Денсаулық

«Достық» кабинетіне келіп, тегін тексеріл!

Алдына келген науқастың ашылып сөйлеуіне жағдай жасау, ауруды  жұқтыру себептерін сұрап, қарым-қатынас сапасына көңіл бөлу дәрігердің басты міндеті. Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы, яғни ЖИТС орталығындағы «Достық» кабинетінің мамандары үшін ең алдымен науқастың көңіл күйін бақылауда ұстау басты шарт болып есептеледі.

Адамның иммун тапшылығы вирусы, яғни АИТВ жұқпасы бар науқастармен жұмыс жасау кезінде дәрігердің бойында білім ғана емес, адами қасиеттер болуы керек.

Медициналық көмектің негізі – пациент пен емдеуші арасындағы сенім. Сондықтан Ақтөбедегі  ЖИТС ортағындағы «Достық» кабинетінің ашылуына осы мәселелер себеп болды.

Ақтөбедегі Жамбыл көшесі 4-үйде орналасқан ЖИТС орталығындағы 14- кабинетте АИТВ және  өзге де  жұқпаларға тегін сараптама жасалады. «Достық» кабинетінің бір ерекшелігі, мұнда тексеруге келген пациенттер туралы барлық мәліметтер құпия сақталады. Анонимдік тексеру барысында мұнда келген адам тіпті өзінің аты-жөнін де айтпауға еркі бар. Олар мұнда гинеколог, дермо-венеролог, психолог мамандардың көмегіне жүгіне алады. Егер сараптама нәтижесі оң нәтиже көрсетсе, орталық дәрігерлерінен нақты ем алады. Қабылдау аптаның дүйсенбі-жұма күндері  аралығында сағат  9.00-ден 16.00-ге дейін жүргізіледі. Осы кабинетте халықтың осал топтарына ( иньекциялық есірткі тұтынушыларға, жалпы 18 жастан асқан жастарға) медициналық көмек көрсетіледі. Осы атап көрсетілген және өзге де топтағы адамдарға «Достық» кабинетінде мерезге, гепатит, АИТВ жұқпасына сараптама жасалады.

ЖИТС орталығының мамандары жылжымалы сенім бекеті мамандарымен бірге халықтың осал тобы арасында далалық жағдайда күндіз де, түнде де рейдтер жүргізеді.  Олар халықтың осал топтарымен кездесу өткізіп, ЖИТС орталығында «Достық» кабинеті жұмыс істейтінін және ол жерге келіп тегін кеңес, ем алуға болатынын түсіндіреді. Тікелей сол жерде АИТВ-ге экспресс тестілеу өткізіледі. Осылайша, «Достық» кабинетіне аптасына 30 шақты адам өз еркімен келіп, тексеруден өтеді. Олардың арасында АИТВ жұқпасы анықталғандар  тіркеуге алынып жатады. Тіркеуге алынғандардың тегін ем қабылдауға мүмкіндігі бар. ИФТ сараптамасы (иммундындық ферментті талдау), АИТВ жұқпасын анықтау үшін жасалатын жедел тестілеу барлығы бар. 20 минуттың ішінде осындай сараптама жұмыстары тегін жүргізіледі. ИФТ сараптамасы бір тәулікте дайын болады. Күдік болмас үшін сараптама нәтижесінде АИТВ жұқпасы анықталмаған адамдар да  2-3 айдан соң қайталап сараптама жасатады. Өйткені әр адамның иммундық жүйесі әртүрлі. Жұқпа кейде кешірек белгі бере бастауы әбден мүмкін.   Сондай-ақ тексеруге келгендерге тегін мүшеқаптар беріледі.

АИТВ-ға байланысты медициналық көмекке жүгінетін адамдар үлкен психологиялық күйзеліске ұшырауы мүмкін және отбасы мен қоғам кінаратынан  қорқады.  Мұндай жағдайда пациенттің емдеуші дәрігермен байланысы ерекше маңызды. Медицина мамандары пациенттің мінез-құлқына және жеке іс-әрекеттеріне баға бермейді, олар пациент туралы ақпаратты құпия сақтап, оны мұқият тыңдап, жігерлендіріп, сұрақтарына нақты жауап беріп, жан-жақты қолдау көрсете біледі.

АИТВ жұқпасы анықталған адам өзінің денсаулығында кінәрат барын естігенде, қатты күйзеліске түсіп кететін кездер жиі қайталанды. Сондықтан ондай адамдармен психолог маман жұмыс жүргізіп, АИТВ жұқпасымен де өмір сүруге болатынын түсіндіруге тырысады. Ал науқастар дәрігерден шынайылық пен сезімталдық күтеді, өтірік айтпауды, шындықты бүркемелеп, фактілерді жасырмауды сұрайды. Себебі үміттен айрылғысы келмейді, — дейді облыстық ЖИТС орталығының дәрігері Татьяна Кеңшілікова.

ЖИТС орталығындағы «Достық» кабинеті  мамандарына, науқастармен жылы қарым-қатынас орнатып, пікірлесе білу өнері ауадай қажет. Сондықтан бұл бағытта қарқынды және жан-жақты жұмыс жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button