Басты жаңалықтарЭкономика

Бизнесті сақтап қалудың жолы — уақытқа байланысты өзгеру

Кәсіпкерлік

Коронавирус індеті белең алған кезде елде карантин енгізіліп, кәсіпкерлік нысандары уақытша жабылған болатын. Соның салдарынан көптеген бизнес табыссыз қалып, енді бірі банкрот болып, жұмысын біржола тоқтатты. Осындай жағдайда тығырықтан қалай шығу керек? Кәсіп бағытын уақыт сұранысына қарай қалай өзгертуге болады? Бұл сұраққа облысқа белгілі кәсіпкер Қалауша Садықова жауап берді.    

— Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантиннің енгізілуі шағын және орта бизнес саласына үлкен соққы болды. Соққының ең ауыры мейрамхана ісі, тамақтандыру орындары сынды қызмет көрсету салаларына тиді. Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап мұндай қызмет көрсету орындары бірден жұмыс істеуін тоқтатты. Міне, жеті ай болды, бұл сала еш табыссыз отыр. Табыс түсіру былай тұрсын, несие, коммуналдық шығындар, жалақы бойынша міндеттемелерін орындауға шамасы келмей қалды. Пандемия кезінде біздің «Атамекен» мейрамхана кешені де бірнеше ай бойы бір де бір банкет өткізген жоқ. Мейрамхана, банкет залымен бірге біздің кешенде түнгі клуб, караоке клуб та бар. Олардың барлығы жұмысын тоқтатты. Мұндай жағдай көптеген кәсіпкерлердің басынан өтті. Мейрамхана бизнесі жақын арада қайтадан қалпына келе қоймас. Біз мұны түсіндік, түсіндік те, осы тығырықтан қалай шығу қажеттігін ойластырдық. Нарықты зерттедік. Банкет, басқа да шаралар өткізуді жоғары деңгейде ұйымдастыра білген кәсіпкер ретінде кәсібіміздің бағытын өзгерту қажеттігіне еш күмәніміз болған жоқ, тек оны қалай өзгертуді ойластырдық. Карантин кезінде мейрамханаға қонақ қабылдай алмадық, алайда бастапқыда тапсырыс арқылы тағам жеткізумен айналыстық. Ол ісіміз де жақсы жүрді. Дегенмен «тапсырыспен жеткізу» қызметінің біздің міндеттемелерімізді толық жаба алмайтынын түсіндік. Бізге жаңа жоба қажет болды. Онда да қаламызда бұрын-соңды болмаған, болса да басқаша бағытта жұмыс істейтін жобаны қолға алғымыз келді. Бұл жобаны «№1 Гастроном» деп атадық. Қазір біз гастрономды ашу бағытында қауырт жұмыс істеп жатырмыз.

— Ендігі жерде «Атамекен» мейрамхана кешені болмай ма?

— Иә, оның орнына «№1 Гастроном» ашылады.  Мен мейрамхана бизнесі саласында 10 жылдан астам жұмыс істедім, сондықтан бұл кәсіпті мүлде басқа арнаға бұру оңай болды деп айта алмаймын. Дегенмен, кез келген тығырықтан шығу үшін уақыттың талабына құлақ түру қажет. Карантин кезінде азық-түлік сату бағытындағы жобалар ғана ісін тоқтатқан жоқ, сондықтан осы салада өз бағымызды сынағымыз келді. Тек кәсіпті сәл басқаша бағытта жүргізу қажеттігіне мән бердік. Яғни сауда үйін ашу кезінде супермаркеттердегі реттілік пен базарлардағы жайлылықты біріктіргіміз келді, яғни біздің гастрономда әрі тәртіп, әрі жайлылық болуы тиіс деген қағидаға тоқталдық. 1901 жылы ашылған, бүгінде Ресей астанасының визиттік карточкаларының біріне айналған Мәскеудегі Елисеев дүкенін негізге алдық. Сондай әдемі әрі тұрғындарға тиімді гастроном ашу үшін «Атамекен» мейрамханасында барлық жағдай бар — әдемі хрусталь аспашамдар ілулі, төбелері биік, ғимарат алдында көлік қоятын орын жеткілікті, қысқасы, барлық жағдай бар. Біз осы бағытта зерттеу жүргіздік. Бұл жобаны ашу арқылы сауда үйлеріндегі қызмет көрсету сапасын арттыруға, тауар түрлерін көбейту бағытында өз үлесімізді қосқымыз келеді.

— Гастрономның бағыты қандай болады?

— Жалпы аумағы екі мың шаршы метр болатын екі үлкен залды тек облыста ғана емес, елімізде баламасы жоқ ерекше жобаға арнап отырмыз. Гастрономда сауда қатарлары реттеліп орналастырылады. Онда көкөніс, жеміс-жидек, балық, ет, сүт, нан өнімдері, жартылай фабрикаттар — барлығы белгілі бір ретпен орналастырылатын болады. Дәріханалар, шаруашылық заттары, ұсақ-түйектер де осы гастрономнан табылатын болады. Бірінші қажеттіліктегі азық-түлік, шаруашылық заттар сататын бакалеялық бөлімге тұтас бір залды арнадық, келушілерге ыңғайлы болуы үшін екі шағын маркет те салынатын болады. Қысқасы, гастрономға келген адам іздегенінің барлығын осы жерден табуы керек. Мәселен, үйге күтпеген жерден қонақ келіп қалса, етті бір базардан, тортты кондитерлік дүкендерден, жеміс-жидекті тағы басқа жерден іздейтініміз белгілі, ал гастрономға келген адам барлық қажетті тауарды осы жерден алып кетуі тиіс.

Қазіргі уақытта салқындатқыш жабдықтар сатып алып жатырмыз. Ресейлік компаниялардың бірімен келісімшарт жасасып, 500 мың теңгенің салқындатқышын 38 пайыз жеңілдікпен сатып алып жатырмыз. Осылайша болашақта гастрономда жұмыс істейтін серіктестерімізге қолдау көрсетіп отырмыз. Бұл ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлер үшін үлкен көмек. Екіншіден, жабдықтардың бірдей болуы гастроном залының эстетикалық әдемілігіне де әсер ететін болады.

— Сатушыларға, кәсіпкерлерге қандай талап қойылады?  

— Біз тәжірибелі кәсіпкерлерге де, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге де мүмкіндік береміз. Және оларды серіктестер деп қабылдаймыз. Оларға өз жобаларын жүзеге асыру үшін орындарды жалға береміз, дегенмен, «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» деген принциппен емес, тұтас команда ретінде бірге жұмыс істейтін боламыз. Бұл бизнестің негізгі маркетологы ретіндегі жауапкершілікті өз мойныма алдым, яғни серіктестерімізге бизнесті жүргізуге көмектесеміз, бизнестің қыр-сырын үйретеміз, біріге отырып қызықты жобалар жасаймыз, өз өнімдерін әлеуметтік желілер арқылы жарнамалауға көмектесеміз.

Жұмыс істегісі келетін, бірақ нақты идеялары жоқ адамдарға да бағыт-бағдар береміз.

Барлық сатушылар үшін бірыңғай форма тіктіреміз, сауда реттеріндегі жабдықтар да бірдей болады. Қысқасы, клиенттерге сауда үйіне емес, әдемі сарайға келгендей әсер қалдыруға тырысамыз. Сонымен бірге тапсырыспен жеткізу қызметін де қосуды жоспарлап отырмыз. Себебі пандемия кезінде тапсырыспен жеткізу қызметіне сұраныс күрт артты, бұл қызметке әлде де сұраныс болатыны белгілі. Сатып алушылар үшін де, сатушылар үшін де жағдай жасаймыз.

Пандемия кезінде көптеген кәсіпкерлер жұмыссыз қалды. Солар үшін біздің жобаға қосылу қаржылық жағдайларын қайта реттеуге мүмкіндік болар еді. Қазіргі уақытта бізбен бірге жұмыс істейтін серіктестердің қатары 70 пайызға толды, бұйырса, қыркүйек айында жұмысымызды бастамақпыз.

Коронавирус індеті бізге қандай жағдайға да дайын болуымыз қажеттігін, дер кезінде уақыттың, нарықтың ығына қарай өзгере білуіміз керектігін көрсетті. Осындай күрделі кезеңде батпаққа батып кете жаздаған бизнестің бағытын басқа арнаға бұра отырып қайта жалғастыру өте маңызды, себебі әрбір кәсіпкердің артында оның отбасы, қызметкерлері, міндеттемелері тұр. Яғни біз, кәсіпкерлер, мемлекетке қарап қол жаймай, жұмыс істеуіміз керек. Өз күнімді өзім көремін дейтін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр, ендігі бір мәселе —  жалға алушы кәсіпкерлерге де субсидия төленсе дұрыс болар еді. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен арада меморандум жасастық. Бұл құжат аясында кәсіпкерлер палатасы біздің серіктестерге бизнесті жүргізу бағытында курстар өткізбек. Сонымен бірге жергілікті билікке де отандық өнім өндірушілерді қолдауға қатысты ұсыныспен шыққымыз келіп отыр. «№1 гастрономда» негізінен жергілікті өнім өндірушілерге көбірек орын беруді мақсат етіп отырмыз. Серіктестер тарапынан жақсы ұсыныстар, қызықты идеялар айтылып жатыр. Мәселен, жақында бір қыз бала келді, ол шоколадқа оралған құрма өнімін жасап сатқысы келеді екен, біз оның жобасын бірден қолдадық.

Біздің «№1 Гастроном» жобасы пандемия кезінде кәсібі тұралап қалған барлық кәсіпкерлерге, әсіресе, мейрамхана бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерге үлгі болса екен дейміз, себебі, мейрамхана бизнесі әзірге толықтай қалпына келе қоймайтыны белгілі. Уақыттың ыңғайына қарай жүру — отандық бизнестің осы тығырықтан шығуына көмектесетін жалғыз жол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.     

Басқа жаңалықтар

Back to top button