Басты бет » Құқық » «Мотоцикл» шарасы қорытындыланды

«Мотоцикл» шарасы қорытындыланды

5-8 тамыз аралығында облыста «Мотоцикл» республикалық жедел алдын алу шарасы өткізілді. Шара барысында ақтөбелік полицейлер бұған қатысты 206 жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 3 адам мотоциклді мас күйінде жүргізген. 40-қа жуық мотоцикл тұраққа қойылған.

Сондай-ақ түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 5 мотокөлік жүргізушісі жауапқа тартылды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, кәмелетке толмаған балаларға мотоцикл сатып алу қауіпті.

— Кейбір ата-аналар кәмелетке толмаған балаларына көлік (мотоцикл) сатып алады. Бұл көлік құралын уәкілетті органда тіркеуге міндетті, көлік кімнің атына тіркелсе, сол жүргізе алады, оны балаларға беруге болмайды. Балалардың жүргізу дағдылары жоқ, олар жүргізуді үйрететін мектептерде оқымаған, сондықтан олар жолдың жүру бөлігіне шыққан кезде қатты зардап шегуі мүмкін. Мотоцикл пассивті қорғаныс құралдары жоқ көлік құралы екенін есте ұстаған жөн, әрі жоғары жылдамдықта жүреді, сондықтан ол өте қауіпті көлік саналады, —  дейді жергілікті полиция қызметінің бастығы Ардана Саймағамбетов. Сондықтан облыстық полиция департаменті мотоцикл жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жылдамдық режимін бұзбауға, қауіпті маневрлерден аулақ болуға шақырады және мотоциклді жүргізер кезде шлем кию қажеттігін ескертеді.

МАЛ ҰРЛЫҒЫ АЗАЙДЫ

Облыста ұрлық деректері азайды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов айтты.

— Ұрлық —  қылмыстың ең көп таралған түрі. Облыстық полиция департаменті 2019-2020 жылдары бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асырды, нәтижесінде ұрлық деректерінің тіркелуі 2 есеге төмендеді. Былтыр осы уақытта 4236 дерек тіркелсе, биыл 1899 дерек тіркеліп отыр, — деді ол.

Оның айтуынша, пәтер ұрлығы 50%-ға дерлік төмендеген (801-ден 403-ке дейін), мотоцикл ұрлығы 72%-ға (22-ден 5-ке дейін), ұялы телефондар ұрлығы 2 есеге (1409-дан 654-ке дейін) және мал ұрлығы 47%-ға төмендеді (133-тен 70-ке дейін).

Ұрлықтың алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халыққа күзет дабылы құралдарын орнату, ауылдық жерлерде мал жаюды ұйымдастыру қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа тоқсан сайын «Пәтер», «Мал ұрлығы» секілді жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі.

Мал ұрлығына «жол беріп» отырған жайт —  жайылымдарда малдың қараусыз қалуы, көптеген ауыл тұрғындары түнде далада малды қараусыз қалдыруы.

Сонымен қатар патрульдік полиция қызметкерлері еріктілермен және блогерлермен бірлесіп, қалта ұрлығының алдын алу мақсатында тұрғындарға қоғамдық көліктерде, аялдамаларда өздерінің мүлкіне мұқият болу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қалта ұрыларының бейнелері бар плакаттарды жапсырады.

Облыстық полиция департаменті деректері бойынша әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.