Басты жаңалықтар

«Пайда ойлама, ар ойла»

Тікелей желі

Баспасөз үйінде «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі Раукен Отыншиннің ұйымдастыруымен осындай тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді.

Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла!» атты ұлағатты сөзін бағдар етіп алған ашық сұхбатқа ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Алтай Тайжанов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыстық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Қайрат Сабыр және «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Тұрар Қартамұлы қатысып, бүгінгі күннің алдыңғы легінде тұрған келелі мәселелерді талқылады.

Тікелей желіде телефон арқылы қала және аудан тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды, олардың сауалдарына жауап берілді.

* * *

Р.Отыншин:

— Қоғамның ілгері дамуы үшін кедергі болатын жайттар қатарында сыбайлас жемқорлық секілді келеңсіз көріністер алдыңғы қатарда аталады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі: «Сыбайлас жемқорлық — өте күрделі құбылыс. Былай айтқанда, дерт деп те айтуға болады. Батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен міндетті түрде бәріміз қоғам боп күресуіміз керек. Әйтпесе кеш болып қалуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен алып мемлекеттер, ірі мемлекеттер құлағанын бәріміз білеміз, куә болдық», — деп атап көрсетті.

Жалпы ауқымда алғанда, сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды барынша тежейтіні, аяққа тұсау болатыны, сонымен бірге, ең бастысы, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні жиі айтылып жүр. Ең қауіптісі — мұндай жағдай қарапайым адамдардың қоғамның демократиялық негізіне, сеніміне селкеулік түсіреді, әділ заңға сенбеушілік тудырады, нәтижесінде биліктің беделін түсіреді.

Қазақстан Кеңестер одағы кеңістігінде бірінші болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады. Осыдан бес жыл бұрын елімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң және жарыққа шықты.

Мұның барлығы біздің егемен елімізде бұл қауіпті кеселмен күреске ерекше мән беріліп келе жатқанын көрсетеді. Өкінішке қарай, Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл «мысқалдап шығатын кесел» екенін көрсетті.

Сонымен, бұл бағыттағы бүгінгі ахуал қандай, қоғам дерттен қалай арылады, бұл тұрғыдан қандай шаралар жүзеге асырылуда деген сауалдар төңірегінде бәріңізді ортақ әңгімеге шақырғым келеді.

Біздің тікелей желі байланысымыз іске қосылған. Ара-арасында оқырмандарымыздан, жалпы тұрғындардан түскен сауалдарға жауап беруге болады.

2020 жылдың 6 айында Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 63 қылмысты тіркеді, оның 48-і — коррупциялық сипатта, жалпы 52 қылмыс ауыр категорияға жатады.

Ғ.Досанов:

— Біздің өмірлік тәжірибеден байқағанымыз — сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына, жалпы жұрттың осы мәселеге сырт бақылаушы болып қана қоймай, тікелей мүдделілік көрсетуіне байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де ықпалды медиа-ресурстардың кеңінен дамуы жағдайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекетті өрістетудің мүмкіндігі де кеңейіп отыр.

Сыбайлас жемқор, пара алушы немесе пара беруші қайдан шығады? Бұның бәрі, біздіңше, отбасындағы тәрбиеден бастау алады. Әке-шешесінің кезінде көптеген шаруаларды таныс арқылы, біреуге бірдеме беру нәтижесінде оңтайлы шешіп жүргенін байқаған бала санасы сол жайтты жадында сақтап қалары анық. Былай қарағанда, елене бермейтін көрініс. Өкінішке қарай, осындай ескере бермейтін сәттер ертеңгі күні біздің бас қайғымызға айналады.

Ұлы Абай айтқан «Пайда ойлама, ар ойла» тағылымы әрбір жастың санасында берік орнықса, жүрек тазалығы осыдан қалыптасар еді. Өкінішке қарай, бірыңғай пайда ойлау дерті көптеген азаматтардың ұстанымына айналды да, содан келіп қоғамымызда өзгеше мәселе туындағаны қазір ешкімге де жасырын емес.

 

— Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған берік тосқауыл қою қалай болғанда да бірігіп іс-қимыл жасаудың, осы бағытта жан-жақтан шын ниеттен мүдделестік танытудың нәтижесінде мүмкін болатындығын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осы ауқымдағы іс-шаралар бізде қалай жүзеге асуда, соған тоқталсаңыз.

Жолдас Жұманов,

Хромтау ауданы.

Сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстардың ішінде: 21 ұрлық, 25 алаяқтық және 13 пара алу көріністері бар.

Сыбайлас жемқорлық құқық тәртібін бұзудың неғұрлым көп бөлігі жергілікті атқарушы билік органдары (23 дерек) және ішкі істер органдары қызметкерлеріне (22 дерек) тиесілі.

Ғ.Досанов:

— Шынында да солай. Әйтпесе бірі қашып, бірі қуып немесе бірі жасырынып, бірі аңдып дегендей, келеңсіз көріністер орын алатын болса, одан іс өнбейді, қоғам тазармайды.

Сондықтан да біз жергілікті билік органдарымен, басқа да мекемелермен барынша ашық жағдайда байланысқа шығып, өзара сенімділік тұрғысында жұмыс істеуге ұмтыламыз.

Осы бағытта Ақтөбе қаласы әкімдігімен іскерлік бағытындағы алғашқы қадамдар жасалды деуге болады.

Мәселен, биылғы сәуір айында «Antikor ortalygy» сервистік орталығында «ANTIKOR LIVE» жобасы аясында Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровпен бірге тікелей эфирге шықтым. Шара барысында мен шаһар басшысын департамент қызметімен жан-жақты таныстырып, жаңа сервистік орталық туралы хабардар еттім.

Ал Асхат Шахаров болса әуелі карантин уақытындағы қаладағы ахуалды баяндап, тұрғын үйлер аумағын дезифекциялау, жол жөндеу, азық-түлік бағасын ұстап тұру тұрғысында сөз қозғады.

Әлеуметтік желілерде жинақталып қалған тұрғындардың сұрақтарына жауап бердік. Бұл арада айтайын дегенім, біз үшін маңыздысы — жұртшылықпен ашық әңгіме орнатуға қол жеткізу, олардың билікке, құқық қорғау органдарына сенімін орнықтыру.

Біз тікелей эфир барысында көпшіліктің көше жолдарының сапасына ренішін байқадық. Сондықтан да мен сөз ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық департаменттің жанынан нақ осы мәселеге қатысты арнаулы мониторингтік топ құрылғандығын, оның жұмысына «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» кәсіпорнының Ақтөбе облысы бойынша филиалы өкілдері тартылғанын жеткіздім.

Бұл бірігіп атқарылған жұмыс өз нәтижесін көрсетті де. Арнаулы топ бірнеше учаскеде асфальт жол жабындыларының сапасыздығын анықтады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент тарапынан қалалық әкімшілікке тексеру нәтижелері жолданып, мониторинг бойынша ұсыныстар берілді.

Осы мәселе бойынша қала әкімі тікелей эфирде бүгінгі күні жол сапасының өткір проблемаға айналып отырғандығымен келісті. Ол көпшілікке 2020 жылы қала көшелерінің 170 километр жолдарын жөндеуге бюджетте қаржы қаралғандығын мәлімдеп, алдағы уақытта да «Antikor ortalygy» алаңында қандай да тақырыпта болмасын, ашық әңгімеге даяр екенін білдірді.

Міне, бірлесіп жұмыс істеу деген — осы.

Сыбайлас жемқорлық зардаптарынан белгіленген зиянның жалпы сомасы 596 миллион теңге құрады, оның 556,2 миллион теңгесі орнына қайтарылды.

— Әлем бойынша орын алған қауіпті дерттің — коронавирустың таралуы қоғамда көптеген алаңдаушылықтар тудырды. Сондай қиын кезеңде келеңсіз құбылыстардың орын алғаны да жасырын емес. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?  

 

Ғ.Досанов:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарына берілген тапсырмасына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жанында дәрі-дәрмек бағасын заңсыз асыру және гуманитарлық көмектің уақтылы және әділ бөлінуін бақылау бойынша жұмыс тобы құрылды.

Бұл жұмыс тобына департамент қызметкерлері, «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, арнайы мониторингтік топтың өкілдері, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары енген болатын.

Егер нақты деректермен баяндайтын болсақ, жұмыс тобы тарапынан 21 мониторинг жүргізіліп, аталған жұмыстармен 9 аурухана мен провизорлық госпитальдер, 66 дәріхана, 15 дәрі-дәрмек сақтау қоймасы қамтылды.

Осындай шаралар нәтижесінде 17 бұзушылық анықталды. Оның ішінде дәрі-дәрмектің шекті белгіленген бағасын асыру бойынша 12 дерек анықталды. Төрт медициналық препараттарды заңмен белгіленген орындардан тыс жерлерде сату және бір ресми тіркелмеген препаратты сату фактілері біздің назарымызға ілікті.

Жұмыс тобы анықтаған дәрі-дәрмек бағасын асыру деректері бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті дәріхана қожайындарына қатысты 11 әкімшілік іс қозғап, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 7 945 080 теңгені құрады.

Атап айтатын болсақ, қысылтаяң уақытта сырқат жандар үшін ауадай қажет болған клексан-4000, тамифлю, ровамицин, сумамед, парацетамол, лидокоин гидрохлориді, аскорбин қышқылы, нимесил, гепарин, линекс, меропенем сынды препараттардың бағасы шекті бағадан асырылып сатылған.

Сонымен қатар шетелден келіп жатқан гуманитарлық көмектің ақылы жүзеге асырылуына жол бермеу және денсаулық сақтау мекемелерінің арасында әділ әрі тиімді бөлінуіне бағытталған мониторингтік жұмыстар жүргізілді. Жұмыс тобының өкілдері келген әр тауарға арнайы штамптар қойған болатын.

Жалпы, бүгінгі күні Ресей, Қытай Халық Республикасы, Түркия, Өзбекстан, Грузия, Польша, Катар, Израиль мемлекеттерінен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан келген гуманитарлық жүктерге мониторинг жасалды.

Бұл шараларды бірыңғай сенбестіктен жасалды деуге болмас. Бірақ тұрғындар тарапынан байқалған наразылық, әртүрлі келеңсіз құбылыстардың орын алуы деректері осындай жұмыстар жүргізуге мәжбүр етті.

 

— Қазақта «Алаған қолым — береген» деген тіркес бар. Осы сөздің мағынасын тереңдетіп айтып берсеңіздер. Бір жағынан, бүгінгі күні алу мен беру деген ұғымдарға бірыңғай жемқорлық деген сияқты сезіктене қарайтын болдық қой. 

Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет термині туралы да айтып берсеңіз.

Дина Әуезова,

Ақтөбе.

 

А.Тайжанов:

— Әрине, сыбайлас жемқорлық деген жақсы емес. Алайда біздің қазақы қалпымызды, қашаннан қалыптасқан салт-дәстүрімізді түгелдей соның аясына сыйдырып, дүниені тарылтып та жіберуге болмайды. Әр нәрсенің реті бар.

Қазақта көрімдік беру, сүйінші сұрау, басқа да әртүрлі ағайын арасын жақындататын жақсы дәстүрлер бар. Оларды сақтауымыз керек.

Ал «Алаған қолым — берегенді» қызмет бабында пайдалануға болмайды. Бұл өзіңнің есебіңнен емес, мемлекеттің есебінен мырзалық жасауға келіп тіреледі.

Менің жеке пікірім, сыбайлас жемқорлық деген ұғымның өзін қолдамаймын. Оны коррупция күйінде қалдыру керек.

Латын тілінен тікелей аударғанда қызметтік лауазымды пайдалана отырып, оны жеке мүддеге пайдалану дегенді білдіреді. Мұндай қауіпті дерт мемлекеттік басқару жүйесін бұзады, экономиканың дамуына шектеу қояды, әсіресе, экономика саласында ұйымдасқан қылмыстың өсуіне жол ашады.

Коррупция қоғамның түп-тамырын шайқалтады. Бізде коррупцияны пара берумен жиі шатастырады. Пара деген ол басқаша. Пара алған адам қазақта жүзіқаралыққа жақын бағаланады.

Еліміздің заңдарын жетік білу, жалпы қабылданған адамзаттық әдеп нормаларын сақтау, азаматтардың бойында заңға бағынушылық сезімін тәрбиелеу — кез келген мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің бір бөлігі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруда неғұрлым жетістіктерге қол жеткізген елдердің тәжірибесі көрсеткендей, қоғамда адамгершілік-этикалық деңгейде сыбайлас жемқорлықты қабылдамауды қалыптастыру неғұрлым тиімді ұстаным болып табылатынын көрсетті.

Біздің елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті басымдыққа ие қоғам қалыптастыру үшін не істеу керек? Меніңше, қоғамда мұндай құқықбұзушылықтарға моральдық «иммунитет» қалыптастыру қажет. Құқықтық құндылықтарды елемеу, заң мен тәртіпті құрметтемеу қылықтарына негізделген құқықтық нигилизмді жойған жөн. Бұл біздің бәріміз бірігіп атқаратын шаруалардың бір желісі ғана.

Коррупцияланудан құтылудың бір жолы меритократия принципін өмірге кеңінен енгізу деп білемін.

Дарынды және еңбекқор адамдарға еркін бәсекелестік жағдайында жоғары қоғамдық мәртебе иеленуге мүмкіншілік беретін алғышарттарға ие бұл қадам қызметкерді тазалыққа бейімдейді. Ол өз еңбегімен, маңдай терімен қол жеткізген биіктігін сақтағысы келеді.

Меніңше, білімділік мәселесі бірінші кезекте ескерілуі тиіс. Одан кейін тәрбие беру жағын ұмытуға болмайды. Кәсіпті игеру, ынтымақтастық болуы шарт. Солардың бәрінен ең жоғары тұратыны — ұлттық сананы көтеру.

Ал егер сөзімді ұлы Абайдың айтқанымен түйіндесем:

Адал жүріп, адал тұр,
Счетың тура келуге.

 

Облыста сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін 36 адам жауапкершілікке тартылды, оның үшеуі — облыстық және қалалық деңгейдегі басшылар.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасарына және облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Р.Отыншин:

— Мен Ғалымбек Нұрмыханұлының әңгімесін толықтыра кеткім келеді. Бізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штаб өз жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Мен осы штабтың мүшесі ретінде бірқатар жоспарлы шараларға қатыстым.

Мәселен, кешегі бір қиындау күндері «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен облысымыздың шалғай өңірлері — Байғанин және Шалқар аудандарының ауруханаларына «Armed» оттегі концентраты аппараттары табыс етілді.

Жалпы сомасы 3 миллион теңгеге жуық қаражатты құрайтын бұл аппараттар, негізінен, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің волонтерлері және қоғам белсенділерінің қаражатына алынды.

Адалдық алаңының волонтерлері коронавирус инфекциясымен күрес жүргізу барысында тұрақты түрде белсенділік танытып, төтенше жағдай жарияланған тұста облыс орталығынан шығаберісте орналастырылған блок-бекеттердің қызметкерлеріне көмектесіп, сонымен қатар отыздан астам мұқтаж отбасыға азық-түлік пен күнделікті қажетті тұрмыстық заттар жөнінен көмек көрсеткен еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес науқандық шаралармен шектелмеуі тиіс. Біздер аудандарда, мекемелер мен кәсіпорындарда, әртүрлі ұжымдарда жиі болып, жұртшылықпен кездесу барысында көпшілік арасында осы мәселеге қатысты ақпараттық жетіспеушілік орын алғанын байқаймыз. Сондықтан да кейінгі кездері бізде ағартушылық шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.

 

— Биылғы жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент тарапынан нақты қандай жұмыстар атқарылғанын деректермен айта кетсеңіз.

Бақытбек Байменов,

Алға ауданы.

 

Ғ.Досанов:

— Жемқорды анықтап, оны темір тордың ар жағына отырғызу — біздің басты мақсатымыз емес. Алайда қатаң шараларсыз тағы болмайды.

Біздің жұмысымызда қазіргі уақытта басты бағдар — қауіптің алдын алу, сақтандыру. Қалай болғанда да, сыбайлас жемқорлыққа қадам басқан адам басқа да қылмыскерлер сияқты заңға сәйкес жауапкершілік көтеруі тиіс.

Биылғы жылы 8 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді. Барлық анықталған жемқорлық тәуекелдері мен деректерге қатысты оларды жою жөнінде ұсыныстар берілді. Департамент тарапынан әлеуметтік желілерде ауқымды ақпараттық-имидждік жұмыстар жүргізілуде.

2020 жылы қарамағындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін әртүрлі деңгейдегі 16 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Еңбек» кәсіпорнының директоры қызметкерінің 700 мың теңге пара алғаны үшін біздің департаменттің ұсынысымен қызметінен босатылды.

Біздің департаментіміздің қызметкерлері жалпы сомасы 107,9 миллион теңгеге мемлекеттік органдар мен квази мемлекеттік сектор субъектілерінің тауарлар мен қызметтерге бағаны көтеру деректерін анықтады. Өткен шілде айының үлесі ғана — 12,5 миллион теңге.

Көп ретте бұл құрылыс материалдарына, жанар-жағармайға, азық-түлік өнімдеріне, компьютерлік техникаға байланысты.

Жалпы, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қатысты әртүрлі деңгейдегі 63 басшыға қылмыстық іс қозғалды.

 

— Өткен айларда жергілікті дәріханаларда сырқаттар үшін аса қажетті дәрі-дәрмектердің бағасын көтеріп жіберуге не себеп болды, мұндай жағдайдың алдағы уақытта қайталанбауы үшін қандай шаралар қолға алынуда? «СК-Фармация» секілді ірі компанияларда орын алған келеңсіз құбылысқа қалайша жол берілгенін айта аласыздар ма?

Қазбек Оразалиев,

Ақтөбе.

Жыл басынан бері департамент тарапынан құқықбұзушылық жасауға жол ашатын жағдайларды жою бойынша 28 ұсыным берілді. 12 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылып, полиция департаментінің басшы буындағы 8 қызметкері мен жергілікті атқарушы органның қызметкеріне әртүрлі тәртіптік жазалар қолданылды.

Қ.Сабыр:

— Биылғы пандемия, өкінішке қарай, біздің қоғамымыздағы көптеген былықтардың бетін ашты, одан медицина саласы да тыс қалған жоқ. Мұның барлығының себебі, меніңше, қоғамдық бақылаудың жоқтығынан немесе жеткіліксіздігінен.

Мәселен, қоғам сіз айтқан «СК-Фармация» компаниясының қызметін бақылай алатын болғанда, онда әлгіндей жағдайға жол берілмес еді. Өзі монополиске айналып, өз шартын алға тартатын бір компанияға халықтың қомақты қаржысына иелік етуге неге мүмкіндік береміз? Осыдан келіп біз дәріханалардағы баға қымбаттауына тап болдық. Қазірде де байқап жүрмін, бірқатар көрші елдермен салыстырғанда, бізде дәрілердің бағасы бірнеше есе қымбат.

Денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабудың бір жолы — цифрландыруға толығымен көшу. Әртүрлі қағаз анықтамаларды рәсімдеу, еңбекке жарамсыздық қағазын беру сияқты құжаттар толтыру заңды бұзуға жол береді.

Мысал үшін айта кетейін, Балтық бойы елдерінде денсаулық сақтау саласында цифрландыруға көшіп болды, соның нәтижесінде мұндай жарамсыз құбылыстардан да арылды. Әрине, бұған мол шығын жұмсалады, бірақ ол өзін толығымен ақтайды ғой.

Өкінішке қарай, біздің елімізде цифрландыру шараларына деп қомақты қаржы бөлінгенімен, әзірге көріп жатқан тиімділігіміз шамалы. Бұл арада адами фактор ерекше рөл атқаратынын айтқым келеді. Басшы лауазымдарды тағайындаған кезде меритократия принциптерін өмірге батылырақ енгізген жөн.

 

— Бізде құқықтық мәселелерге қатысты қарапайым адамдарға кеңес беретін, көмек көрсететін құрылым іске қосылды деп естідік. Осы құрылым туралы айтсаңыз және ол қалай жұмыс істейді?

Алексей Казаков,

Ақтөбе.

 

Т.Қартамұлы:

— Біздің мақсатымыз — тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтардың мемлекеттік билік органдарына сенімін орнықтыру. Сіз айтып отырған біздің офисіміз тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын бақылау әдісімен тексереді. Біздер азаматтарға құқықтық мәселелер жөнінен кеңес береміз. Олардың құқықтарын түсіндіреміз, осы ауқымда әртүрлі мемлекеттік құрылымдарды ынтымақтастықта бірлесіп еңбек етуге тартамыз.

Мәселен, былтыр «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық офисі аясында облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша жұмыс тобы қызметіне қатысты. Біздер Байғанин ауданының Қарауылкелді, Жаңажол, Миялы селолық округтерінде болып, жиырма бес кездесу ұйымдастырылды. Көпшілік арасында кең ауқымдағы түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әсіресе, тұрғындарды еңбек заңдылықтары, әлеуметтік төлемдер бойынша сұрақтар жиі мазалайтынын білдік. Осындай кездесулердің нақты нәтижесі сол — 29 адам тікелей материалдық жәрдем алу мүмкіндігіне ие болды.

 

Ғ.Досанов:

— Біз жұртшылықпен ашық әңгімеге жиі шығып жүрміз. Сонда байқайтынымыз, көпшілік сын айтуға, кемшіліктерді көруге бейім тұрады. Ол дұрыс, оған қарсы емеспіз. Бізге қажеті де сол. Бірақ сонымен бірге өздеріңіздің ойларыңызды, нақты  ұсыныстарыңызды да білдірсеңіздер дейміз. Сонда шын жанашырлық байқалар еді, біз де бағытымызды айқындай түсер едік.

Бүгінгі кездесуімізді пайдаланып, қалың оқырманға айтарым — бізбен тікелей байланысқа шығып, өздеріңіздің ойларыңызды, пікірлеріңізді ашық айтуға шақырамыз.

Біз біріксек, көп келеңсіз құбылыстың бетін қайтарамыз. Сонда ғана қоғамымыз жаңара, тазара түседі деп ойлаймын.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button