Жаңалықтар

Ұшқан ұяға оралу

Бүгінгі қазақ журналистикасының көрнекті өкілдерінің бірі, осы саладағы бірегей ғалым, қалам иелері арасынан шыққан санаулы саптағы елші Серікқали Байменшенің ұшқан ұясы — облыстық «Ақтөбе» газетіне араға біраз жыл салып кездесуге келуі — шығармашылық ұжым, өзінен кейінгі буын үшін ерекше қуаныш, мәртебелі құрмет болды.

Бүгінде Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссияның хаттама және ұйымдастыруды қамтамасыз ету департаментінде бөлім бастығы болып қызмет атқаратын Серікқали Ердіғалиұлы — Қазақстанның Құрметті журналисі, филология ғылымдарының докторы, Ресей аудармашылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистика академиясының академигі.

Баспасөз үйінде облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бір топ журналистері қатысқан жиынды осы басылымдарды біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин ашты.

— Сіз облыстық газет редакторының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген кезіңізде мен осы ұжымға қызметке келіп едім. Содан бергі уақытта сіздің өсу-өркендеу жолдарыңызға куә болып келемін. Журналистикада танымал есімге айналдыңыз, қоғамдық, мемлекеттік қызметтерде биікке көтерілдіңіз. Көп жылдар елшілікте қызмет атқардыңыз, бүгінде Мәскеуде тұрасыз, еліміздің мүддесі жолында аянбай еңбек етіп келесіз,— деп ол келген қонаққа жылы лебізін білдірді.

Шалқар ауданының Жылтыр ауылында дүниеге келген Серікқали Байменше Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1977 жылы еңбек жолын сол кездегі облыстық «Коммунизм жолы» газетінде жиырма бір жасында әдеби қызметкер болып бастады. Бұдан кейін осы газетте бөлім меңгерушісі болып еңбек етті, кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланды. 1983 жылдан республикалық «Лениншіл жас» газетінің Қазақстанның батыс облыстар бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарып, жастыққа тән жігерімен, облыстық газеттен алған тәжірибесімен еңбек етті.

Ал 1986 жылы «Коммунизм жолы» газеті редакторының орынбасары болып тағайындалуы отызға енді ғана толған жас журналист үшін үлкен жауапкершілік еді.

Өзі білім алған Қазақ мемлекеттік университетінде аға оқытушы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің баспасөз орталығында кеңесші, Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігіндегі, ҚР Жоғарғы Кеңесіндегі қызметтері оның елмен араласудағы, мемлекеттік ауқымдағы міндеттерді шешуге үлес қосуының айшықты кезеңдері болды.

Ұзақ уақыт Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі болды және республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ресейдегі өкіл тілшісі міндетін қоса атқарды.

Сол уақыттардың бәрінде ол журналистикадағы жолынан еш ауытқыған жоқ. Қай жерде жүрсе де қалам қуатын сарқа пайдаланды. Әсіресе, өзі қызмет істеген облыстық «Ақтөбе» газетінің тарихын түгендеу, алғашқы редакторларын, шығарушыларын нақтылау бағытындағы зерттеу жұмыстары ерекше атап өтуге тұрады.

— Облыстық газеттің менің өмірімдегі алатын орны ерекше. Осы өңірдің мен аяқ баспаған елді мекені қалмады. Көптеген адамдармен кездестім, талай тағдырлардың түзелуіне ықпал ету мүмкіндігі болды. Облыстық газеті мені шыңдады, қалыптастырды деп айтуыма болады, осында аға буын қаламгерлер үлгісін алдым. Сондықтан да алғашқы мектебімнің тәлімін еш уақытта ұмытпаймын. Кейін университетте болашақ журналистерге ұстаздық еткен кезімде де газеттегі тәжірибем көп көмегін тигізді,— деп Серікқали Байменше ойымен бөлісті.

Кездесу барысында облыс журналистикасының ардагерлері сөз сөйледі.

— Еңбек жолыңызды бастаған қара шаңыраққа келіп отырсыз. Алдыңызға биік мақсат қойдыңыз, сол жолда көптеген жетістіктерге жеттіңіз. Қазақтың қарымды қалам иелері Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергенов мұраларын тереңдетіп зерттедіңіз. Соның барлығы жас буынға үлгі, бізге мақтаныш,— деді ақпарат саласының үздігі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев.

— Біз Серікқалиды баспасөздің білгірі деп танимыз, жастайынан көрінді. Көптеген кітаптары жарыққа шықты. «Қос жүрек», «Майлының Бейімбеті», «Бейімбеттің сөзстаны», «Төртінші билік тағылымы», «Зергердің зертханасы» сияқты еңбектерін оқыдық. Біздің облыстық газеттен шыққан азаматтың осындай жоғары деңгейге көтерілуі бәріміз үшін мақтаныш,— деді Қазақстанның Құрметті журналисі Аманқос Орынғалиұлы.

Бүгінде алпыстың асқар биігіне шығып, зейнетті жас ауқымына енген Серікқали Ердіғалиұлы елге зайыбы Майра ханыммен келді. Кезінде облыстың газ шаруашылығы саласында еңбек еткен ел келіні өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге аянбай қызмет етті.

Қонақтар жаңа ғимаратта орналасқан облыстық газеттердің редакцияларында болды, осындағы музеймен танысты.

Серікқали Байменшеге салтанатты жағдайда «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің  салалық наградасы — үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі тапсырылды, басқалай да сый-құрмет жасалды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button