Абай — 175

Виртуалды саяхат ұйымдастырылды

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы мен Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы ZOOM платформасы арқылы «Абай еліне саяхат» тақырыбында виртуалды мәдени-танымдық экскурсиясын ұйымдастырды.

Шараның модераторы болған облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары А.Қырымқұлова әлемдік әдебиет пен мәдениеттің асыл жауһары — Абай туралы мазмұнды ой қозғады. Сонымен қатар онлайн форматта сөз алған Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхананың бөлім меңгерушісі Ж.Мәнжібаева «Абай және кітапхана»  тақырыбында баяндады.

Қашықтан өткен шара барысында Ақтөбе қаласындағы №40 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Күлтанбаева Абайдың әдебиетке қосқан үлесі, ақынның шығармаларының мектепте оқытылуы және оның өлеңдерінің мәні туралы айта келе, жастарды Абай шығармаларын оқуға шақырды. Сол сияқты облыстық кітапхана қызметкері А.Мұқашева «Шын Хакім, сөзің асыл — баға жетпес» тақырыбында кітапханада өткізілген ауқымды іс-шаралар, акциялар туралы, соның ішінде карантин уақытында жастардың өз уақытын тиімді пайдаланып, Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін оқудан белсенділік танытқаны туралы айтып, данышпан ақынның бір өлеңін мәнерлеп оқып берді.

Шара соңында екі облыстың кітапхана өкілдері бір-біріне өзара алғыстарын айтып, алдағы уақытта да байланыста болуына сенімділік білдірді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button