«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Ақтөбе ажары — көркі кірген көшелер мен жөнделген жолдар

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Айталық, қаладағы автожолдардың 70 пайызы дерлік жөнделіп, асфальттанды.

Ақтөбе қаласындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 651 шақырым. Оның 300 шақырымына асфальтты-бетон жабындысы төселген. Биыл 97 көшені жөндеу жоспарланып отыр. Жалпы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде осы жылы қаланың, қала маңындағы аймақтар мен елді мекендердегі 171 шақырым жолды жөндеуге республикалық бюджеттен 13,9 миллиард теңге бөлінді.

Әуелгі кезекте қоғамдық көліктер мен магистральды автомобиль жолдары жөнделеді, содан кейін ғана екінші деңгейлі жолдарға кезек беріледі. Мердігерлер жоспар бойынша көше бойлай жарықдиодты шамдар орнатып, тротуарлар мен веложолдардың құрылысын бастап та кетті. Сондай-ақ елді мекендердегі 100 километрдей қара жолды реттеуге кіріскен. 

2020-2021 жылдары Ақтөбе қаласының айналма жолдарының құрылысы аяқталатын болады. Мұндай айналма жолдар, әсіресе, ауыр жүк көліктеріне өте ыңғайлы. Олар қалаға кірмейді, сол жолдармен қала сыртынан өтіп кетеді. Өз кезегінде бұл да өңірдің экономикалық әлеуетіне оң әсер етеді.

Жол сапасы — бақылауда

Жолдар жыл сайын жөнделіп жатады. Бір жерге жыл сайын айналып соқпау үшін жолдың сапасын бақылап отырудың маңызы зор.

Ақтөбеде жол жөндеу жұмыстарының атқарылу сапасына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Сондай-ақ өз міндетін дұрыс орындамай, салғырт қараған мердігерлердің кемшіліктерін түзету талабы да бақылауға алынды. Айталық, әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардан түскен шағымдардың бірқатары Сүт зауыты қалашығындағы Ембі көшесі және Мәскеу ауданындағы Арынов көшесіндегі жұмыстардың сапасы мен тапсыру мерзіміне қатысты болды. Бұлар — қаладағы жөндеу жұмыстары созылыңқырап кеткен көше жолдары.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров облыс орталығындағы жол жөндеп жатқан мердігер ұйымдардың жұмысын тексерді. Әсіресе, шағым көп түскен Ембі көшесіне барып, мердігер компанияға нысанды жөндеп тапсыру мерзіміне қатысты талап қойды.

Ембі көшесі екі жыл бұрын жөнделді. Бірақ сапасыз атқарылған жұмыстың салдарынан жол төсемі тесіліп, оны жасаған мердігер ұйым қайта жөндеп бермей, іс құзырлы органдардың қарауына берілген. Сондықтан Күншуақ көшесінің қиылысынан Гастеллоға дейінгі ұзындығы 1200 метрден астам жолды қазір басқа мердігер компания «Муканов и К» ЖШС жөндеп жатыр. Бұл маңға енді екі қабатты асфальтты жабынды төселіп, шұңқырлар тегістелетін болады. Сондай-ақ жоба бойынша арық орнату да қарастырылған. Жолды қайта жөндеуге тағы 154 миллион теңге бөлуге тура келді. Мердігер компанияның өкілі Мұрат Наурызғалиев жұмыстарды қазан айының ортасына дейін аяқтауға уәде берді.

Ал Арынов көшесіндегі жол төсемін алмастыру былтыр басталды. Бұл жерде Сельмаш көпірінен Пугачев көшесіне дейінгі ұзындығы 1300 метр болатын жол учаскесі жөнделіп жатыр.  Жоба бойынша бұл маңдағы жолдың көлік жүретін бөлігін екеуден төртеуге дейін кеңейту, арық қазу, сондай-ақ, жолдың екі жағынан да тротуар салу, жан-жағына талдар егіп, көгалдандыру және жарықтандыру қарастырылған. Мердігер компания — «Абай Б» ЖШС-ның басшысы Орынбек Баймурзин қала әкіміне жасалған жұмыстар туралы есеп беріп, нысанды тапсыру мерзімін қазан айына дейін ұзартуды сұрады. Ал қала басшысы 20 қыркүйекте жолдың ашылатынын айтып, жөндеуді тезірек аяқтауды талап етті. Арынов көшесі бойындағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 537 миллион теңге бөлінді.

— Көшелердің біраз бөлігінде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын: тротуарлар мен жол жиектері реттеліп, жиектастар қойылып жатыр, сондай-ақ жарықтандырылуда. Қаланың ескі бөлігіндегі жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Сүт зауыты қалашығы мен «Малышка» аудандарындағы жұмыстар бітіп, тапсырылды. Жақын күндері Берсиев көшесі аумағындағы айналма жол ашылады. Барлық ауыр жүк көліктері айналма жолмен жүретін болады. Облыс басшысы бізге қаланың кіреберісіне айналма жолдар салуды міндеттеді. Енді ауыр жүк көліктері Ақтөбеге кірмейді. Қала дүкендерінің қоймаларына тауар жеткізетін жүк көліктеріне тиелгенді түсіру үшін арнайы орын дайындаймыз. Облыс орталығындағы жұмыстар аяқталса, онда жолдардың 70 пайызына жуығы асфальттанған болады, — дейді Асхат Шахаров.

Қала әкімі облыс орталығындағы жол жөндеу жұмыстары қара суық түскенше аяқталатынын айтты.

Айтпақшы, бұдан былай мердігерлердің жасаған жұмыстарын Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мұқият тексеретін болады. Ендігі жерде жолға төселген әрбір құрылыс материалының сапасы мен жұмсалған мөлшері үшін техникалық ережелерді қатаң сақтауға тиіс мердігер ұйымдар жауап береді. Әйтпесе, жіберілген олқылықтарды өздері қайта қалпына келтіреді.

Енді велосипедшілер қатары көбейеді

Соңғы жылдары Ақтөбедегі орталық көшелердің шетінен қызыл түсті веложолдар пайда болғанын көріп жүрміз. Автомобильдің пайдасымен қатар зияны да барын сезінген жұрттың көбі бір кездері «шайтан арба» атанған велосипедке отыра бастады. Яғни біздің елде велосипед сәнге  салауатты өмір салтының бір элементі ретінде енді.

Ақтөбенің бір топ велосипедшілері қала әкімінен шаһарымыздың жолдарында жүруге қолайлы жағдай жасап беруді өтінген болатын. Қыркүйек айының басында Асхат Шахаров олармен бірге велосипедпен қала көшелерін жүріп өтіп, вело-қауымдастық мүшелерінің мәселені шешуге қатысты пікірлерін тыңдады.

Ал өткен аптада қала әкімі вело-белсенділерді, жол полициясы мен жергілікті полиция өкілдерін шақырып, веложолдар мен велотұрақтар ұйымдастыру мәселесін талқылады.

— Әуесқой автожүргізушілердің уақыты өтіп, енді белсенді өмір сүруді қалаған велосипедшілердің мәселелеріне мән беретін уақыт жетті. Расында көп адамдар жаяу жүруді қаламайды, тіпті есігінің алдындағы дүкеннен нан әкелуге машинамен баратын болды, — дейді қалалық мәслихат депутаты Юрий Гончаров.

Ақтөбелік велосипедшілердің басын қосып жүрген велоқауымдастықтың ұйымдастырушысы Юрий  Куликовтың айтуынша, велосипедшілер де басқа көлік жүргізушілері секілді жолда еркін жүру құқығына ие.

— Өкінішке қарай, күн сайын мынадай кедергілерге тап боламын. Біріншіден, «темір капсулада» отырған жүргізушілердің велосипед теуіп бара жатқан адамды сыйламайтындығына қарным ашады. Тіпті, олар үшін велосипедшілерді жолдан ысыру, балағаттау қалыпты секілді. Алайда велосипед те көліктің бір түрі емес пе?  Меніңше, веломәдениетті дамытуды мектептен бастау керек. Мүмкін, аптасына бір рет жолда жүру ережесін түсіндіру керек шығар… Екіншіден, жол полициясы қызметкерлері автомобиль жүргізушілеріне жолда жүру ережесі мен мәдениеті туралы айтып, алдын алу шараларын жүргізсе, — дейді Юрий Куликов.

Қала басшысының айтуынша, Ақтөбе көшелері жаяу адамға да, мүмкіндігі шектеулі жандарға да, велосипедшілерге де ыңғайлы болуға тиіс. Яғни кедергісіз орта қалыптастырғысы келеді.

— Велосипедке спорт түрі ғана емес, жедел жүруге арналған қарапайым көлік ретінде де қарағанымыз жөн. Себебі автомобильдің пайдалы тұстарымен қатар, зияны да барын бәрі біледі. Таза ауада велосипед тебу — адам денсаулығына да маңызды,  экологиялық жағынан алғанда да тиімді көлік түрі. Сондықтан да велокөліктік инфрақұрылымды дамытуымыз қажет. Тиімді көлікке жаппай міну — жалпыәлемдік ұстаным. Соңғы жылдары еліміздегі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында веломәдениет жақсы дамып келеді. Біз енді сіздермен бірге біздің Ақтөбемізде де веломәдениетті қалыптастыруымыз керек. Биыл инфрақұрылым мүмкіндіктерін қарастырып, алдағы жылы бұл мәселені толықтай шешуге тиіспіз. Көріп жүргеніміздей, кейбір жерлерде веложолдар үзіліп, келесі жолмен байланыспай жатады. Соларды жалғап жіберу керек, жалпы толық инфрақұрылым құрған жөн. Бұған дұрыстап кірісуіміз керек. Өз ұсыныс-тілектерін айтып, пікірлерін ортаға салып жатқан велосипедшілер қауымдастығының белсенділеріне де рақмет. Бұрын басқа елдерге барғанда велосипедшілердің қала көшелерінде басқа көліктермен бірге еркін қозғалғанын көріп, таңғалатын едік. Алдағы уақытта қаламызда веложолдар мен велотұрақтар салынатын болады. Инфрақұрылым болса, неге велосипедпен жүрмеске? Маған ұнап қалды. Кім білген, болашақта жұмысқа осы көлікпен баруымыз да мүмкін ғой. Керемет емес пе?! Әрине, уақыт жоғалтамыз, есесіне жұмысқа сергек әрі тың күшпен кірісетін боламыз, — дейді қала әкімі А.Шахаров.

Құтты мекенімізде веложолдар мен велотұрақтар көптеп салынатын болса, әлбетте велосипедшілер қатары көбейетін болады.

ЕНДІ КӨПЖЫЛДЫҚ ӨСІМДІКТЕР ЕГІЛЕДІ

 Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қалада жасыл белдеу қалыптастыру мәселесін «Ақтөбе, дыши» волонтерлік қозғалысының ұйымдастырушысы Евгений Лазарчукпен, облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұлмен және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарымен бірге талқылады.

Дәлірек айтқанда, биыл күзде және келесі жылдары тал отырғызатын аумақтарды белгілеу үшін кеңесті. Нақтылау үшін мамандармен және волонтерлермен бірге тал отырғызылатын орындарға бару да жоспарланды.

Еске салсақ, көктемде қала әкімінің «Ақтөбе, дыши» қозғалысының мүшелерімен кездесуінде негізгі күшті қалада егілген жас тал-теректерді сақтап қалуға жұмсап, ал жаңадан тал отырғызуды күзге қалдыру туралы уәде бекітілген болатын. Яғни жаз бойы ұңғыма қазу, суару жүйесін орнату, жоспарлау жұмыстарын жүргізуге келіскен еді. Сол уәде бойынша, Бөкенбай батыр даңғылы бойындағы жасыл желекті суару үшін құбыр тартылды, ол болашақта тамшылатып суару жүйесін орнатуға мүмкіндік береді. Әбілқайыр хан даңғылында, дәлірек айтқанда,

Ғ.Жұбанова көшесінен Ә.Молдағұлова даңғылына дейінгі аумақта бұрғылау арқылы 3 ұңғыма қазылып, суару желісі тартылды, аталған учаскеде көпжылдық шөптер егілді. Сондай-ақ осындай жұмыстар 101-атқыштар бригадасы көшесінде де жүргізілуде. Осы орайда 101-атқыштар бригадасы көшесін аралап, тұрғындармен кездескен қала әкімі Асхат Шахаров:

— Биыл жайқалып өссін деген ниетпен бұталардан басқа талдарды кестірмедік. Жалпы бізде өсімдіктердің жағдайын біліп, зерттеп отыратын арнайы маман жоқ. Бұл негізінде ағаштарды кесу емес, сауықтыру деп аталады. Ал біздер сауықтыруды ойлап жатпаймыз, негізінен эстетикалық жағына мән береміз ғой. Сәйкесінше, ағаштарды да сындырып, бүлдіріп аламыз, — деді.

Әрине, Ақтөбеде жасыл белдеуді сақтау, сонымен қатар эстетикалық көріністі қалыптастыру мақсатында қалада ағаштарды сәндеп қырқу және санитарлық кесу жұмыстары жүргізіліп отырады. Алайда мамандар бірінші кезекте апатты жағдайда тұрған және қураған ағаштарды тазарту жұмыстары жасалатынын, қазіргі таңда жол белгілеріне, бейнекамералар мен жаяу жүргіншілер жолдарына кедергі келтіретін ағаштарды кесу жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Бұл маңдағы гүлзарда зейнеткерлер бұрын шахмат ойнап отыратын. Аға буын өкілдері әлі де ойнауға болатынын, алайда үстелдердің жоқтығын, сондай-ақ ескі орындықтардың мықты болғанын, қазіргі жаңасы әлсіздеу келетінін әрі олардың арасы тым алшақ қойылғанын ескертті. Қала басшысы мұны ескеретінін айтты.

Сонымен қатар қаламыздағы Абай атындағы гүлзарда, «Ғашықтар» саябағында, «Орынбор» саябағында және т.б. гүлзарлар мен саябақтардағы суару жүйелері жөндеуден өткізілді.

Мамандар қолданыстағы тәжірибеге сәйкес суару жүйесі жоқ аумақтарға  жасыл желек отырғызу оң нәтиже бермейтінін, тұрақты суарылмау салдарынан еккен көшеттер тамыр алмай қурап кететінін де айтып отыр. Сондықтан қала аумағын 50-ден астам скважинамен және 100 шақырым суармалы құбырмен жабдықтау қажеттігін, бұл бізге талдарды тамшылатып суару, көпжылдық шөптерді себезгілеп  суару әдісін қолдануға мүмкіндік беретінін ұсынды. Осы аталған жұмыстар кезең-кезеңімен алдағы үш жыл ішінде орындалуы керек.

Қала басшысы өз сөзінде жасыл белдеуді дұрыс қалыптастыруымыз керектігін, сондай-ақ талдарды автоматтандыру жүйесі арқылы суаруды іске асыруға ниетті екенін айтты.

Жасыл алқаптарды зиянкестерден қорғау үшін 2010 жылдан бастап қалада химиялық өңдеу жасалып жүр. Биыл мамыр айынан бастап химиялық өңдеудің үш кезеңі өтті, үшінші кезеңнің жұмыстары тамызда жүргізілді.

Ақтөбе қаласында жыл сайын жайқалып тұратын гүлзарлардың жалпы ауданы — 38 мың шаршы метр, ал көпжылдық көгалдың ауданы — 247 мың шаршы метр. Биыл қала аумағында шырайгүл, барқытгүл сияқты гүлдердің түрлері егілді.

2021 жылдан бастап жыл сайын егілетін өсімдіктерді біртіндеп көпжылдық түрлеріне ауыстыру жоспарда тұрғанын, алдағы үш жылда 20,0 гектардан астам жер көпжылдық шөптермен көгалдандырылатынын, сонымен қатар жапырақты ағаштардың әртүрлі көшеттерін — жөке, құс шие, шырша, үйеңкі, шетен, шегіршін, қарағай және басқаларын отырғызу жоспарда барын айтты. Шамамен 16 мың данадан астам ағаш көшеттері мен талдар отырғызылмақ.

Жасыл желекке оранған қала әдемі көрінеді әрі ауасы да таза болады. Ендеше, әдемілік пен тазалықты қалайтын әр ақтөбелік құтты мекенді жасыл желекті етуге атсалысады деп сенеміз.

 

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button