 жылы Дербісәлі Беркімбаевтың туғанына 180 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында салтанатты түрде ашылды. Киелі Ойсылқара жерінде туған, өз дәуірінде халыққа үлкен қызмет жасаған тарихи тұлға Дербісәлі Беркімбаевты ұлықтау шарасына ерекше үлес қосып, тағы бір қайраткерлігін көрсеткен кейіпкеріміз осылайша барша жерлестерінің ыстық ықыласына бөленген-ді.

Мұғалжардан Елордаға дейін…

Арынғазы Беркінбаев — кәсіпкер, меценат ғана емес, мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етіп, елдің дамуына, елордамыздың бүгінгідей алып шаһарға айналуына сүбелі үлес қосқан азамат. Олай дейтініміз, 1999-2000 жылдары Мұғалжар ауданының әкімі болып тұрған тұста ол Ембі-5 деп аталатын әскери қалашықты сақтап қалып, кейін оған Жем қаласы деген атау берілген болатын. Бұл жөнінде кейіпкеріміз былай дейді:

— Екі ел арасында келісімшартқа сәйкес, әскери қалашық Астрахань облысына көшірілетін болды. Сол кезде өңірге келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Александр Павлов менен әскери қалашықты қалай алып қалғанымызды сұрап, таңғалған. Ал 2000 жылы қалашықтың аты өзгеріп, картаға Жем қаласы деген атаумен түсірілді. Айта кетерлігі, сол жылы ономастикалық комиссияның бюллетені шыққанда, облыс бойынша Мұғалжар ауданында ғана қазақша жер-су аттары өзгергені белгілі болды. Тіпті, Мәскеуден теміржол әкімшілігі хабарласып, картадағы қала атауын өзгертетінін айтқан-ды.

Ел аузында Арынғазы Беркінбаев аудан әкімі болып қызметке келген алғашқы екі айда ауданның экономикалық кіріс бөлігі 61 пайыздан 100 пайызға артқандығы туралы бүгінгі күнге дейін жиі айтылып жүр. Тіпті, оның аудан орталығында құбыры жарылып, шұрық-тесік болған бес қабатты үйлерге аз уақыттың ішінде жөндеу жұмыстарын жасатып, халықтың сумен қамтамасыз етілуіне жағдай жасағандығы әлі күнге дейін мұғалжарлықтардың есінде. Ауданды басқарып тұрған кезінде Арынғазы Қалжанұлы бірінші кезекте тұрғындардың жағдайын жақсартуға күш салды. Бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы, зейнеткерлердің зейнетақысы, балаларға төленетін әлеуметтік төлемдердің уақтылы төленуіне жағдай жасады. Аудан орталығында әлеуметтік ғимараттардың бой көтеруіне атсалысты. Ал елордаға арнайы шақыртумен барып, онда дипломатиялық корпус қалашығын салғаны — оның қолынан барлық іс келетіндігінің айқын дәлелі.

— Маған ел астанасының құрылысына үлес қосу мүмкіндігі туғанына ерекше қуанамын. Елордада ірі құрылыстарды салуға қатыстым, тіпті, бел ортасында жүрдім деуге болады. Дипломатиялық корпус қалашығының бой көтеруіне аянбай еңбек еттім. Қазір сол кездегі жасаған жұмыстарымды бағдарлап қарасам, ел дамуына бір адамдай үлес қосыппын. Бұған дейін біраз жыл Астанада тұрдым. Қазір Ақтөбедемін. Биыл Хромтау ауданы Дөң бастауыш партия ұйымынан Nur Otan партиясының ішкіпартиялық сайлауына түсіп жатырмын. Ондағы басты мақсатым — елде қалыптасқан жағдайларға өзгерістер енгізу, қолдан келгенше ел дамуына, өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосу. Осы орайда мен елдегі экономика мен қоғамды қайта жаңғыртуда партия мен билік тарапынан қандай өзгерістер жасау қажет екендігі туралы өз ой-пікір, ұсыныстарымды білдіремін, — дейді ол.

Биылғы пандемия кезінде Арынғазы Қалжанұлы бірқатар мұқтаж азаматтарға дәрі-дәрмектер алып беріп, олардың айығып кетуіне қолдау көрсетті.

Қазіргі таңда ол осыған дейін жинақтаған зерттеулерін бір жүйеге келтіріп, Ойсылқара әулие туралы монография шығаруды жоспарлап отыр.

Оның айтуынша, Ойсылқара әулие Мұхаммед пайғамбардың сопылық таза хадисін уағыздаушы ретінде жеті жұртты аралаған тақуа кісі болған. Бүгінде әлем бойынша Ойсылқара әулиенің жеті мазары бар. Оның бірі — Түркия елінде. Оған жыл сайын бір миллион адам барып, басына қонып, зиярат етеді.

Айта кету керек, Хромтау қаласынан 40 шақырым жерде Ойсылқара аймағы бар. Жергілікті қарияларының айтқан аңыздары бойынша Ойсылқара әулие Пайғамбардың тірісінде жүздесу үшін екі рет барып, бірақ дидарласа алмапты. Пайғамбарымыз дүниеден өтерде сахабаларының біріне: «Сахарадағы Ойсылқараға тапсыр», — деп жидесін аманатқа беріп кеткен екен. Ойсылқара әулие қорымы Ойсылқара ауылының жанындағы төбеде орналасқан.

Р.S. Талай белесті бағындырып, ұзақ жылдар әр салада абыройлы еңбек еткен, ел алғысына бөленген Арынғазы Қалжанұлы — бүгінде отбасында үлгілі әке, қамқор ата, үздік меценат. Ол ел дамуы жолындағы игілікті істері үшін «Құрмет» орденімен, Мұғалжар және Хромтау аудандарының құрметті азаматы атағымен марапатталған. Сондай-ақ ол — Хорватия елінің Қазақстандағы құрметті консулы.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button