Құқық

Сот жүйесін дамытуға бағытталған озық қадам

Судьялар съезі

Жаңа істі бастамас бұрын меже белгілеп, мақсатты айқындап алған маңызды. Осы тұрғыдан алып қарағанда сонау 1996 жылдан бастау алған республика судьяларының съезі өзіндік бағыт-бағдары айқындалып, ұстанымын бекіткен, айтары бар жиынға айналды. Алқалы жиынның арқасында Судьялар Одағы, оның филиалдары құрылып, ережелері қабылданды, сот жасауылдары жұмыс жасай бастады. Судьялардың біліктілігін арттыратын орталық ашылып, кейіннен Сот төрелігі академиясы болып құрылды. Орталық Азия судьялар ассоциациясына, Халықаралық заңгерлер одағына кірдік. Өлім жазасына мораторий жарияланып, жазаны ізгілендіру басталды. Дауларды баламалы түрде шешу мәселесі қойылды. Үш буынды сот құрамына көштік. Жоғарғы Сот кеңесі жөнінде заң қабылданды. Төрт жыл сайын судьялар қауымдастығына, сот жұмысына қатысты мәселелерді екшеп, кемшіліктерді жоюдың жолдарын қарастыратын, кем-кетікті түзеп, келешекке жөн сілтейтін бұл жиынның маңызы артып келеді. Төрт жыл сайын өтетін съезді судьялар қауымының тағатсыздана күтіп, жаңалықтар тосатыны сондықтан болса керек.

Бүгінге дейін өткен алқалы жиындарда сот жүйесін жандандыруға қатысты пәрменді қадамдар жасалып келеді. Сот жұмысына және судьялар қызметіне қатысты қарапайым қалам-қағаздан бастап, зәулім ғимаратқа дейінгі материалдық мәселелердің барлығы дерлік шешімін тапты. Сонау 1990 жылдармен салыстырғанда бүгінде жалдамалы немесе ескі ғимаратта отырған сот ұжымы жоқ. Еңсесі биік ғимараттар, жаңа үлгіде жасалған жұмыс бөлмелері, техникалық жағынан толық жарақтандырылған сот залдары сол жиындарда көтерілген игі бастамалардың жарқын нәтижесі деп айтуға болады. Судьялар съезінің арқасында әріптестерімізбен ой бөлісіп, ашық диалогқа қатысуға мүмкіндік алдық. Съезд біздің көкейіміздегіні жеткізіп, ойымыздағыны бүкпесіз айтатын биік мінберге айналды. Судьялар съезі тәжірибемізді шыңдауға қол жеткізіп, жұмысымызға үлкен серпін берді. Материалдық-техникалық жақтан қамтамасыз етіліп, үлкен қолдауға ие болдық. Соның арқасында судьялардың ғана емес, сот хатшыларының және кеңсе қызметкерлерінің де жұмысы жеңілдеді. Құжат айналымының қағазбастылықтан арылуы, электрондық тәсілмен кіріс-шығыс құжаттарының толтырылуы бұрындары қолды байлайтын статистикалық есептер жасау секілді жұмыстардың тез шешімін табуына жағдай туғызды.

Алқалы жиын сот төрелігін тиімді және сапалы атқарудың жолын көрсетті, нәтижесінде соттар мен судьялардың мәртебесіне қатысты, алқабилер мен медиацияға қатысты заңдар дүниеге келді. Сапаландыру мақсатында мамандандырылған соттар құрылып, олар өмірге қажеттілігін дәлелдеп, барлық өңірлерде жұмыстарын жүргізіп келеді.

Соттар артық жұмыстардан арылып, сөзбұйдаға салмай, істі тиімді шешудің тетіктері жасалды. Сотқа түскен талап-арыздар дер кезінде тіркеліп, судьяларға электрондық әдіспен тең бөлінетін болды. Ендеше, судьялар жүктемесіндегі ала-құлалықтан арылғанымыз да осы алқалы жиындардың арқасында.

Сот процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында істерді үн-бейнежазба қондырғысын қолдану арқылы қарау жолға қойылды.

Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында судьялар мен мамандар бұқаралық ақпарат өкілдерімен бірге жұмыстар атқарып, жыл бойына үнқағаз беттеріне атқарылып жатқан жұмыс бойынша және Заңның әр түрлі тақырыптарына мақалалар жариялап келеді.

Жоғарғы Соттың пилоттық жобалары бойынша жұмыс жүргізіліп, әрбір шығарылған үкімдерді, шешімдерді және қаулыларды жариялағаннан кейін сотқа қатысушыларға қарапайым тілмен оның мәнін түсіндіру жұмыстары қолға алынды.

Соттың ашықтығы, қолжетімділігі, халықтың сенімінен шығуы —  сьездерде жүктелген тапсырмалардың ең бастысы. Өйткені, кез келген мемлекеттік қызметкер қарапайым халыққа адал, риясыз қызмет көрсетуге тиіс. Ал судьяның адалдығы заң талаптарын ескере отырып, білімін қалыптасқан тәжірибемен ұштастырып, әділ шешім шығаруымен өлшенеді. Судья істі таразылағанда шешімі бірнеше адамның тағдырын өзгертетінін қаперінен шығармағаны жөн екені, осындай жауаптылықты сезінгенде ғана тура төрелік етіп, соның нәтижесінде көпшіліктің сотқа деген сенімі нығая түсетіні де осы алқалы жиындарда айтылып келеді.

Біздің ең басты мақсатымыз — Елбасымыз айтқандай, халқы заңын сыйлап, сотқа сенетін қоғам құру. Осы мақсатты жүзеге асыру жолдары — судьялардың кезекті съезінің басты тақырыптарының бірі болатыны бүгінгі заманның талабы.

             А.БАЛМҰХАНОВ,

Хромтау аудандық сотының төрағасы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button