Жаңалықтар

Бір топ мемлекеттік қызметші марапатталды

Қызметке енді кіріскен жастар ант берді

Конституция күні қарсаңында облыстық Шығармашылық академиясында  Мемлекеттік қызмет істері департаменті және мемлекеттік қызметшілердің салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен бірқатар ақтөбелік мемлекеттік қызметшілер марапатталып, тағы бір топ жас ант беру рәсіміне қатысты.

Шараны бастаған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департамент басшысы Әділбек Мұқашев:

Биыл Конституциямен қатар мемлекеттік қызмет туралы алғашқы заңнаманың қабылданғанына да 25 жыл толып отыр. Конституциямызда ұлттық құқықты дамытудың негізі қаланып,  мемлекеттік құрылым мен басқару нысаны анықталды, азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу құқығына алғаш рет кепілдік берілді. Бір рет Конституцияға ант беру арқылы мемлекеттік қызметшілер халыққа адал қызмет етудің жоғары міндеттеріне ие болады. Мемлекеттік аппарат бұл антты кәсіби тұрғыда орындап келеді. Қызметке енді кіріскен жастарға сәттілік тілейміз, — деді. Одан соң әр саладағы мемлекеттік қызметтеріне кіріскен жастар — Есет Лекеров, Жанар Бірімжарова, Балерке Құрақбаева, Әйгерім Ырзақызы халыққа адал қызмет етуге ант қабылдады. Мемлекеттік қызметшілердің салалық кәсіподағының төрайымы Мұхтарита Сағындықова жастарды құттықтап, оларға естелікке Абай Құнанбаевтың кітаптарын табыстады.   

Одан соң төрайым мемлекеттік қызмет саласында көп жылдардан бері үлгілі еңбек еткен бір топ ақтөбелік мемлекеттік қызметшіге  «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін табыстады. Марапатталғандар қатарында облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы А.Елбосынов, облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Н.Мәжитов, облыстық статистика департаментінің басқарма басшысы Р.Қалдыбаева, облыстық тексеру комиссиясының бөлім басшысы Б.Төлеубаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы А.Сисекенова, Ырғыз аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Жансүгірова және Байғанин аудандық мәслихаты аппаратының бөлімше басшысы А.Ораз бар.

— Халықтың өмір сүру деңгейі мемлекеттік қызиметшілердің жұмысына байланысты. Осыған орай, олардың жұмысына ризашылық білдіру және мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру мақсатында мемлекеттік қызмет істері департаментінің бастамасымен біз биыл «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін бекіттік. Енді ол жыл сайын ерекше көзге түскен мемлекеттік қызметшілерге табысталатын болады. Ата Заң күні қарсаңында алып отырған марапаттарыңыз құтты болсын! — деді М.Сағындықова төсбелгіге ие болғандарды құттықтап.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button