Экономика

Табысыңды жарата білесің бе?

Қаржы

Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі (АӨҚО ҚРА) Қазақстан Республикасы халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттырудың 2007-2011 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде қаржы және қор нарықтарының негіздері туралы мақалаларын жариялауды жалғастырады.

Әжей кезекті мәрте күріш салынған ыдысынан жинап-терген ақшасын алып, тағы бір санап шығып, немересіне бір қағаз ақшаны берді:

— Бұл сенің 7-сыныпты үздік бітіргенің үшін.

— Әже, сен неге ақшаңды күріштің ішінде сақтайсың? — деп таң қалды немересі. — Біздің экономика сабағымызда ақшаны сақтап, көбейтудің басқа да көптеген жолдары бар екендігі айтылады. Ал сенің ыдысыңнан қандай пайда бар?

— Маған солай сенімдірек, — деп әдетінше жауап қайтарды әжесі.

Бірақ немересінің келесі сөзі әжесін ойландырып тастады:

— Ал Арманның атасы мен әжесі банкте оған пәтер алуға жеткілікті ақша жинап қойыпты дейді.

Әжесі «мен ондайға қартайдым ғой» демекші еді, бірақ сәл ойланып тұрып:

— Жүр, екеуміз банкке бірге барып, сенің атыңа шот ашайық. Қарап тұрсаң, институтты бітіргенше, сенің де жарты пәтерің болып қалар, — деді.

— Депозитке! — деп немересі, іскерлік сыңай таныта, әжесін дұрыстап қойды да, өз «сыйақысын» жаратуға жүгіріп кетті.

Үй жұмысын бітірген соң әжесі де телехикаяларын қоя тұрып, жақын жерде орналасқан банк филиалына бет алды. «Тағы 2-3 банкті қарап көрейін, қайсысының шарттары дұрыс екен – шынында да, біздің заманымызда ақшаны күріш салынған ыдыста сақтаған дұрыс емес-ау», — деп  ұйғарды.

Кешкісін осы мәселе тағы көтерілді. Ұлы компьютерде жұмыс жасап отыр еді.

— Міне, қор, жарадың,— деп кенет ризалығын білдірді ол экраннан бас алып. — Менің пайыма осы жылға 31,5 пайыз және 5 жылдан бергі жинақтарыма 23,7 пайыз пайда түсіріпті.

— Ал пай қанша тұратын еді? — деп сұрай салды әжей.

— Бес жыл бұрын ол 100 мың теңге тұратын. Ал қазір – 230 мыңнан астам. Бұл өте сәтті ПИҚ деп ойлаймын. Кейбіреулердің істері бұлай сәтті болмаған еді. Дұрыс таңдау деген осы. Ал сізді сонша қызықтырған не, апа? — деп, сосын апасының сұрағына мән берді ұлы.

Немересімен арада болған әңгімені айтуға тура келді. Және де ақшаны көбейтіп, сақтау үшін қай жерге салуға болатыны жайлы кеңес те алды. Бұл тақырып әдетте үйде сөз болмайтын: апаның ақшасы – жеке шаруа. Ол оны өз қалауынша жарататын. Ал зейнетақыдан қалғанын күріш салынған ыдыста сақтайтын. Онысын бәрі білетін, кейде күліп әңгіме қылатын, бірақ ешкім ол ақшаға қол сұққан емес. Дегенмен, бұл мәселе әжейді де мазалаған көрінеді.

— Мен депозит жайлы бәрін білдім,— деп шынын айтты ол. — Бірақ ондағы үстемақы сенің ПИҚ-ыңнан аздау екен. Сен маған ақылыңды айт, мен немерелеріме де бірдеңе қалдырайын, өзімнің шығындарыма да жетсін. Қалай жасағаным дұрыс?

— ПИҚ-тар – өте табысты, бірақ сонымен бірге, тәуекелі де өте жоғары. Көп табыс табуға да, бәрін жоғалтып алуға да болады. Міне, мен есепті қарап отырмын: менің қорым бойынша өсім бар екен, ал осы компанияның басқа қоры бойынша – минус. Зейнеткерлерге ақшасын депозитке салған жөн. Өз атыңызға салсаңыз да, қалауыңызша – немерелеріңіздің атына салсаңыз да болады. Сізге өзіңіз барып, ақша салудың да қажеті жоқ. Ұзақмерзімді тапсырыс берсеңіз, ақшаңыз сіздің зейнеткерлік шотыңыздан осы шоттарға аударылатын болады. Егер ақшаңызды инвестициялағыңыз, яғни өз «күріш» ақшаңызды көбейткіңіз келсе, онда инвестициялық алтын сатып алсаңыз болады. Кіші-құймалар мен теңгелер (монеталар) бар. Немесе банктен металды шот ашсаңыз болады. Қазір алтынның биржалардағы құны өсіп отыр. Және, мысалы, бүгін сіз 10 мың теңге тұратын алтынға депозит ашсаңыз, ертең оның құны өсіп, сомасы көбірек болуы мүмкін. Бірақ егер бағасы түсіп кетсе, онда азырақ та болуы мүмкін.

— Жоқ. Маған қарапайымдау бірдеңе болса, ауытқуы аздау, сақталуы дұрыстау дегендей…

— Көп адам, сіз сияқты, белгілі бір сома жинаса, өз теңгесіне валюта алуға тырысады. Бірақ сіз банкте мультивалюталық депозит ашсаңыз болады. Мәселен, бірден үш валютада: теңге, доллар және евро. Сонда доллардың, теңгенің немесе евроның бағамдарындағы ауытқулардан қорықпасаңыз да болады. Және пайыздары да өсіп, бағамдық ауытқулардан еш нәрсе жоғалтпайсыз.

— Біздің кезде мемлекеттік облигациялар болатын. Еш нәрсеге басыңды ауыртпайсың. Кез келген сәтте сатып аласың, ақша да бар. Ойындар да ойналатын. Біз әкең екеуміз бірнеше рет 50 сомнан ұтыс тапқанбыз! — деп есіне алды апасы.

— Апа, қазір де мемлекеттік құнды қағаздар бар ғой. Яғни мақсатыңызға қарай таңдасаңыз болады.

— Қалай таңдаймын? Мен сенімді болғанын қалаймын және немерелеріме мирасқа қалдырғым келеді.

— Жеткілікті сома болса, пәтер, саяжай, жер телімін сатып алуға болар еді. Сіздің немерелеріңіз кәмелетке толғанша, қозғалмайтын мүліктің құны өсуі ықтимал деп ойлаймын. Және бұл болашаққа деген нағыз инвестиция болар еді. Сіз сақтандыруды пайдалансаңыз да болады. Сақтандыруды да, жинақтауды да қамтитын өмірді сақтандыру түрлері бар.

— Ал сен ПИҚ-тан басқа қайда ақша саласың?

— Міне, жұбайым екеуміз ерікті зейнеткерлік шоттар ашуды ұйғардық. Ақша судай ағып келеді. Тіпті, міндетті аударымдардан бөлек  табыстың 10 пайызын қартайған шаққа бөлсек те, кейін біз де өз зейнетақымызға ел көріп, саяхатқа шығуымызға да болар еді. Штаттардағылар, Еуропадағылар осылай өмір сүреді, біздің неміз кем?

— Солайы солай ғой. Бірақ адамдардың табысы көп болмаса ше? Жинақтай аласың ба?

— Әрине, заңды сұрақ. Бірақ тіпті сіздің зейнетақыңыздан ай сайын 5 мың теңгені күріш салған ыдысыңызға салып тұрса да, бір жылда 60 мың теңге жиналады. Ал осындай соманы ай сайын депозитке салса, үстемеақысы да қосылады. Олар, әрине, таңдап алынған тарифтік бағдарламаға, банктің шарттарына тәуелді, бір-бірінен ерекшеленеді, қосымша 5-6 мың теңге де артықтық қылмайды ғой. Сонымен қоса, жыл аяғына сіз өзіңіздің 60 000 теңгеңіздің үстінен ай сайынғы салымыңызға тең табыс табасыз. Ал жинақталған ақшаны керекті затқа жұмсауға болады. Жай ғана күріш салған ыдысқа немесе төсектің астына жинап, ақшаның басын құрай алмайсың ғой. Әрдайым маңызды бір нәрсе шығады да тұрады. Немесе әдеттегідей, пайдасы жоқ, майда-шүйдеге жаратылып кетеді. Оған қоса, банкте сақтаған сенімдірек. Ақша салу арқылы  табыс табудың басқа да жолдары бар. Біреулерінің ПИҚ пайлары сияқты сомасы көбірек және бір жылдан аса күтуге мүмкіндігі барларға ыңғайлы болады. Бірақ бұл жайлы басқа жолы сөйлесейік. Яғни қазір табыс табудың түрлі жолдары бар. Және табысты мемлекет немесе мүлкі, өнімі, ақшасы, яғни активтері бар компаниялар шығарған сенімді қағаздардан табуға болады. Мұндай мүмкіндіктер жайлы ойланатындар аз.

Бекер айтпайды ғой: көп ақша табу — ерлік, оны сақтап қалу — даналық, ал дұрыс жұмсау — өнер!

А.МЫРЗАҒАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button