«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Түрленген қала, көркейген көше

Қала

Ақтөбе қаласындағы 101-атқыштар бригадасы көшесі жаңа кейіпке енді. Айталық, бұл маңда «Бауырсақ», «Періште қанаты», «Саптыаяқ» және «Дастарқан» кіші сәулет нысандары орнатылған. Үйлердің сырты боялып, кейбір үйдің қабырғасына мурал-суреттер салынды. Көпжылдық шөптер егіліп, тамшылатып суару жүйесі орнатылып, субұрқақ іске қосылды. Талдардың үстін бойлай ұсақ шамдар ілінді. Әсіресе, түнде ерекше жарқырайды. Орындықтар да жиі қойылған.

Бұл маңға жолды кешке жауып, таңертең ашатын боллардтың орнатылуы тіпті жаңалық болды. Анықтап айтсақ, жол полициясымен келісілген түрде, қала әкімінің шешімімен 101-атқыштар бригадасы көшесінде сағат кешкі 20.00-ден таңғы 06.00-ге дейін автокөліктер үшін қозғалыс шектеледі. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың, балалардың және жалпы жаяу адамдардың еркін серуендеуіне ыңғайлы. Түнгі уақытта жедел қызмет көліктері үшін өтуге мүмкіндік беріледі. Боллард маңында хабарландыру және телефондар жазылып тұр.

— Көшені бірінші рет мүгедектер арбасымен еркін жүріп өттім. Автокөліктер жоқ, мен секілді адамдарға алаңсыз серуендеп жүруге болады. Бұл жақсы бастама, — дейді «Пандус и Ок» ЖШС директоры Шахан Жолдасбаев.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, қала тек көлік жүргізушілеріне ғана емес, жаяу адамдар үшін де қолайлы болуы керек.

— Біз тұрғындардың барлық санаты үшін қолайлы орта жасауға міндеттіміз. Бір жылда бәрін үлгеру мүмкін емес. Болашақта осындай орындарды қаланың шеткері аудандарында, елді мекендерде көбірек ұйымдастыратын боламыз. Жақында №17 мектеп маңындағы шағын гүлзар тазартылып, ретке келтірілді. Сондай-ақ «Жолшылар» гүлзарында үй жануарларын серуендетуге арналған орын жасап бердік. Енді ескі қаладағы Кереев көшесі бойына бір гүлзар жасау жоспарда бар,  — деді қала әкімі Асхат Шахаров.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button