Басты жаңалықтар

Облыс әкімі Алға ауданын аралады

Дүйсенбі күні түстен кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің кезекті жұмыс сапары Алға ауданында жалғасты. Сапар барысында облыс әкімі аудан тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқан жұмыстар барысын бақылап, ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан игі істермен танысты.

Бестамақ маңында демалыс кешені салынып жатыр

Алдымен Оңдасын Оразалин Бестамақ ауылдық округінің 42-разъезінде салынып жатқан демалыс кешенінің құрылысымен танысты. Экотуризм бағытында бой көтеріп жатқан кешенде болашақта келушілерге тек табиғи таза өнімдермен қатар, атпен серуендеу, балық аулау секілді демалыс түрлері ұсынылмақ. Сыртқы қасбеті ерекше дизайнда салынып жатқан кешен екі қабатты. Жеке кәсіпкер Ертіс Қарағұловтың айтуынша, бірінші қабатында кафе, ал екінші қабатында қонақ бөлмелері болады. Кәсіпкердің биылғы мақсаты — ғимарат құрылысын аяқтап, бірінші қабатындағы асхана жұмысын іске қосу. Ал келер жылы кешен аумағын толықтай абаттандырып, алаңға бассейн орнатпақ. Барлық жұмыстарды өз қаражатымен жасап жатқан кәсіпкер өңір басшысынан газ жүйесін тартып беру үшін қолдау көрсетуді сұрады. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі берген мәліметке сүйенсек, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде кешенге инфрақұрылымды мемлекет есебінен тарту жоспарлануда. Бүгінгі таңда кәсіпкерге жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу тапсырылған. Барлық мәселені толықтай тыңдаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан әкімі Мамырғали Аққағазовқа аталған мәселені бақылауда ұстап, уақтылы шешуді тапсырды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Алға ауданында туризм саласын дамыту бағытында Ақтөбе-Астрахань тасжолы бойында 31 нысан жұмыс жасап тұр. Ал биыл тағы 4 жоба іске қосылады.

Бұдан соң облыс әкімі Бестамақ ауылындағы автомобиль жолдарының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Бүгінгі таңда ауылдағы үш көшеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  «Ақтөбе Строй Ремонт» ЖШС  жүргізіп жатқан жөндеу жұмыстары қазан айына дейін толық аяқталып, халық игілігіне берілмек. Мердігер мекемеге жұмыстарды уақытында тапсыру қажеттігін тапсырған облыс әкімі, алдымен сапаға мән беру керектігін баса айтты.

Сонымен қатар Бестамақ ауылында жаз мезігілінде тұрғындар судан тапшылық көреді. Аталған мәселені шешу үшін Елек өзенінен су тарту жұмыстарының жобалары әзірленіп жатыр екен.

Бестамақ ауылындағы жол жөндеу жұмыстарымен танысқан соң, Оңдасын Оразалин өткен жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі екі есе артқан «ПГС Бестамақ» ЖШС жұмысымен танысты. Құрылысқа қажетті қиыршық тас құмын өндіретін өндіріс орны 2017 жылы құжаттарын рәсімдеп, 2018 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Бүгінде 15 адамды жұмыспен қамтып отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  жыл басынан бері жалпы құны 17,3 миллион теңге болатын 68 000  тонна өнім өндірген. Бүгінде Атырау облысының бірнеше өндіріс орындарын балласт құмымен қамтамасыз етіп отыр. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін тиімді пайдаланып отырған мекеме «Бизнестің жол картасы- 2025» бағдарламасы аясында қажетті техникаларын сатып алып, биыл тауар айналымын толықтырды.

Бес көше жөнделеді

Алға қаласына аялдаған облыс әкімі алдымен «Paradyz» өндірістік-сауда кешенінің құрылысын бақылап, жобасымен танысты. Поляк инвесторларымен бірлескен жоба толықтай іске қосылса, бәсекеге қабілетті бірегей кәсіпорын болмақ. Бірнеше кезеңнен тұратын жобаның алғашқысы осы күзде іске қосылып, ал келер жазда толықтай аяқталады. Өзінің логистикалық орталығы, қоймасы, архитекторлық бюросы болатын қыш тақтайшаларын өндіретін кәсіпорында мамандар алдымен поляк шеберлерінен сабақ алады. Кейін толықтай білім жетілдірген соң, қыш тақтайшаларын қазақы менталитетке сай етіп, түрлі дизайнда шығару жоспары бар.

Бұдан соң облыс әкімі биылғы жылдың қаңтар айында Алға қаласында ашылған ең алғашқы сауда-ойын-сауық орталығында болды. 25 жыл иесіз қаңырап бос жатқан бұрынғы «Юбилейный» дүкені бүгінде адам танымастай өзгерген.  Қаланың Айымбаева көшесінде орналасқан «SAF CITY» сауда-ойын-сауық орталығын ашу үшін жеке кәсіпкер Венера Ережепова өз қалтасынан 50 миллион теңге қаржы  шығарыпты. Бүгінде мұнда 70 орындық «Family Foods» фаст-фуд , «СоffeTime» кафесі, гүл, ойыншық, киім, ыдыс-аяқ және сауда орындары орналасқан. Ғимаратты жалға алып отырғандардың барлығы дерлік — жас кәсіпкерлер. Жалға алу орындары да айтарлықтай қымбат емес. Шаршы метрі 1000 теңгеден. Алдағы уақытта кәсіпкер  «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы несие алып, орталықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Кәсіпкердің бастамасын құптап, сауда-ойын-сауық орталығының ішін аралап көрген облыс әкімі орталық жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ өңір басшысы Алға қаласында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарымен және жауын, ерітінді суларды ағызу суағарларын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Биыл аудан орталығында 5 көше толықтай жөнделіп, жаңартылмақ. Көшелерді «Стройсервис Байсын-А» ЖШС жүргізіп жатыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жол құрылысы жұмыстарына  аудан тұрғындары алынған. Мердігер мекеме басшысымен кездескен облыс әкімі жұмыстарды уақтылы тапсыру керектігін, сондай-ақ бастысы сапаға көңіл бөлу қажеттігін айтты. Сонымен қатар облыс әкімі Мұхамбетов көшесіндегі саябақты абаттандыру жұмыстарының барысында қадағалады. Мұнда Оңдасын Оразалинге Алға қаласын бейнебақылау жүйесімен қамту жұмыстары таныстырылды. Биыл тек Алға қаласындағы көшелерге 30 бейнебақылау камерасы орнатылмақ.

Пәтер кілті мен автокөлік тапсырылды

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Алға мектеп-гимназиясында болып, жаңа форматтағы биылғы оқу жылына дайындығымен танысты. Аудан бойынша барлығы 29 мектеп болса, оның 18-і санитарлық талаптарды сақтай отырып, биылғы оқу жылын дәстүрлі түрде жалғастырады. Ал қалған 11 мектептің оқушылары онлайн түрде білім алады. Оқулықтар толық жеткілікті. Облыс әкімі қашықтан білім алатын оқушылар үшін интернет байланысын дұрыстап, негізгі мәселені компьютерге бөлу керектігін айтты. Сондай-ақ облыс әкімі бұл күні аудандағы денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан  жұмыстар барысымен де танысты.

Сапар барысында  «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша көпбалалы 3 отбасыға пәтер кілтін және Есет батыр атындағы Алға балалар спорт мектебі мен  «Алға-Жылу» комуналдық мекемесіне қызметтік автокөлік кілттерін табыстады.

Жаңа пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтаған Оңдасын Оразалин көпбалалы аналарға бала тәрбиесіне аса маңызды көңіл бөлу керектігін тапсырды.

«Өтеғұл-1» асылтұқымды жылқы өсіреді

 Бұдан соң облыс әкімі Оңдасын Оразалин төрт түлікті теңдей өсіруді мақсат етіп отырған «Өтеғұл-1» шаруа қожалығында болып, шаруашылық жұмысымен танысты. Негізі 1998 жылы қаланған шаруа қожалығы көшім, мұғалжар асылтұқымды жылқыларын көбейтуді қолға алған. Одан өзге, қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырлары мен еділбай қойын  өргізіп отыр. Бұған дейін тек қана ет өнімдерін сатып келген шаруашылық, биылдан бастап сүт өнімдерін сатуды да қолға алған. Мал азығын да өздері өндіреді. Шаруашылық иесі Өтеген Жақыпов алдағы уақытта қымыз шығаратын цех салғысы келеді.

Бұл кәсіпті кезінде 1998 жылы әкем Үмбетырза бастаған болатын. Әкеміз бастаған атакәсіпті балаларымызбен бірігіп жасап жатырмыз. Ет, сүт өнімдерін осы жерден дайындап, қалаға апарамыз. Тұтынушыларымыздың негізгі бөлігі Ақтөбе қаласында. Сондай-ақ асылтұқымды жылқылардың айғырларын тұқым алу мақсатында сатып алып кетеді. Алды Алматы, Түркістан, Қарағанды облыстарынан келіп, қызығатындар көп. Бұқаларды да тірілей сатып отырмыз, — деді Өтеген Жақыпов.

Шаруаның ісіне берекет тілеген облыс әкімі кезінде жоғалып кету қаупі болған Мұғалжар жылқыларының тек біздің өңірдің ғана емес, тұтас қазақ елінің мақтанышы екендігін айтты.

Дәл  осы жерде облыс әкіміне Алға ауданындағы ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылып, шаруа қожалықтарының өнімдері қойылған көрме ұйымдастырылды.

Мен бұған дейін де айтып жүрмін. Біз алдымен өзімізді-өзіміз қамтамасыз етуіміз керек. Карантин кезінде біздің Ақтөбе өзінің  ауыл шаруашылығы жағынан әлеуеті жоғары облыс екенін көрсетті. Сол тұста көрші өңірлерден  ет,  сүт өнімдерімен қатар, көкөніс өнімдеріне сұраныс көп болды. Әр аудан өзін-өзі осылай қамтамасыз етуі керек. Жұмысын бастаймын деген шаруалар мен кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуіміз қажет. Қандай мемлекеттік бағдарламар бар, олардың қандай тиімді тұстары бар екенін айтуымыз керек. Біздің өңірде төрт түліктің қай түрін өсіремін десе де толықтай мүмкіндік бар. Жайылымдық жерлер де жеткілікті. Ал игерілмей жатқан жерлерді жұмыс жасаймын деген адамға беру керек, — деді облыс әкімі.

Кейін аймақ басшысы Есет батыр – Қайнар автожолының орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. 2020 жылы басталған жөндеу жұмыстары 2021 жылы аяқталады. Оңдасын Оразалин мердігер мекемеге ең бастысы, жұмыстарды сапалы жасау қажеттігін баса айтты.
Сапар соңында Оңдасын Оразалин орынбасары Аманғали Бердалинге және аудан әкімі Мамырғали Аққағазовқа бірқатар нақты тапсырмалар беріп, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға қолдау көрсетуді және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды қарапайым халыққа түсіндіріп, дұрыс ақпараттандыруды тапсырды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button