Басты жаңалықтар

Ырғыздағы игілікті істер

Аудан

Бүгінгі күні елдегі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, ауданда бірқатар игілікті істер атқарылып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, әлеуметтік нысандар жөндеуден өтіп, бірқатар елді мекендерге ауызсу тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ырғыздықтар кәсіпкерлік саласын дамытуға да күш салуда. Сонымен…  

Жармаға ауызсу құбыры тартылуда

50-ге жуық түтіні бар Жарма ауылы бұған дейін ауызсу зардабын тартып келді.

Биыл осы ауылға су құбырын тарту үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған.

Аудандық  құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Игорь Тұртаевтың айтуынша, қазіргі таңда елді мекенде ауылішілік су құбырларын тарту жұмыстары аяқталған. Алдағы уақытта мердігер ұйым — «Өтес Ақтөбе» ЖШС елді мекеннен 5 шақырым жерден магистральды су құбыры желілері арқылы су айдау бекеті мен қосымша ұңғыма салуды жоспарлап отыр. Биылғы жылдың мамыр айында басталған су құбырын жүргізу жұмыстары қараша айына дейін аяқталмақ. Жалпы жоба құны — 168 млн теңге.

Су құбырын жүргізу жұмыстарына барлығы 47 адам тартылған, оның 23-і — Жарма ауылының тұрғындары.

Бүгінгі күні ауданда Жарма ауылынан бөлек Жаныс би, Шеңбертал елді мекендеріне де ауызсу құбырларын тарту жүргізілуде. Бұл жобалар да жыл аяғына дейін аяқталмақ. Жалпы аудан бойынша қазіргі таңда Құмтоғай ауылдық округіне қарасты Қарасай, Қарақұдық ауылдарына ғана ауызсу жетпей отыр. Ал көгілдір отынға келсек, биыл жобасы мақұлданған Ақши, Құрылыс, Шеңбертал ауылдарына газ тарту жұмыстарына қаржы бөлінбеді, — дейді И.Тұртаев.

Аудандық аурухана жөнделіп жатыр

Биылғы жылы «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында аудандық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары желтоқсан айына дейін аяқталмақ. Күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 169 млн теңге, сондай-ақ «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында жергілікті бюджеттен 18 млн теңге бөлінген. Мердігер ұйым — «Әлихан Ойл-3» ЖШС.

Бұған дейін аудандық орталық ауруханаға ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізілген. Атап айтсақ, 2012 жылы ғимараттың сыртқы келбеті қалыпқа келтіріліп, төбесі жабылса, 2013 жылы аурухананың жылу жүйелері, есік-терезелері жаңартылған.

Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарына 5 бригада жұмылдырылған. Ал ауданнан жөндеу жұмыстарына 25 адам тартылған.

Айта кету керек, пандемия кезінде «Жақыныңа жанашыр бол» акциясы аясында аудандық ауруханаға Ырғыздан шыққан бірқатар танымал тұлғалар мен кәсіпкерлер

қажетті штатив мен обаға қарсы жиынтық, оттегі концентраторларын сыйға тартты. Сондай-ақ орталық ауруханаға 15 оттегі баллоны, 345 мың теңгеге дәрі-дәрмек, 17 тыныс алу-небулайзер аппараты алынған.

Сотталғандар да кәсіп аша алады      

Биылғы жылдың 10 маусымынан бастап Ырғыз ауданында «Бастау-Бизнес» жобасы аясында тұрғындарға арналған тегін курстар жүргізілуде. Бүгінгі күні елдегі шектеу шараларын ескере отырып, мамандар «Atameken Academy» онлайн платформасы арқылы азаматтарды қашықтан оқытуда. Оқу мерзімі — 21 күн. Бағдарламаға қатысушыларға арнайы сертификаттар беріледі.

Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ырғыз аудандық филиалының директоры Гүлнар Шамиеваның айтуынша, биыл оқу курсына қатысушылардың ішінде 7 адам несие алуға құжат тапсырып, 9 адам «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант ұтып алған.

Бұл жобаның мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту, ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру, сондай-ақ бизнесін кеңейткісі келетін кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Биыл

Ырғыз ауданы бойынша «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 40 адамды тегін оқыту жоспарлануда, — дейді ол.

Филиал директорының айтуынша, бүгінгі күні Ырғыз аудандық пробация қызметінің қолдауымен «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша грант ұтып алған сотталған азамат алдағы уақытта аудан орталығына жақын жерден жеке кәсібін ашуға ниеттеніп отыр.

Бұл туралы Ырғыз аудандық пробация қызметінің инспекторы, әділет лейтенанты Бақдәулет Байдилдин былай дейді:

Ырғыз аудандық пробация қызметі есебінде тұрған, сотталған азаматтарды «Бастау Бизнес» жобасы бойынша қашықтан оқыту «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен, Ырғыз аудандық прокуратурасының қолдауымен және аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы жүзеге асырылып отыр. Мұндай іс-шаралар  сотталғандардың қоғамға тез бейімделуіне ықпал етіп, олардың өз ісін дамытуына және түзу жолға түсуіне көмектеседі. Қазіргі уақытта сертификат ұтып алған, есепте тұрған, сотталған азаматтармен жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Кәсіпкердің тартуы

Жуырда «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жергілікті кәсіпкер Жанкелді Абылаевтың демеушілігімен аудан орталығындағы Жамбыл көшесінде воркаут және балалар ойын алаңы ашылды.

Көшедегі бос тұрған аумаққа ойын алаңын салып берген кәсіпкердің тартуына ырғыздықтар дән риза. Бұл жерде балалар алаңсыз ойнап, жаттыға алады. Сондай-ақ алаңда ересектердің де спортпен шұғылдануына жағдай жасалған.

Кәсіпкердің айтуынша, ойын алаңындағы барлық қондырғылар мен жабдықтар заманауи талаптарға сай.

Жаңа оқу жылына әзірлік қалай?

Биыл аудан бойынша 2020-2021 оқу жылында 3206 бала білім алады. Ал 1-сыныпқа 315 бала қабылданбақ.

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ауданда оқытудың екі түрі (дәстүрлі және аралас) жүргізіледі. Атап айтсақ, дәстүрлі оқытуды аудандық білім бөліміне қарасты 18 мектеп оқытатын болады. Олар: Т.Шонанұлы атындағы орта мектеп, Б.Алманов атындағы орта мектеп, №2 Ырғыз орта мектебі, Т.Жаманмұрынов атындағы орта мектеп, Құйлыс орта мектебі, Ө.Қанахин атындағы орта мектеп, Т.Жүргенов атындағы орта мектеп, М.Төлегенов атындағы орта мектеп, Темірастау орта мектебі, Шеңбертал орта мектебі, Құмтоғай орта мектебі, Қалыбай негізгі мектебі, Нарқызыл негізгі мектебі, Дүкен негізгі мектебі, Мамыр негізгі мектебі, Белшер негізгі мектебі, Қарасай негізгі мектебі, Қарақұдық негізгі мектебі.

Барлық дәстүрлі түрде оқытылатын оқушы саны – 1772 (55,3%).

Қалған 3 мектеп оқушыларға аралас оқыту түрінде білім береді. Оның ішінде аралас оқытудың штаттық режимінде Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің (277 оқушы), Ырғыз гимназиясының (190 оқушы), №1 қазақ орта мектебінің (116 оқушы) 1-4 сынып оқушылары мектепке келіп, кезекші топтарда оқытылатын болады. Кезекші топтарда оқытылу ата-аналардың жазбаша өтініші арқылы жүзеге асырылады. Кезекші топтардағы бала саны 15 баладан аспауы керек. Штаттық режимде оқытылатын жалпы бала саны  – 583, — дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол.

Оның айтуынша, биылғы оқу жылында аралас оқыту бойынша Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің (403 оқушы), Ырғыз гимназиясының (213 оқушы), №1 қазақ орта мектебінің (235 оқушы) 5-11 сынып оқушылары қашықтан оқытылады. Олардың жалпы саны – 851 оқушы.

Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биылғы оқу жылына жергілікті бюджеттен 7 116,0 мың теңге бөлініп, оған дезинфекциялық туннелдер, пирометрлер, санитайзерлер, антисептиктер сатып алынған. Сондай-ақ оқулықтармен қамтуға жергілікті бюджеттен 38 406,0 мың теңге қаржы қарастырылып, 11 баспамен келісімшарт жасалған. Бүгінгі күні білім беру ұйымдарына оқулықтар толық жеткізілген.

Қазіргі таңда аудан бойынша әрбір білім беру ұйымдары жанынан білім алушыларға арналған тегін бетперде қоры жасақталуда. Жалпы аудан бойынша 16 мың дана бетперде тігу жоспарлануда. Бұл жұмыстар мектептердегі еріктілер тобы арқылы жүзеге асырылуда.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button