Әлеумет

Пеш пен мұржаны тазаладыңыз ба?

Жыл сайын жылыту маусымы кезінде жеке үйлер мен пәтерлерде тұрмыстық өрт жағдайлары жиі тіркеледі. Көбінесе мұндай жағдайлар  жылыту жүйелері мен қондырғыларын пайдалану, пешпен жылыту, электр желісін шамадан тыс жүктеу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу салдарынан туындайды. Бұл — тұрғындардың немқұрайлылығынан туындайтын мәселе.

Мамандардың айтуынша,  өрттің алдын алуда жалпы қарапайым талаптарды орындаудың маңызы зор.

Егер сіз саяжайда жеке немесе қысқы үйде тұрсаңыз, жылыту маусымы басталар алдында пеш пен мұржаның жарамдылығын тексеру, оларды жөндеу, күйені тазалау, жарықтарды майлау, пайда болған жарықтарды бірден көру үшін шатырдағы мұржаны ақтау қажет. Ал жылыту маусымы кезінде күйені тағы бір рет тазалау керек. Пештен шығатын күл мен қожды су араластыра төгіп, қауіпсіз жерге алып тастау керек. Пеш үстінде кептіру үшін қалдырылған үй заттары мен басқа да жанғыш материалдар  қайғылы жағдай тудыруы мүмкін.

Үйдегі жиһаздың орналасуы туралы ойлану керек: кереуеттер, перделер және басқа да жанғыш заттар пештің қабырғаларынан кемінде бір жарым метр қашықтықта болуы тиіс. Отынды, басқа да жанғыш заттар мен материалдарды пеш алдына қою дұрыс емес.

Зақымдалған немесе қорғаныш қасиетін жоғалтқан оқшауламасы бар сым мен кәбілдерді,  розеткаларды пайдалану қауіпті.

Электр шамдарын және шамшырақтарды қағазбен, матамен және басқа да жанғыш материалдармен орауға; желіге қосылған тұрмыстық электр аспаптарын қараусыз қалдыруға болмайды.

Үйден шыққан кезде барлық электр жылыту құралдарын өшіру қажет; пештерді жағу үшін бензин, керосин және басқа да тез тұтанатын сұйықтықтарды қолданбау керек.

Жанып жатқан пешті қараусыз қалдыру немесе оны қадағалауды балаларға тапсыру өте қауіпті!

Есіңізде болсын, өртті сөндіргеннен гөрі алдын алу оңай!

Өрт шыққан жағдайда ұялы телефоннан «101» немесе «112» нөміріне қоңырау шалыңыз.

 Ақтөбе қаласының төтенше

жағдайлар басқармасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button