Жаңалықтар

Марапаттар тапсырылды

Кәсіподақ

ҚР Конституциясына 25 жыл толу мерекесі қарсаңында, Нұр-Сұлтан қаласынан Қазақстан Республикасы «Ауыл шаруашылығы  ардагерлер кеңесі»  қоғамдық бірлестігі  төрағасының бірінші орынбасары Ерсұлтан Нұрымбетов облысымызға арнайы келіп, ауыл шаруашылығы ардагерлерінің бір тобына «Еңбек даңқы», «Құрметті ардагері» төсбелгілерін тапсырды.

Салтанатты шара облыстық кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында өтіп, оған ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ардагерлер кеңесінің мүшесі Темірхан Бектаубаев, саланың бірқатар кәсіподақ белсенділері, ардагерлері қатысты.

ҚР «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің шешімімен еліміздің  Конституциясына 25 жыл толу мерекесіне орай «Еңбек даңқы» және «Құрметті ардагері» төсбелгілерімен мараптатталғандардың  арасында Өсербай Еламанов, Еңсепбай Есжанов, Ғазиз Шамшин, Болатбек Шақарбеков, Жақсылық Тохин, Төрехан Үбееев, Серік Нұртаев бар.

Марапатқа ие болған бұл ардагерлердің көпшілгі ауыл шаруашылығының ветериналық-зоотехникалық салаларында ұзақ жылдар қызмет істеген іскер мамандар. Кешегі өтпелі кезеңде ең ауыр зардап шеккен де ауыл шаруашылығының осы салалары болатын. Сол қиын жылдарда ауыртпалықты көтеріп, жұмысты жалғастырып, көп еңбек сіңірген  бұрынғы ауылшаруашылық мамандары—қазіргі осы ардагерлер қауымы еді.

Олардың ішінде зейнеткерлікке шықса да, саладағы кадр тапшылығына байланысты аудандарда, ауылдарда әлі де жұмысын жалғастырып, кейінгі жастарға білгенін үйретіп, өздеріне ізбасарлар дайындап жүрген ардагерлер де аз емес.

— Облыстық ауыл шаруашылығы кәсіподағында  3,5 мыңдай мүше есепте тұрады. Мұның ішінде ардагерлердің үлесі біршама. Кәсіподақ белсенділері ретінде қоғамдық қызмет атқаратын ардагерлер қауымы бастауыш ұйымдардың жұмысын нығайтуға да зор ұлестерін қосып жүр. Таяуда бізде де ардагерлер кеңесі құрылды.  Алда осы кеңес арқылы салада ұзақ жылдар еңбек еткен, қызмет істеген ардагерлерге біз де тиісті қамқорлықтар жасайтын боламыз, —дейді ауыл шаруашылығы салалық кәсіподақтары қоғамдық  бірлестігі  облыстық филиалының басшысы Тұрақбай Алдабергенұлы.

Осы басқосудағы тағы бір тартымды шара — республикалық ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесінің ардагерлерге арнап шығарған естелік кітабы болды. Оған біздің облыстан да бірқатар ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген ардагерлер енген. Оларға осы жиында кітаптың екінші басылымының жаңа данасы сыйға тартылды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button