Жаңалықтар

Демеушілердің көмегі — 368 миллион теңге

Ақтөбе медресе-колледжі — облыстағы діни білім беретін жалғыз оқу орны. Бүкіл әлемде экстремизм және терроризм қаупі өршіп тұрған бүгінгі заманда жастарға дұрыс бағыт беретін діни білім ордасы керек-ақ. 

Биыл медресе-колледждің жаңа корпусын іске қосу жұмыстары жүргізілді. 250 шәкіртке жоспарланған жаңа ғимараттың құрылысы аяқталып, шәкірттерін асыға күтуде. Бүгінгі күнге дейін медресе-колледж шәкірттерді 11-сыныптан соң қабылдап, 3 жылдан кейін колледж дипломын табыстайтын. Ендігі жоспар — 9-сыныптан кейін де шәкірттерді қабылдау. Осыған сәйкес,  Білім министрлігіне хат жолданып, лицензия алу жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Жаңа ғимарат құрылысы толық аяқталысымен, ескі оқу корпусы жатақханаға берілмек, жатақхана 250 орындық болмақ. Жылына 30-ға жуық шәкіртті қабылдайтын білім ошағын биыл 16 түлек бітірді.

2017 жылы демеушінің көмегімен қолға алынған «Мако-Саламат» спорт кешені 118 млн теңгеге салынып, биылғы жылы қолданысқа берілді.  Ал, биылғы салынған жаңа оқу корпусының ғимараты да демеушінің қолдауымен жүзеге асырылды. Оның қаражаты 250 млн теңгені құрап отыр. Яғни, медресе-колледждің болашағы үшін  көмек көрсеткен азаматтар жетерлік.

Сондай-ақ аталған оқу орнының ұйымдастыруымен бірнеше жылдан бері қолға алынған Бестамақ ауылының сыртындағы ашық алаңдағы жылыжай тек ауданның ғана емес, облыстың мақтанышына айналды. Жылына екі рет өнім беретін жылыжайда қазіргі уақытта қызанақ, қияр жайқалып өсіп тұр.  Ақтөбе медресе-колледжінің басшысы Әбдімүтәлі Дәуренбековтің айтуынша, алғашқы өнім мамыр-маусым айларында, екіншісі қыркүйек-қазан айларында алынады екен. Сонымен қатар, 1 га жерге қауын егілген. Ешқандай жылу жүйесінсіз жұмыс жасап тұрған жылыжай кімді болса да таң қалдырмай қоймайды. Құнарлы жерден алынатын өнім жоғары сапалы табиғи таза өнім болып саналады.

Колледждің тағы бір кәсібі — ірі қара мал шаруашылығы. Жылыжайға жақын маңда мал базасы орналасқан. Онда 50-ден астам ірі қара бар. Оның 28-і сауын сиыр болса, 13-і — бұзау. Қысқы шөп-жемдері алдын ала дайындалған. Бұл жерде сүттен жасалған өнімдер сатылымға шығарылады.

Шара ЕЛЕУСІЗ.
 

Басқа жаңалықтар

Back to top button