Басты жаңалықтар

 «Шаңырақ»: елімізде 7-8 мың отбасы баспаналы болады

«Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты. Нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асады». 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауынан.

ҚР Президенті биылғы халыққа Жолдауында тұрғындардың баспана алуы үшін тағы бір қаржы тетігін ұсынды. Ол — зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін тұрғын үй алуға пайдалану. Алдағы жылдың өзінде Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне бера алады. Ал өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға тиімді әлеу­меттік көмек көрсетілетін болады. Президент осылай деді.

Жалпы, елімізде соңғы жылдары баспаналы болуға арналған бірнеше бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Екінші деңгейлі банктер тарапынан жүзеге асырылатын «7-20-25», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүргізілетін «Нұрлы жер» — «Бақытты отбасы», әскерилерге арналған мемлекеттік, «Өз үйім» жеке бағдарламасы, басқа да тұрғын үй заемдарын алу арқылы баспаналы болу бағдарламалары бар.

Биыл тағы бір жаңа бағдарлама қолға алынды. «5-10-25» немесе «Шаңырақ» бағдарламасы жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде тұрған адамдардың баспана мә­селесін шешеді.

«Оған 390 мил­лиард теңге бөлінді. Үкімет осы бағдар­ламаның жүзеге асырылу барысын үнемі қадағалап отыруы керек. Қазір әкімдіктер кезекте тұрған азаматтарға арнап жалға бері­летін тұрғын үйлер салып жатыр. Бюд­жеттік және сатып алу рәсімдеріне бай­ланысты бұған ұзақ уақыт кетеді. Бұл тәртіпке өзгеріс енгізетін кез келді. Қаражатты тек үй құрылысына ғана емес, жалдау ақысын субсидиялауға да бөл­ген жөн. Оның ауқымы осы шара­ның арқасында алғашқы жылдың өзін­де-ақ 10 есе өсіп, жүз мыңнан астам отба­сына нақты көмек көрсетіледі. Бұл жұмыс­ты реттеуді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде құрылып жатқан «От­басы банкіне» тапсырдым. Банк басшы­лығы тікелей жауапты болады», — деді Президент Жолдауында.

Мамыр айында өткен төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда халықтың тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында «Отбасы банкі» құрылатынын айтқан болатын. Тұрғын үйді бөліп беріп отыру, есеп жүргізу жұмыстарын орталықтандыратын толыққанды даму және қолдау институты —  «Отбасы банкі»  қазіргі  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) АҚ негізінде құрылады.  «Шаңырақ» бағдарламасы да осы банк арқылы жүргізіледі.

Жақында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалы  журналистерді «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы берілетін тұрғын үйлермен таныстырды.

—  «Шаңырақ» жобасының аясында жеңілдетілген несиені бірінші кезеңде, баспанаға мұқтаж ретінде 1986-2010 жылдар аралығында әкімдік кезегіне тұрған азаматтар ала алады. Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін, банктің «Шаңырақ» жобасын одан әрі несиелендіруге қажетті қаражаты болған жағдайда, бағдарламаның екінші кезеңіне әкімшілік кезегіне кейінгі жылдары тұрған азаматтар да шақырылуы мүмкін.

Бүгінге дейін республика бойынша аталған бағдарламаға қатысуға 12 мыңнан астам өтініш берілген. 887 ақтөбелік www.hcsbk.kz сайты арқылы бағдарламаға қатысуға өтініш білдірді, оның ішінде 215 адам бағдарлама шарттарына сәйкес келіп онлайн кеңес алды, 17 адам құжаттарын тапсырды, 16 адамның өтініші мақұлданып, қазір олар пәтер таңдап жатыр. Оларға пәтер таңдау үшін 2 ай уақыт беріледі, — дейді «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» облыстық филиалы директорының орынбасары Эльмира Ескендірова.

Бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін отбасылық табыстың бір айлық көлемі 3,1 күнкөріс минимумынан аспайтын (2020 жылдың 1 сәуірінен бастап күнкөріс минимумы 32 668 теңгеге тең) еңбек, кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістің (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы мен басқа да міндетті аударымдарды есептемегенде) болуы талап етіледі. Яғни, 2020 жылы отбасының әр мүшесіне келетін табыс көлемі 101 271 теңгеден аспауы тиіс.
— «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді тек жаңадан салынған дайын үйлерден ғана алуға болады. Бұлар —  «5-10-20» бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдіктер салып жатқан несиелік тұрғын үйлер мен жеке құрылыс компаниялары салған үйлер.

Сондай-ақ «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» акционерлік қоғамының кепілдігі бар үйлерден де үлестік келісімшартпен алуға болады. Мұндай үй Ақтөбеде біреу, ол — 11-шағын ауданда салынып жатқан «Центр групп» компаниясының «Арай» тұрғын үй кешені. Ол кепілдік беру қорынан кепілдік алған еліміздегі әзірге жалғыз тұрғын үй кешені, — дейді аталған банктің бірінші санатты қызметкері Мақсат Заитов.
Биыл «Шаңырақ» пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін бюджеттен 210 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланған. Оның 90 млрд теңге көлеміндегі алғашқы траншы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» түсті.

— Осы бюджетке сәйкес, банк еліміздің шамамен 7-8 мыңдай отбасын баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлар отыр. Бағдарлама шарты жеңіл: жылдық мөлшерлеме 5 пайызға тең, жеңілдетілген заемды алу үшін бағдарлама қатысушылары әкімдік кезегінде тұрулары қажет. Сондай-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шоттарына займ мөлшерінің 10 пайызынан кем түспейтін соманы бастапқы жарна ретінде жинаулары қажет. Несиелендіру мерзімі — 20 жылға дейін. Тұрғындар әкімшілік кезегіне қай уақыттан бастап есепке тұрғанын egov.kz сайты арқылы немесе жергілікті атқарушы билік органдарынан біле алады, — дейді Э.Ескендірова.

Бағдарламаға қатысу үшін ең алдымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» www.hcsbk.kz  сайтындағы «Қолжетімді тұрғын үй — «Шаңырақ» пилоттық жобасы» бөлімі арқылы электронды өтініш беру қажет. Өтініш берген күннен бастап 3 күн аралығында банк қызметкері қоңырау шалып, несиелендіру шарттары мен бағдарлама талаптарын жіті түсіндіріп, өтініш тапсыру үшін банк бөлімшесіне шақырып, онлайн кезекке қояды.

— Төлем қабілеттілігіңізді бағалау үшін құжаттарыңызды алып, банк бөлімшесіне белгіленген уақытта келу керек. Егер сіз талаптарға сай келіп, заемды мақұлдау жөнінде банктің оң шешімін алсаңыз, банк талаптарына сай екі ай ішінде сатып алатын пәтеріңізді тауып, жеке құрылысшылармен үйді сату-сатып алу немесе үлестік қатысу келісімдерін жасап, банктен заем аласыз. Осы алты қадамды орындағаннан кейін өз пәтеріңіздің кілтін аласыз, — дейді Э.Ескендірова.
Әкімдік кезегінде тұрған азаматтар бағдарламаға қатысу туралы және төлем қабілеттілігін бағалау жөніндегі өтініштерін 16 қыркүйекке дейін  тек hcsbk.kz сайты арқылы электронды түрде бере алады. Өтінішті жергілікті атқарушы органдарында кезекте тұрған, бірақ әзірше банктен салым ашып, клиенттер қатарына қосылып үлгермеген тұрғындар да бере алады.

Әкімдіктер салған несиелік тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі бойынша еліміздің аймақтарында әртүрлі баға белгіленген: Алматы қаласында пәтердің бір шаршы метрінің құны —  240 мың теңгеге дейін, Нұр-Сұлтан қаласында — 220 мың теңгеге дейін, Шымкент қаласы мен Алматы маңындағы аймақтарда —  180 мың теңгеге дейін, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысында, басқа өңірлерде пәтердің бір шаршы метрінің құны 160 мың теңгеге дейін болуы шарт.

Пәтерлер жеке құрылыс компаниялары салған үйлерден сатып алынған жағдайда ең жоғары заем сомасы  Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 18 млн теңге болса, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысында 15 млн теңгеге дейін, ал қалған өңірлерде 12 млн теңгеге дейінгі баға ұсынылған.

— Тұрғындар барлық құжаттарды тапсырып, заем алу өтініші мақұлданғаннан кейін құрылыс компанияларына барып, үйлерді қарап, таңдай алады. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтер алуға болатын құрылыс компанияларының тізімін hcsbk.kz сайтынан жүктеп алуға болады, — дейді Э.Ескендірова.

Мұндай құрылыс компанияларының бірі — «СМП Групп» құрылыс компаниясы. Қазіргі уақытта аталған компания «Болашақ» ауданында көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатыр.

— Бұған дейін Ақтөбеде бірнеше тұрғын үй салдық. Негізгі сатып алушыларымыз — «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары. Аталған банкпен келісімшарт жасаса отырып,тұрғындарға нарықтағы төмен бағамен пәтер алуға қолдау көрсетіп отырмыз. Болашақ ауданында салынып жатқан тұрғын үйден ақтөбеліктер «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы тиімді шарттармен пәтер сатып ала алады. Мұнда 1,2,3,4,5 бөлмелі пәтерлер бар. пәтерлердің аумағы бөлме санына байланысты 41 шаршы метрден 180 шаршы метрге дейін. «Шаңырақ» бағдарламасының шарты бойынша Ақтөбе облысында құны 15 миллион теңгеге дейінгі пәтерлерді алуға болады, сондықтан бұл үйден аталған бағдарлама аясында 1,2,3 бөлмелі пәтерлерді алуға болады. Пәтерлер жартылай әрленген. Үй Болашақ ауданының орталығында тұр, аумағы үлкен, балалар алаңы, көлік қоятын автотұрағы бар, — дейді «СМП Групп» құрылыс компаниясы директорының бірінші орынбасары Асқар Тілеубергенов.

Бүгінде облыста «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 16 адамның несие алу өтініші мақұлданған. Соның бірі Арман Айдынова. 2009 жылы мемлекеттік қызметкер ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған ол бүгінде көпбалалы отбасы ретінде кезек санатын ауыстырған.

— Отбасымызда 4 баламыз бар. Өзім есепші болып жұмыс істеймін, жолдасым ресми түрде жұмыс істемейді, бірақ табысымыз бар. Өтініш беріп, банкке құжаттарымызды өткіздік. 15 миллион теңге көлемінде пәтер сатып алуға өтінішіміз мақұлданды. Көпбалалы болғандықтан, әрі жанымызда анамыз болғандықтан, бізге кемінде 3-4 бөлмелі пәтер қажет. 2004 жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» екі депозит аштық. Бір депозиттегі қаражатымыз «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаны төлеуге жеткілікті болғандықтан, екінші депозитімізді сатып жібердік. Себебі үй жөндеуге де біраз қаражат қажет болатыны белгілі. Мемлекет тарапынан бізге осындай мүмкіндік беріліп отырғаны бізге үлкен қолдау. Әрі біздің отбасы тек облыстағы ғана емес, республика бойынша «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша өтініші мақұлданған ағашқы отбасы. Қазір біз пәтер іздестіріп жатырмыз, — дейді Арман Айдынова.

Қазіргі таңда  Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік  тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезек тізімінде 24 650 отбасы тұр. Оның ішінде жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар — 1735, көпбалалы отбасы – 2022, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобы  – 10784, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер – 10038, жалғыз тұрғын үйі апаттық жағдайда деп танылған 70 отбасы тіркелген.

«Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекеме басшысының міндетін уақытша атқарушы Махаббат Баянқұлованың айтуынша, қазіргі уақытта осы 24 мыңнан астам адамның тізімі толық «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» берілген.

— Бағдарлама шарты бойынша 2010 жылға дейін кезекке тұрғандар үй ала алады. Кезектегі азаматтардың 4985-і — 2010 жылға дейін кезекке тұрғандар. Бұл азаматтарға банк өзі хабарласады. Жыл сайын кезектегі азаматтар саны артып отыр. Биыл жыл аяғына дейін кезектегі азаматтарға «Нұр-Ақтөбе» ауданынан екі көпқабатты жалдамалы тұрғын үй беріледі.  Барлығы 1,2,3 бөлмелі 353 пәтер бар. Жалдамалы пәтерді кезек бойынша  алады. Қазіргі уақытта 2006 жылы кезекке тұрғандар алып жатыр, — дейді ол.

Р.S. Биылғы Жолдауында Президент Қ.Тоқаев тұрғын үйлерді жалдау төлемін субсидиялау туралы да айтты. Әзірге оның механизмі жасалып жатыр. «Бұл тұрғындарды баспанамен қамтуға қатысты тағы бір өте тамаша қолдау болар еді. Егер жалдау құнының белгілі бір бөлігін мемлекет субсидия арқылы өтейтін болса, қалғанын жалға алған адамның өзі төлесе, әлдеқайда жеңіл болатыны белгілі», — дейді Эльмира Ескендірова. 

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button