Құқық

Жылқы ұрлағандар ұсталды

Қылмыс

Ақпан айында Мұғалжар ауданында орналасқан шаруа қожалығының жайылымынан 15 жылқы ұрланады.

Жедел іздестіру кезінде Темір ауданының 27 және 28 жастағы екі тұрғыны анықталып, ұсталады. Олардың бірі тергеу изоляторына қамалса, екіншісінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған. Ұрланған малдың жартысы иесіне қайтарылды. Мал ұрлығы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Ал 30 шілде күні белгісіз адам Мұғалжар ауданынан 20 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығынан шаруашылық басшысына тиесілі 5 қой ұрлап, 400 мың теңге шығын келтірген. Осы факті бойынша аталған шаруашылықтың 41 жастағы малшысы ұсталып, Мұғалжар аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. «Мал ұрлығы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мал ұрлығы немесе бөтеннің малын жасырын ұрлау — ауылдық мекендерде  жиі кездесетін қылмыстардың бірі.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, бұл қылмыстың алдын алу үшін мал иелері өз мүлкіне барынша сақ болуы керек. Негізінен, мал ұрлығы көбіне жануарларды еркін жайылымға қараусыз жіберуден, сақтық шараларын қолданбаудан болып жатады.

Осыған байланысты облыстық полиция департаменті ақтөбеліктерді мүліктерінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады, өйткені жоғалған малды немесе кінәлі адамдарды іздеуден гөрі қылмыстың алдын алу оңай.

АЛАЯҚТАРҒА АЛДАНБАҢЫЗ!

Облыстық полиция департаменті ақтөбеліктерді алаяқтардың құрбаны болмас үшін аса сақ болуға және бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады. Бөгде адамдарға құнды заттарды табыстағанда немесе ақша бергенде мұқият болу керек. Тексеріп, қырағылық танытқан жөн.

Мәселен, қыркүйек айының басында 45 жастағы кәсіпкер полиция бөліміне арызданады. Оның айтуынша, жылдың басында бейтаныс қыз бизнес-орталықтардың бірінде қайтарымсыз кредит алуға көмектеспек болып, 50 000 теңге сомасында ақшасын жымқырған. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 30 жастағы ақтөбелікті анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті тергеу изоляторына қамалды. Сондықтан полиция департаменті қала тұрғындары кез келген адамға сенбей,  алаяқтардан сақтанып жүру керектігін ескертеді.

К.ҚОПАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button