АуылБасты жаңалықтар

Ешкінің сүті —  ем

Ежелден мал баққан халқымыз ешкіні төрт түліктің қатарына қоспаса да қадірін жақсы білген. Себебі ешкі қойға қарағанда тез көбейеді. Бұған қоса ешкінің сүті де, еті де шипалы қасиетке ие. Алға ауданының Тамды ауылында тұратын Жалғасбай Ізтілеуов ешкі өсіруді қолға алыпты.

Жалғасбай осыдан екі жыл бұрын «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы бизнесті қалай бастау керек екенін оқып, сертификат алады. Мақсаты — ауылдан наубайхана ашу. Алайда бұл үшін қомақты қаржы керек. Өкінішке қарай, жоба талапқа сай келмейді. Сөйтіп іскер жігіт кәсіптің түрін өзгертуге бел байлайды. Ешкі өсіріп, сүтін сатуды ойлайды. Себебі ешкінің сүті — шипа, сатсаң тәуір табыс табуға болады.

— Ойлана келе қайтарымсыз грантқа құжат тапсырдым. Нәтижесінде 505 мың теңге қаржыға ие болдым. Ақша қолыма тиген соң үстіне қырық мыңдай қосып, занин, нубий, алпей, ламанча тұқымды алты ешкі сатып алдым. Бұлардың барлығы сүтті тұқым. Бір күнде төрт литрге дейін сүт береді. Күніне екі мезгіл сауамыз. Әзірге сүтті сатуға шығарған жоқпыз. Ол үшін мал дәрігерлері қарап, қанын тексеру керек. Олар ешқандай ауру жоқ екенін анықтап, рұқсат бергеннен кейін ғана көпшілікке ұсынамыз. Қазір өзіміз ішіп отырмыз. Жалпы ешкінің сүтінің пайдасын өзім көрдім. Вахталық әдіспен жұмыс жасадым. Асқазаным сыр берді, әрі маусымдық  аллергиям бар. Содан күніне екі мезгіл ешкінің сүтін іштім. Нәтижесіне көз жеткіздім, — дейді Жалғасбай Ізтілеуов.

Жалғасбай қазір ешкілерге қора салып жатыр. Ешкі күй талғайды, күтім керек. Жемі мен шөбі уақытында берілу керек. Бұлай болмаған жағдайда мол сүт алу қиын.  Жалғасбайдың атасы Қошқарбай Жартыбаев кеңес үкіметінің кезінде Байғанин өңіріне белгілі шопан болған, яғни мал бағу — атакәсіп. Шаруақор жігіт атасының қасында жүріп малды күтіп, баптаудың қыр-сырын меңгерген. Алға қойған жоспары көп. Ешкінің санын көбейтіп, сүтті молынан сатуды көздеп отыр. Қазір Тамды ауылында бір литр ешкі сүтінің бағасы – 700 теңге. Сұраныс бар.

Ешкі —  өсімтал мал. Жақсы күтім болса екі рет төлдейді. Қазір күніне екі мезгіл жем беремін. Көк шөп орып беремін. Үйдің айналасына жаямын. Себебі ауылда өріс жоқ. Шаруа қожалықтары жерді бөліп алған. Егер ешкінің санын көбейтсем, жайылым жер керек, — дейді Жалғасбай.

Жалғасбайдың бес баласы бар. Әйелі ауыл мектебінде жұмыс жасайды. Байғанин ауданынан Тамдыға екі мыңыншы жылы көшіп келіпті. Шаруақор жігітке сәттілік тілейміз.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button