Жаңалықтар

Бір шаңырақтан шыққан — төрт кенші

Әулет

Кеншілер әулеті — Оспановтарды күллі Хромтау таниды. Оспановтар тегінің кеншілік қызметтегі ортақ еңбек өтілі жарты ғасыр шамасын құрайды. Қауіп-қатері мол қызметке атбасын бұрған сол әулеттен шыққан Базарбай әкенің ұрпағы бүгінде атакәсіпті жалғастырып жүр.

Дөң ауылында туып-өскен Базарбай Оспановтың әкесі қарапайым жұмысшы, көлік жүргізуші болған кісі. Бір әкеден тараған төрт баладан қалған жалғыз ұл — осы Базарбай ғана. Аға-інісінен тараған бауырларының кеншілік қызметі өз алдына бір бөлек әңгіме.

Әскерден келген жас жігіттің шахта аймағына еніп, алты бірдей мамандықты араға жылдар салып, бірінен соң бірін меңгеріп шыққанына отыз төрт жыл толыпты. Отан алдындағы борышын өтеп келіп, «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинатының «Молодежная» шахтасына жұмысқа тұрған Базарбай алғашында кеншілерді жер астына клетпен түсіретін оқпаншы қызметіне орналасады. Кейін кен мөлшерлеуші, теміржолшы секілді бірнеше мамандықты тізгіндейді.

Түрлі қызметтің қай түрі ауыр болды деген сұраққа кейіпкеріміз теміржолшы болған кездерін есіне алды. Бір ауысымда сегіз вагонның әрқайсысына 14 тонна кен өнімін тиеу оңайға соқпағандығын жеткізді. Шахтаның барлық горизонтын, 315-ші ең терең шыңырауға дейін жүріп өткен әр жолының қиылысын білетін Базарбайдың «Молодежная» шахтасына ықыласы сол жас шағындай әлі де жалын атып тұрады.

Өзі ұңғымашы болып, кен өндірмесе де, кеншілердің кез келген қара жұмысын маңдай терімен атқарып келе жатқан оның ұлдары ұңғымашы қызметінде жүр. Тұңғыш ұлы Арыстан «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» шахтасында оқпаншы болып бастап, еңбекқорлығымен, өз ісінің нағыз шебері екендігін дәлелдеп, бүгінде сол шахтаның басшысы қызметінде отыр. Ортаншы ұлы Саламат та  ұңғымашы. Жақында ғана қолына тау-кен ісі дипломын қолына алған кенжесі Азамат комбинаттың шахта-құрылыс цехына орналасты. Өзге қаладан жоғарғы оқу орнын тәмамдап келіп, туған өлкеге оралып, қызмет етіп жатқан ұлдарының әке өнегесін көріп, ата-ананың ризашылығын алғандары сабақтастықтың айқын  дәлелі. Сөз арасында шахта өміріне енуде тәлімгерлік еткен өзінің әріптестері екенін айтты.

— Өмірімде сыйластығым сарқылмайтын жандардың бірі — ұжымдастарым. Әрқайсысының орны мен үшін бөлек. Кейбірі өмірден ерте өтіп кетті. Олардың арасында маған тәлім көрсетіп, шахта құпияларын түсіндіргендер де болды. Менің жолымды жалғап келе жатқан үш ұлыма олардан үйренгеніммен бөлістім, — дейді Базарбай Оспанов.

Ол ЕRG-құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның «Кенші даңқы» атағын абыроймен алып жүргендердің бірегейі. Бүгінде кеншілер әулетінің отанасы Ұлболсынмен 37 жыл отасып, ұлдарын аяқтандырып, келін-немерелерінің қызығын көріп отыр.

— Ұлдарымның таңдаулары өнеркәсіпке түсті. Әкелерінің комбинатта қызмет еткендерін бала күндерінен түсініп өскендіктен бе, өз беттерінше оқып, ержетіп, жетістіктерімен қуантып келеді. Үлкенім Арыстан әже тәрбиесімен өсті. Кішкентайынан зерек болды. Ізденімпаздығының арқасында өткен жылы басшылыққа тағайындалды. Жауапкершілігі мол қызмет. Алаңдап та қоямын. Кенжем де әкесі мен ағаларына ілесіп, отбасымыздағы кеншілер қатарын толықтырып жатыр. Ұлдарыма ризамын, — дейді шаңырақтың анасы Ұлболсын.

Жұмыспен бірге спортты жанынан бір елі қалдырмайтын Базарбай Оспанов —  волейбол шебері. Комбинаттың ардагерлер командасы атынан талай додаларда жеңіске жетіп, республикалық, облыстық турнирлерден жүлдемен оралып жүрген мықты ойыншы. Өнеркәсіп иелері жиналған әулет мүшелері айтулы мереке сайын жиі бас қосады.

Кеншілерден құрылған Оспановтар отбасының ордалы елге айналып, еңбектерінің тәтті жемісін көріп жүргені көпке үлгі.

Арайлым ҒАНИ,

Хромтау ауданы.

Суретте: Базарбай Оспанов балаларымен.

Басқа жаңалықтар

Back to top button