Ауыл

Қос жанарынан айырылған Аятолла жары Жаңылсынмен бірге мал өсіріп отыр

Кәсіп

Оймауытта туып-өскен Аятолла Әбдірашитов қазір Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде тұрады. Әскерден келген кезінде осы орталықтан жер алып, үй салып алуды ойлаған. Алайда…

2012 жылы мұнай компанияларында жұмыс істеп, табыс тауып жүрген кезінде тек

жазғы сарай салып алып, ішіне газ кіргізуге ғана үлгерген. Себебі бұған дейін де

қызарып, ауырып, мазалап жүрген екі көзі көрмей қалады. Әрине, қос жанардың

нұрын қайта қалпына келтіремін деп бармаған жері, баспаған тауы қалмайды.

Облыс орталығына, көрші Ресейге барады. Үміттеніп, көзге қатысты қандай ем,

шара бар, бәрін көруге тырысады.

Бірде көрші ауылдың жігітінің Үрімшіге барып, көзі көріп келгенін естіп, сол арқылы

Қытай еліне де жол тартады. Бір көзіне ота жасалады. Мамандар тым құрыса

бір көзді аман алып қалуға болатынын айтады, алайда ол қытайлық профессорлардың алдына қолы қысқа болғандықтан қайта бара алмапты.

Халыққа өзі сөз арнап, бейнежолдау жасап, көмек те сұраған. Алайда қажет қаражатты жинай алмапты. Оның үстіне ағайын-туыстары бұл әрекетін құптай қоймаған.

Ерік-жігері мол, өмірге құштар Аятолла 2011 жылы Қарауылкелдінің қызы Жаңылсынға үйленеді. Бір жылдан соң тұңғышы — Айымторы дүниеге келеді. Айтпақшы, жеке кәсіпкерлігі де осы қызының атымен аталады. 2014 жылы «көзінің нұры қайтып келсін» деген ырыммен қызының атын Нұрдана қойыпты.

— Өз үйімнің ауласында өздігімнен жүріп-тұра аламын. Ал үйден шығар болсам, жанымда үнемі келіншегім жүреді. Оның үстіне келіншегімнің мамандығы — медбике. Ал өзім Ақтөбедегі политехникалық колледжді бітіргенмін. Бірақ мен, негізінен, мұнай компанияларында жұмыс істедім. Содан күтпеген жерден көзім көрмей қалып, көп шаруам аяқсыз қалды. Шүкір, жалғыз емеспін. Ата-анам бар, қамқор інім Әнесхан мен келінім Бану бар. Отбасым бар, бәріне үлгеріп жүрген келіншегім бар, қызғалдақтарым бар. Бәрі қамқор, жанұшырып көмектеседі. Алайда үйде қол қусырып, қарап отырғым келмеді, — дейді I топтағы мүгедек Аятолла Әбдірашитов.

Бұрын бауырлары Әнесхан, Алтынгүл мен Әсемге қамқор боп жүретін ол қазір өзіне де қарай алмайтынына қынжылады. «Көнеміз ғой, қайтеміз, көнбегенде» дейді өзін қайраған күлкімен жан жарасын білдірмеуге тырысып.

Жан-жақты, көпшіл, адамдармен тез тіл табысқыш жігіт ауыл тұрғындарынан мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіп ашуына септігін тигізетін мемлекеттік бағдарлама туралы естиді. Сөйтіп, келіншегі екеуі аудандық жұмыспен қамту орталығына барады. Мамандар кеңесіне құлақ түріп, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша бір айлық курсты оқып алады. Жары Жаңылсын екеуі мал өсіруге қатысты бизнес-жоспар құрады. Нәтижесінде мемлекеттен берілетін 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Оған екі сиыр сатып алады. Қазір «Айымторы» кәсіпкерлігінің малдары Оймауытта жайлауда жүр. Ата-анасы, інісінің отбасы сол Оймауытта тұрады. Малға солар қарайды.

Аятолланың арманы — кәсібін үлкен шаруашылыққа айналдыру, сондықтан да алдағы мақсаты — жыл өткен сайын мал басын көбейте беру. Ауыл баласы  қазақтың ризық-несібесі мал шаруашылығында деп есептейді. Әрі мал ұстаса, дастарқанның берекелі болатынын да біледі.

Ақ таяқпен дүниені түртіп оятып жүрген жігіт өмірге ғашық, бала кезінен өлеңге құмар. Әңгіме соңында арқаланып сөйлеген Аятолла: «Білесіз бе, мен өлең де шығарамын, — деді. — «Әзіл әлеміндегі» өнерпаздардың бірі Қайрат Әділгерейұлының келіншектер туралы айтатын монологін естідіңіз бе? Соны естіген соң мынадай өлең шығардым, тыңдап көріңіз…» — деген Аятолла Әбдіразатұлы мына өлеңді оқып берді. Сіз де оқып көріңіз, оқырман!

Сонда сенің сұлулығың кім үшін?

Шын өзгеріп барасың-ау қапыда,

Үйің — үңгір, көше, жұмыс — сахна.

Түрленесің түзге шығып кетерде,

Кіржиесің келген сәтте қасыма.

 

«Мынау кімнің келіншегі жайнаған?»,

Деген пікір айтса болды айналаң.

Ерте тұрып жұмысыңа кетерде,

Шыр айналып, шыға алмайсың айнадан.

 

Ойланып көр, осы өзіңе пайда ма?

Әйел — намыс, еркек үшін қайда да.

Кеш батқан соң қасыма кеп жатарда,

Тым құрыса бір қарашы айнаға.

 

Қыз шағыңда тек мен үшін түрлендің,

Өзіңді іздеп, күндіз келдім, түн келдім.

Қарсы алушы ең гүлдей жайнап, құлпырып,

Таңғаламын, сонда қалай үлгердің?

 

Мұндай қылық жоқ еді әдет-ғұрыпта,

Шариғатта не делінген? Ұмытпа!

Күйеуіңнің көзіне емес, маңызды

Сұлу болып көріну ме сыртқа?

 

Соны ойласам, тарылады тынысым,

Сонда сенің сұлулығың кім үшін?

Отбасыңа жылуы жоқ, нұры жоқ

Өйткен сенің сұлулығың құрысын!

P.S. Аятолланың жағдайына алаңдап, көмектескіңіз келсе, қол ұшын берем десеңіз, газет сайтына пікір қалдырыңыз.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button