АуылБасты жаңалықтар

Бозойдың жыры — жол мен интернет

Бозой — өндірісі мен ауыл шаруашылығы қоса дамыған өңір. Шалқар ауданының оңтүстік-батысында орналасқан селолық округтің халқы тұрақты, малы көптігімен ерекшеленеді.

Шалғай болғанымен, шаруасы мығым ауыл тұрғындарының  тұрмысы тәуір. Өйткені онда бірнеше жұмыс орындары бар. «Тетис Арал Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Ақтөбе магистральды газ құбырлар басқармасына қарайтын Арал тораптық өндірістік басқармасында істейтін  жұмысшылардың дені — ауыл жастары. Ал, төрт түлікті өсіріп, әсіресе, жылқы мен түйенің санын кемітпейтін бозойлықтардың жылдық табысы малдың төлі болса, айлық жалақысы осы өндірістерде. Сондықтан  көптің аузында «Шалқардың Щвейцариясы» атанған ауылдың бүгінгі тынысымен таныстырмақпыз.

Бозойда 3 мыңға жуық халық тұрады. Ал, мұндағы жұмыс орындарына вахталық әдіспен келетін жұмысшыларды қоспағанда округ үшін бұл сан жоғары көрсеткіш. Округ орталығы жылма жыл өсіп, қоныстанушылардың мекеніне айналып жатыр. Жыл сайын 20 шақты жеке үй салынады екен. Қазіргі таңда 500-ден аса түтін бар.

Бұрын қалалық типпен салынған орталықта 2 қабатты үй көп. Ал «қазақы ауыл» деп аталатын аймағы жаңа үйлермен толығып болған.

Тұрғындардың үй салу қарқыны жақсы. Жер телімдерін екі аймаққа бөлген едік. Қазір бірінші даму аймағын бітірдік. Енді екінші даму аймағы бойынша 60 үйге жер телімін беріп жатырмыз. Ол жерге газ, жарық, ауызсу тарту жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындардың 95 пайызы жұмыспен қамтылған. Орташа жалақысы —150 мың теңге, — дейді Бозой ауылдық округінің әкімі Жасұлан Жұбаназаров.

Округ бойынша ірілі-ұсақты жұмыс беруші 19 мекеме бар. Кәсіпкерлік саласы да жақсы дамыған. Дүкен, монша, жабық базарлар, шаштараз секілді қызмет көрсетіп отырған 82 кәсіпкерлік нысан бар. 4 газ құю, жанар-жағармай бекеті жұмыс жасайды. Ауыл ішінде ерсілі-қарсылы жүрген көліктердің қарасы көп. Тақымына техниканың түрін басқан тұрғындар ауыл-үйдің арасындағы мініске мотоциклді пайдаланады. Ауыл әкімінің айтуынша, әр үйде көлік қос-қостан тұр.

Өрісінде 6545 сиыр, 11 мыңға жуық жылқы, 3580 түйесі бар Бозойдан ағарған  үзілген емес. Қымыз бен  шұбат — негізгі сусын. Дегенмен мал азығы екі есеге қымбат. Өйткені шабындықтағы шөп 80-100 шақырым жерден дайындалып, тасылады. Бір бума руллон 6 мың теңге. Бірақ сатып алушылардың қалтасы көтереді. Қонақтарын қысылмай қарсы алатын бозойлықтар берекесін еңбекпен келтіріп отыр. Ұл-қыздарын оқытып, қаладан үй алып беру негізгі міндеттері.

Округке екі елді мекен қарайды. Оның бірі — Қаңбақты ауылы. Онда 25 үй бар. Негізгі мектепті 36 оқушы ғана ұстап отыр. Ал бұрынғы «Южный» деп аталатын Қоянқұлақ ауылында қазір 3-4 үй ғана қалған.  Округтегі 53 шаруа қожалығының өзі бір ауылды құрайды. Орталыққа келіп оқитын балалар үшін  арнайы интернат бар.  Бозойдың орталығында 22 көше болса, барлығы түгелдей жарықтандырылған.  Қазіргі таңда электр желілерін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.

Ауыл әкімінің ұйымдастыруымен жаңа саябақ жасақталған. Жасыл желектері өсіп, теректер жайқалып келеді. Бұл ауылдың көркі болмақ. «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында 1 шақырымдық көше толық асфальттанды.

Еңсені басқан екі мәселе

Ия, бозойлықтар осы екі мәселенің зарын тартып келеді. Қанша жерден жағдайлары жақсы, тұрмыстары тәуір болса да шешімін күткен шаруалар шаш етектен. Тұрғындарының көптігімен ішкі цивилизациясы жақсы дамыса да ұзақ жол мен интернеттің қажеттілігі кәдімгідей байқалады.

«Біздің жағдайымыз өзгелерден көш ілгері екенін білеміз. Барлығы бар. Тек бір ғана мәселені айтамыз. Ол — жол. Аудан орталығына бір күнде барып келу қиынның қиыны» деген ауыл тұрғындары тым болмаса асфальт қақ ортадағы Айшуақ ауылына дейін келсе, жарты жолдың азабынан құтылар едік дейді.

Шалқар — Бозой тас жолы өткен жылы 20 шақырымға жасалған. Биылғы жылдың еншісінде 30 шақырымды асфальттау көзделген.  Жол жасалып жатыр. Бірақ мұндай мардымсыз қарқынмен Бозойға дейін асфальттың ауылы әлі алыс. Екі орта 220 шақырым екенін ескерсек, кем дегенде 3-4 жыл керек.

Қашық жолға жүк көліктерін айтпағанда «Джип», «УАЗ»-дан басқа кез келген көлік жүре алмайды. Құмға батады. Тұрғындардың таксиі 10 орынды «УАЗ» көліктері. Қысы-жазы сонымен қатынайды. Бозойда такси қызметімен айналысып отырған 2-3 жеке кәсіпкер бар. Алдын ала жазыласың. Бозойдан Шалқарға сол таксилер түнгі сағат 2.00-де жүреді. Себебі қалаға мінетін таңғы жетідегі пойыз кестесіне саптастырылған. Әккі жүргізушілер 4 сағатта апарады. Ал, бірінші рет өз көлігіңізбен бара қалсаңыз, 5-6 сағатыңызды жолға арнай беріңіз.

Ауыл тұрғындары мұндай қашық жолға үйреніп, көнуден басқа амалдары жоқ. Дені сау адамға ештеңе емес, әсіресе, аяғы ауыр әйелдер үшін тым қиын. Бозойда 10 орындық амбулатория бар. Күндізгі стационарда 7 мейірбике, 2 тазалаушы жұмыс істейді. Ауылдың бас дәрігері Шалқарбай Қаржаудың айтуынша, жылына 100 жүкті әйел есепке тұрады. Күніне 30-40 адам қаралады. Олар жүкті болғаннан бастап кем дегенде 4 рет аудан орталығына барып тексерілуі тиіс. Бір қуанарлығы, демографиялық көрсеткіш өте жоғары. Жылына 92-95 сәби дүниеге келеді екен. Міне, сол себепті жүкті әйелдерді алдын ала аудан орталығына немесе жағдайына қарай облыс орталығына жібереді. Әрине, ауылдық жерде дәрігердің талаптарын орындай бермейді. Тұрмыстық жағдайларға байланысты кейбірі кешігіп, тіпті мезгілінен бұрын босанып қалатындар болады. Ондай жағдайда ауылдағы шағын емханаға босандырудан басқа айла жоқ. Бір қиыны, жас босанған әйел 2 сағаттан соң аудан орталығына кетуге тиіс. Балаға құжат жасалуы керек. Сөйтіп 1 күндік нәрестемен 4-5 сағат қара жолмен жүруді ойлаудың өзі қорқынышты.

Жаз айларында ештеңе емес, қыста қиын. 100 шақырымға дейін жолда ауыл жоқ. Әзірге көлігіміз бұзылмай, Құдай сақтап келеді. Қазір медицина саласында интернетсіз жұмыс істеу мүмкін емес. Базаға тіркеу керек. Мысалы, мен «Дамумед» бағдарламасы бойынша  жұмыс жасай алмай отырмын. Құжаттарды бұрынғы қағаз түрінде толтырамыз. Оны ауданға апарып тағы базаға енгізуіміз керек. Сөйтіп интернет жоқтығының  кесірінен екі есе уақыт жұмсап, жұмыс жасауға мәжбүрміз, — дейді ауыл дәрігері.

Карантин кезінде ауылдан шыққан түлектер көмектерін аямапты. Ортадан ақша жиып, 10 арнайы төсек,  1 оттегі концентраты, 3 Бобров аппаратын алып берген.

Биыл Бозой орта мектебі жаңа оқу жылын 535 оқушымен бастады. Жыл сайын балалар саны көбеймесе азайған жоқ. Мектепалды даярлық сыныбына 71 бала қабылданды. 64 бала 1-сыныптың есігін ашты. Мектеп директоры Иният Әлиев барлық оқушы мектепке барып оқитынын айтты. Оқу бағдарламасына интернеттің болмауы кері әсерін тигізіп отыр. Өйткені қашықтан оқытуға интернет керек. Бұған дейінгі көктемгі карантинде балалар қашықтан «Балапан» телеарнасы арқылы оқыған. Білім ордасында 72 ұстаз бар. Маман тапшылығы жоқ. Оқушылар спорттан грек-рим мен қазақша күресі бойынша жаттығады. Ал шағын футболдан Бозой орта мектебі ауданда өткен жарыстардың алдыңғы үштігінен түспей келеді. Алайда 1997 жылы салынған мектеп содан бері жөндеу көрмеген. Есік-терезелері тозып тұр. Жылыту батереялары да  ескі. Қазір барлық аудан, ауылдарға жаңа мектептер салынып, күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ал, 500-ден аса оқушысы бар білім ордасына көңіл бөлінбеуі түсініксіз жай.

Бозойға балабақша керек. 140 орындық балабақшасы болғанымен, тағы 140 бала кезекте тұр.

Бұл жақта дәстүрлі емес шаруашылықпен ешкім айналыспайды. Тиімсіз. Егін, бау- бақша салмайды. Себебі маңайда су жоқ. Жалғыз Бауыржан Дәулетияров өткен жылы жылыжай салып, бұл кәсіпті жандандыруды қолға алды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» арқылы даму қорынан 3,5 миллион теңге несие алып, оған өзінің қаражатын қосып құны 5 миллион тұратын жылыжай салды. Қияр мен қызанақ егіп, биылғы алғашқы өнімін тұрғындарға ұсынды. Жергілікті өнім сұранысқа ие болды. Жылыжай иесі алдағы жылдары ісін кеңейтіп, басқа да бақша өнімдерін көбейтуді көздеп отыр.

«Жол — ауылдың өзегі» деген округтің әкімі оны күтіп қарап отырған жоқ. Ауылдың келбетін көркейтіп, абаттандыруды жалғастыра беретінін айтты. Құм етегіндегі тіршілігі қайнаған мекеннің көркі тал. Сондықтан 1200 көшет отырғызылған. Батысты орталықпен жалғайтын Бейнеу-Бозой тас жолы — ауыл үшін қатынастың күре тамыры. Бейнеу жақтан келетін тас жолдың транспорты бұрынғыдай ел айналмай, Бозойдың үстімен Қызылорда облысына шығады.

Бозойда еліміздегі ең үлкен газ сақтау қоймасы бар. Оның жылдық қоры — 3 миллиард текше метр. Жаз бойы көгілдір отынды жинап, қыста оңтүстік өңір мен Ресей, Өзбекстан, Қытай елдеріне экспорттауға қауқары бар. Бірақ көгілдір отынның отаны қос жылдамдықтың игілігін көре алмай келеді.

Жерінің асты осынша газбен, үсті малмен толып отырған Бозой байлығының, басқасын айтпағанда, кезек күттірмей тұрған жол мен интернет желісін тартуға шамасы да, мезгілі де жеткен сияқты…

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button